Жаңалықтар

Білімі терең діндар жан

Серік Ілиясұлы Молдахмет немересінің дін жолына түсуі саясаты солақай партияның діндарларды қудалау кезеңіне келген. Ол үлкендердің тәлімімен діни сауатын ашты. Молдаларды қуғындау тұсында сол қуғын құрығына ілігіп кетпеу үшін сәждеге жасырын бас иді. Пайғамбар ілімі һақ екеніне көзі жеткен Секең барлық кедергіні жеңе отырып, діни сауатын тереңдете түсті. Сол бір кезеңдегі естелігіне үңілсеңіз, жас намазханның дінге шын берілгенін іштей сезесіз.

Осы ілімді өз бойында ілгерілету мақсатымен қашан да қаламыздағы Балақажы мешітінде намазхандармен бірге болып, сонда пеш жағып, күл шығаруға дейінгі жұмыстармен айналысқан. Және бір ерекшелігі, жас жігіттің өнерге деген қабілеті ерте оянған. Сондай қабілет оны Ленинградтың өнер оқу орнына жетелеуі де кездейсоқ емес. Суретшілер бөлімінен алған мамандығы түбінде қажетіне жарады. Ол ұлы Қадырмен екеуі бұрынғы өздері болған мешіттерді көркемдеуге атсалысты.

Секеңнің актерлік таланты да болды. Ол Қарағандының «Ескі қаласында» алғаш ашылған өнер ордасы қазақ драма театрында біршама спектакльдерде ойнап, кейбір рольдерді сахнаға шығарды. Кейде Сәкен Сейфуллин есіміне ие болған жаңа қаладағы театрда атышулы актерлермен бірге қала жұртшылығына өз өнерін көрсетті.

Сол бір қарбалас шақта қаламыздың ортасынан ашылайын деп жатқан дін ордасында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оны салып жатқандармен танысып, мешітті көріп, Серік Ілиясұлының басқарушылығына риза болып, оған «Жигули» жеңіл машинасын сыйға тартты. Сайып келгенде, Секең сол жаңадан ашылған мешітке имамдығына лайық еді. Алайда, кейбір көреалмастардың әрекетімен ол Майқұдықтағы Балақажы мешітінің наиб-имамдығынан асалмады. «Қызмет – қолдың кірі» дегендей, Секең оған да налыған жоқ. Тоқмейілсіді, тәубе деп жаңа міндетін мінсіз атқарып жатты. Бірақ, Балақажы мешітінде Секеңді сол қызметтің өзінде орынсыз деп айыптаушылар табылды. Тырнақ астынан кір іздеп, себепсіз бетке басу басталды. Тіпті, намазға кірген сағаттардың өзінде оған алдыңғы қатардан орын бермей, шеттетіп, кейін шегіндіруге дейін баратын әдеттер етек алып кетті.

Сонда не үшін десеңізші?! Титтей де кінәсі жоқ, байыптай келсеңіз. «Екі көздің арасында мұрын болмаса, олар бірін-бірі шұқиды» деген, сірә, бекер айтылмаса керек. Өз айтуы: «Бұл нағыз барып тұрған көреалмаушылық. Әйтпесе, басқа қандай ұйғарымға жатқызуға болады мұны. Ешкімнің жолын көлденең кесіп өткен жоқпын. Үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеймін. Жаратқан Иеміздің ешбір пендесіне жамандық жасаған жоқпын. Біреудің жетістігін көре алмасаң, тұз жала деген бар ғой. Бұл бәтшағарлар тұз жалап мауқын неге баспайды», – деді Секең сол кезде налып.

Оның шешесі шеркеш деген тау халқымен туыстас. Тамырында нағашылық қаны бар. Діни білімі сол мешітті басқарушылардан артық болмаса кем емес еді. Алайда, оны ешкім елең қылған емес.

Сонымен бірге, Секеңнің шежіре шешендігін де ешкім аузына ілмеді. Ол арғын мен керей шежіресін, өздеріңіз оқып шыққанда сезген боларсыздар, қандай дәлелдікпен сонау бабаларынан жас буынға дейін тарқатқан. «Арғынға алғысым бар айтар» немесе «Елім бар солтүстікте Керей деген» тақырыппен жарық көрген көлемді жинақта руын да білгір таратқан. Солардың ішінде кезінде қандай адамдар қандай атағымен әйгілі болғанын, қандай қызметтер атқарғаны айқын анықталған.  Сайып келгенде көненің көзін көргендей жадында сақтау қабілеті зор тұлға еді. Қазіргі қоғамда мұндай адамдар ілуде-шалуда бір ғана кездеседі. Сондықтан, өз ойымызбен айтқанда, мұндай сирек кездесетін жанды мақтан тұтуымыз керек еді. Міне, сондай инабатты тақуа таяуда арамыздан өтті. Жарқын бейнесі жадымызда берік сақтаулы тиіс. Ол нағыз дін тарланы еді. Өмірінің жиырма жылдан аса мерзімін дін жолына сарп етті.

Қадыр ЖҰМЫШ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button