Қылқалам шебері Жанболат Бабаковтың көрмесі өтті
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында талантты суретші Жанболат Бабаковтың «Жұлдыздардың қайта туылуы» атты көрмесі өтті. Көрмеге қаланың зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, бейнелеу өнерін бағалайтын көрермен залға лық толды.
Жанболат Бабаков тек суретші ғана емес, дарынды ақын және сазгер. Көрме Жанболат Бабаковтың сөзіне жазылған «Сурет сыры» әнімен ашылды.
Әнін жазған жерлесіміз – Шыңғыс Мұқаев. Ән таспадан тыңдалды. Туындыны Алаштың аяулы әншісі, марқұм Сейіл Аяған орындаған еді.
– Жалпы, «қарапайымдылық» деген ұғым бар. Ал, осы дүние Жанболаттың бойында тұнып тұр. Қарапайымдылықтың әр жағына үңілер болсақ, үлкен құдірет, үлкен дүние жатады. Осының бәрі суреттерінен көрініс табуда. Адамның сызғанына, жазғанына қарап мінезінің қандай екенін аңғаруға болады ғой. Міне, қылқалам шеберінің суреттерінен де осыны көреміз. Сонымен қатар, ұлттық тұлғалардың ішінен Шәмшіге арнаған туындысы үлкен ой салады екен. Қарап отырсақ, мінезді тұлғалардың бейнесін салады екен. Қазақтың мәшһүр суретшісіне айналуын тілейміз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Айтбай Ботпайұлы.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz