Басқарма бұқарамен жүздесті
Министрліктің тапсырысымен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында ашық есік күні өтті. Негізгі тақырып – «Мемлекеттік органның қызметімен танысу». 50-ден астам қызығушылық танытқан қала тұрғыны келіп қатысып, алған әсерлерімен бөлісті. Қонақтарға көрсетілген қызмет бағыты екі бөлімнен тұрды. Олар – мәдениет және архив. Бөлім басшылары келген тұрғындардың сұрақтарына тұшымды жауап берді.
Айта кетейік, ашық есік күніне келген қонақтар басқарма басшысы Еркебұлан Жұмакеновке де өз сауалдарын қойып, жауаптарын алды.
Сонымен, ғимаратқа кіре берісте вокалдық-аспаптық ансамбль музыкалық композицияларды орындап, қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Ал, қабырғаларға кеншілер астанасындағы көрнекті орындардың суреттері ілінді.
Аймақта театр, хор және вокал, домбыра ойнау, хореография, қолданбалы өнер, домбыра сүйемелдеуімен ән айту, вокалдық-аспаптық ансамбль, балға арналған билер, әуесқой клубтар секілді үйірмелер жұмыс істейді.
Ашық есік күні халықаралық сұлулық күнімен тұспа-тұс келді. Түрлі-түсті костюмдердегі сүйкімді, жалынды және жігерлі әртістердің қойылымдары ешкімді бей-жай қалдырмады. Көрермендер оларды қошеметпен қарсы алды. «Шахтерский» ансамблінің жетекшісі Елена Пашина ансамбльдің «халық ұжымы» атағын 50 жылдан бері мақтанышпен алып жүргенін айтты.
– Біздің ұжым түрлі мамандардан құралған. Олар – кеншілер, бухгалтерлер болуы мүмкін. Біз – бәріміз біртұтас тату отбасымыз. Қатысушылар 18 және 55 жастан асқан жандар. Биыл ұрпақтар сабақтастығы мақсатында дайындық тобын ашуды жоспарлап отырмыз. Біз балаларды 8 жастан бастап қабылдаймыз. Біздің ұжым Қытайда, Үндістанда, Италияда, Испанияда өнер көрсетті, – деді Елена Пашина.
Қала тұрғындары шығармашылық ұжымдардың әр өкілімен жеке әңгімелесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеді.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»