Бас тақырыпЖаңалықтар

Билеттер қымбаттамайды

Жуырда облыстың Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту, қоғамдық көлік саласындағы инфляциялық үдерістерді тежеу мен тұрғындар қажеттілігін қамтамасыз ету және азық-түлік бағасын тұрақты ұстау мәселелері қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов және қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан басқосуды кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов жүргізді.

Сурет интернеттен алынды.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев ауруханалардың жұмысын ұйымдастыруды өзгертетін кешенді жоспармен таныстырды. Мәселен, облыс орталығының «Оңтүстік-Шығысында» көпсалалы клиника ашылады. Жаңа нысан Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығы, облыстық медициналық орталық және облыстық жақ-бет ауруханасының жұмысын біріктіреді.

– Мұндай бастама түрлі жарақат алған науқастарға қажетті көмек көрсетілетін бірыңғай көпсалалы орталық құруға мүмкіндік береді, – деді Е.Нұрлыбаев.

Құрылысқа кәсіпорынның, облыстық, республикалық бюджеттердің есебінен қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, жеке инвестициялар жұмылдырылады. Бұл медицина орталығында жаңа бағыттар мен технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.

– Мысалы, қазір бізде эпилепсиямен ауыратын науқастар көп, өкінішке орай олар қазіргі заманғы диагностика мен ем алу шараларына қол жеткізе алмай отыр. Осыған байланысты, келешекте біз эпилептология секілді бағытты дамытпақпыз, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Алдағы уақытта Қарағандыдағы облыстық балалар клиникалық ауруханасы, балалар ауруханасы және жақ-бет ауруханасының балалар бөлімі де біріктірілетін болады. Нәтижесінде, облысымыздың түпкіртүпкірінен келетін сырқаттанған балаларды емдейтін көпсалалы балалар стационары ашылады. Басқарма басшысы облыстық клиникалық аурухана, облыстық тері-венерологиялық диспансері, облыстық перинаталдық орталық пен облыстық инфекциялық аурухананы біріктіру жоспарын да сөз етті. Мұндай бастамалар емделушілерге бір ғимаратта кең ауқымды медициналық қызмет спектрлерін алып, емдеу ұйымдарының дамуына да оң ықпалын тигізеді деген болжам бар.

Қоғамдық кеңестің отырысындағы екінші мәселе де өзекті. Қоғамдық көліктердегі жолақысының құнын тұрақты ұстау мәселесі.

– Жолаушылар көлігі қызметтерінің бағасын өсірмей, бір қалыпты ұстап тұру мәселесінің әлеуметтік маңызы зор. Осы мақсатта жүйелі жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстың жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының өкілі.

Негізінен, облыс бойынша 247 тұрақты бағыт бойынша автобустар жолға шығады. 1664 жылжымалы мүліктің қызметін жүзеге асыруға 61 тасымалдаушы мекеме жұмылған.

100 адамнан асатын тұрғыны бар елді мекендердің 210-ы (62,1%-ы) қоғамдық көлік қатынасымен қамтылған. Сондай-ақ, 70 елді мекеннің халқы облыс аумағында қатынайтын теміржол көлігімен 8 әлеуметтік бағыт бойынша жолға шыға алады. Бұған тәулік сайын облыс аумағы арқылы жүретін 30 жолаушылар пойызын қосыңыз.

«Сарыарқа» халықаралық әуежайы арқылы 4 халықаралық, 3 облысаралық және 1 облысішілік авиабағыт жүйелі жолға қойылған.

Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау өңірлері халқының сұранысы бойынша биыл облыстық бюджеттен қосымша 236 миллион теңге бөлініп, «Қарағанды-Жезқазған» теміржол бағыты іске қосылды.

Облыс әкімінің тапсырмасына орай, Қарағанды қаласының теміржол вокзалын қайта жөндеу мәселесі де оң шешілді. Бұл мақсатқа 1 млрд. 325 млн. теңге бөлінді.

Әзірге, қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы да тұрақты сақталады екен. Әттегені, қызмет көрсету сапасы көбіне сынға ұшырап жатады. Қалалар бойынша қоғамдық көліктер билеттерінің құнына тоқталсақ, облыс орталығы мен Қаражал қаласында – 80 теңге, Теміртауда – 70 теңге, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев және Саран қалаларында – 60 теңгеден. Приозерск қаласындағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы – 50 теңге.

Кеңес отырысында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов та баяндама жасады. Азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатындағы жұмыстармен таныстырды.

Жиын қорытындысы бойынша, Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын айтты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button