Приозёрск қаласының мерейтойына 20 мыңнан астам адам қатысты
Приозёрск қаласы 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Қала әкімдігінің мәліметінше, екі күнге созылған мерекелік іс-шараларға 20 мыңнан астам адам қатысты.

Мерейтой аясында «Біз біргеміз» шеруі, спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, театрландырылған қойылымдар және концерттер өтті. Сондай-ақ «Bauyrsaq Party» акциясында қонақтарға 700 келі бауырсақ ұсынылды.
Салтанатты шарада қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, қала әкімінің гранттары табысталды. Сонымен қатар, қала тарихына арналған өлкетану жинағының таныстырылымы да өтті.
Қалада бүгінде кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй қорын жаңғырту және туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Балқаш көлінің жағалауында жаңа қоғамдық кеңістіктер мен демалыс орындары ашылып, биыл 30 мыңнан астам турист қабылдау жоспарланған.
Қала әкімі Мансұр Ахметовтің айтуынша, қаланы дамытуда инвестициялар мен жаңа жобаларды қолға алып, туристер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау маңызды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



