Баспасөздің беделі — билік пен бұқараға ортақ мүдде

Қазанның 4-ші жұлдызы – аймақ баспасөзі үшін айтулы күн. Осыдан 88 жыл бұрын, дәл осы күні «Ortalyq Qazaqstan» газетінің алғашқы саны оқырманға жол тартқан-ды. Тамырын тереңнен алатын басылым заман ағымына орай атауы бірнеше мәрте өзгеріп, талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де, өзінің негізгі бағытынан жаңылмай, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Тарихи деректер басылым негізін қалауға қазақтың көрнекті жазушылары Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Сәттар Ерубаев айрықша үлес қосқанын, 1933-35 жылдары Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин Қарағандыға арнайы келіп, шахтерлер өмірінен шығармалар жазып, редакция қызметкерлеріне елеулі көмек көрсеткенін айтады.

Әр жылдары ұжымда қызмет еткен қаламгерлердің алдыңғы легі қалыптастырған игі дәстүрді бүгінгі толқын заман талабына сай лайықты жалғастыруда. Осының арқасында, «Орталық» өзіндік бет-бейнесін сақтай отырып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді діттеген жеріне жеткізуде, мемлекеттің ақпараттық саясатын кеңінен насихаттауда үлкен рөл атқарып  келеді. Әсіресе егемендігіміздің қалыптасу жылдарында өңірдегі көшбасшы басылым ұлттық мүдде үшін аянбай күрес жүргізді. Сонымен қатар, экономикамыздағы оң өзгерістер, рухани құндылықтар сияқты алтын арқаулы мәселелердің бірде-бірі басылым назарынан тыс қалған емес.

Кейінгі жылдары нарықтың заңдылығына сай, әлемде газет-журналдар қатары біршама оңтайланғаны белгілі. Бұл үрдіс елімізді де айналып өткен жоқ, көптеген газеттер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, біразы интернет-ресурсқа айналды.

Әрине, ақпарат айдынында баспасөздің бәсі төмендеуінің тоқсан тоғыз түрлі себебі бар. Пошта қызметінің заманға сай болмауынан, газет өзінің негізгі оқырманы – ауыл тұрғындарына уақытынан кешігіп жетеді. Бұл – өз кезегінде газет таралымына тікелей әсер ететін фактор. Қағаз бағасының қымбаттауы. Қолда бар деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда қағаз құны 180%- ға көтерілген. Бұл дегеніңіз, баспа бағасының шарықтауына, редакция қоржынының ортаюына ықпал етеді.

Алайда, мұның барлығы жанама әсер деп айтуға болады. Негізгі себеп – ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы, интернет ресурстардың, әлеуметтік желінің кең қолданысқа енуі екені анық. 1995 жылы әлемде шамамен 45 млн. адам интернетке қол жеткізген. Қазіргі күні шамамен 4 млрд. адам – интернет қолданушы (Халықаралық электр байланысы одағының дерегі). Қазақстандықтардың 1 661 300-і – фейсбукте тіркелген, 7 503 000 адам – инстаграм қолданушысы.

Қолында смартфоны бар, әлеуметтік желіге тіркелген кез келген адам қазір ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды.

Алайда, интернет журналистика дамыған сайын оның да олқы тұсы көрініп жатыр. Басты проблема – рейтинг үшін бәсекеде сапасыз әрі тұрмыстық дау-дамай деңгейіндегі ақпараттар көбейді. Ақпараттың ақ-қарасын тексермей жариялау белең алды. Осыған сай, сенімді дерек көзі бола алатын кәсіби мамандардың бағасы күн өткен сайын арта түсуде. Бұл дәстүрлі БАҚтың, соның ішінде газеттің маңызы жоғалмайтынын көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, әлемдегі жағдайға көз жүгірту де баспасөздің қоғамдағы орны әлі де жоғары екенін айғақтайды. Мәселен, Ұлыбританияның ұлттық газеті «Guardian» тəулігіне 200 мыңнан астам данамен жарық көреді. «New York Times-тың» таралымы – тəулігіне 800 мыңнан асады. Қытайдың басты басылымдарының бірі – «China Daily» тəулігіне 200 мыңнан астам данамен жарық көреді. Ал, Жапонияның ұлттық газеті «Asahi Shimbun» 6,2 млн. тиражбен күніне екі рет шығады.

Бұған қоса, қоғамдағы ойлы оқырман дегеніңіздің өзі, ең әуелі, газетжурналдың тұтынушысы. Ол – зиялы қауым, ұстаздар мен ғалымдар, саясаткерлер, ақсақалдар. Бұл тұжырымды газеттің әр нөмірі жарыққа шыққан сайын хабарласып жататын оқырмандарымыздың ой-пікірі нақтылап отыр. Оның үстіне халқымыздың 42.6%-ы ауыл тұрғындары екені, шалғайдағы елді мекендеріміздің біраз бөлігі интернетпен қамтылмағаны ақиқат. Осының өзі баспасөздің өзектілігін айғақтайды.

Яғни, жоғарыда аталғанның барлығы цифрландыру дәуірінде де газеттің жойылып кетпейтінін көрсетеді. Бірақ, баспасөздің ақпарат құралы ретінде формасы мен мазмұны, таралу тәсілдері, тіпті, оқырмандары да түгелімен трансформацияланатынын айтады мамандар.

Бүгінгі оқырман нені қалайды? Халыққа қандай ақпарат жетпей жатыр? Міне, осы мәселелер ұдайы зерттеліп, осыған сай жұмыстар қолға алынуы тиіс. Қазіргі заман жылдамдықты талап етеді. Сондықтан, оқырманды жалықтыратын көлемді әрі бірсарынды мақалаларды азайтуға тура келеді. Яғни, ақпаратты қысқа да нұсқа, тиімді тәсілдермен (кесте, инфографика, модуль) беру маңызды. Салмақты сараптама мен журналистік зерттеу де газеттің басты көзірі болмақ.

Екінші мәселе – дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа қарым-қатынасын тереңдету, газетке оқырман тартуда интернет ресурстарды, әлеуметтік желілерді белсене пайдалану. Контентті оқырманның әртүрлі тобына лайықтап, түрлі форматта ұсыну. Ақпарат таратудың мәтін, мультимедиа, интерактив, ойын, сауалнама сияқты түрлерін тиімді қолдану. Ол үшін, әрине, журналистердің біліктілігін арттыру мәселесін қатар жүргізу қажет.

Тағы бір маңызды мәселе – баспасөзге қатысты түсінікті өзгерту. Яғни, «Газет – тауар» деген қағидамен жұмыс істеу. Кез келген басылымның жарық көргеніне 90-100 жыл толуы оның одан әрі қатарда қала беруіне себеп болмауы тиіс. Газет тауар ретінде сапалы болса ғана, ақпарат кеңістігінде қала алады. Бұл – нарықтың қатал талабы.

Ақпарат айдынындағы орнын сақтап қалуға қамданған басылымдар бұған қазірдің өзінде кірісіп кетті. Солардың арасында ақсақал жасына қадам басқан «Ortalyq Qazaqstan» да бар. Қашанда жақсылықтың жаршысы болған аймақ өмірінің айнасы бұдан әрі де абыройын арттырып, елдіктің насихатшысы ретіндегі жұмысын жалғастыра беретініне сенімдіміз.

Әріптестерімізді, ардагерлерімізді, газетіміздің ормандай оқырмандарын осынау мерейлі күнмен шын жүректен құттықтаймыз!

«Орталық» Алашпен бірге жасай берсін!

Қамбар АХМЕТ