Ресми

Билік пен бұқара арасындағы көпір

Бұрын бұқара бұйымтайының билікке жетпей, «ұлып жұртына қайтатыны» жиі-тін. Енді ол үрдіс үзілді-кесілді жойылды. Оған дәнекер – Қоғамдық кеңестер. Елбасының тікелей тапсырмасымен пайда болған бұл кеңес мемлекеттік ұйымдарда жұрттың жоғын жоқтайды. Тура мағынасында. Жалпақ ел мен атқарушы органның ортасында алтын көпір болу міндетін мойнына алған Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы оның хатшысы Н.ВШИВЦЕВА брифингте мәлімдеді. Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті бейнемәслихаттың күн тәртібіндегі тақырып осы болды.

2016 жылдың 19 ақпанында облыстық мәслихаттың шешімі­мен Қарағанды облысында құрамында 25 мүшесі бар Қоғамдық кеңес құрылған. Құрамы үш мемлекеттік қыз­метші, алты облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, ал, он алтысы – қоғамдық қызметкерлер мен облыстың Құрметті азаматтарынан жасақ­талған. Құрылғанына бес ай болған Қоғамдық кеңес біраз шаруалардың басын қайырыпты.

Бүгінгі таңда Коғамдық кеңесте бес түрлі комиссия жұмыс атқарады.

Бюджеттік комиссия 2015 жылға арналған облыстық бюд­жеттің орындалысы туралы мәселені қарастырып, бұл туралы тұрғындар мен азаматтық қоғам өкілдерін хабардар етеді. Ал, құқықтық комиссия азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілер жобасын әзірлеу мен талқылауға қатысады. Мәселен, комиссия ҚР Парламентінің Мәжілісіне және ҚР Әділет министрлігіне ұсыныс хаттар жіберген. Хатта айтылғандар толықтай есепке алынған.

Одан кейін азаматтар мен заңды тұлғалардың жүгіну­лерін қарастыратын комиссия. Ол – мемлекеттік бас­қару мен қызметтік этиканы сақтауды, мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығын жетілдіруді, Қарағанды облысы азаматтарының құқықтарын, заңды мүдделерін қорғауды міндетіне алған. Талқыланатын тақырыптар сан алуан. Айталық, денсаулық сақтау, білім, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, еңбек дау­лары, экологияға қатысты мәселелерді Қоғамдық кеңес 2016 жылғы жоспарына кіргізген.

Сондай-ақ, қоғамдық бақылау мен жер реформасы жөнінде құрылған комиссия тағы бар. Комиссия облыс тұрғындарын толғандырып отырған мәселелердің басын қосып, мониторинг жүргізіп отырады. Ұсыныстардың барлығы назардан тыс қалмай, бірқатары қоғамдық тыңдауға енгізілген.

Бұған қоса, ашықтықты ұстанған Қоғамдық кеңес өз қызметінің барысын арнайы ашылған сайтында жария етеді. Атап айтқанда, osko.kz сайтынан алақаныңыздағыдай көре аласыз.

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап, Қоғамдық кеңестің жұмысын жариялап отыратын бағдарламалар шығару жоспарланған. Бұл – өзекті мәсе­ле­лерді талқылауға, ұсыныс­тар жинауға Қарағанды облысының азаматтарын неғұрлым кө­бірек тартуға мүмкіндік береді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button