“Қарағанды-Жезқазған” автожолының құрылысы 2029 жылы аяқталады
“Жаңа Қарағанды – Жезқазған” республикалық автожолының Жаңаарқа ауданынан Қарағанды бағытына қарай созылған бөлігінде құрылыс жұмыстарының дайындық кезеңі қарқын алды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қазір мердігер ұйымдар болашақ трассаның негізін әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жаңа республикалық маңызы бар автожолдың жалпы ұзындығы – 457 шақырым. Оның 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді. II техникалық санаттағы екі жолақты жаңа трасса қолданыстағы жолмен қатар салынып, заманауи қауіпсіздік талаптарына сай болады.
Қазіргі уақытта жол бойында құнарлы топырақ қабаты алынып, жол төсемінің негізі жоспарланып, нығыздалуда. Сонымен қатар, геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вахталық қалашықтар мен өндірістік базаларға арналған алаңдар дайындалып, құрылыс техникасы мен мамандар кезең-кезеңімен жұмылдырылуда.

Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ. Құрылыс DBM (Design–Build–Maintain) моделі бойынша жүзеге асырылады. Бұл жүйе мердігерге жобалау мен құрылыс жұмыстарынан бөлек, жол пайдалануға берілгеннен кейінгі жеті жыл бойы оны күтіп-ұстау міндетін жүктейді. Мұндай тәсіл құрылыс сапасын арттырып, жобаның мерзімі мен шығындарына қатысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
“Қарағанды – Жезқазған” автожолын жаңғырту еліміздің көлік инфрақұрылымындағы маңызды жобалардың бірі. Жаңа трасса іске қосылғаннан кейін орталық, солтүстік және оңтүстік өңірлер арасындағы көлік байланысы жақсарып, жол жүру уақыты қысқарады, қозғалыс қауіпсіздігі мен автожолдың өткізу қабілеті артады.
Автокөлік қозғалысы дайын болған учаскелерде кезең-кезеңімен ашылады. Ал, жобаны толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



