Бас тақырып

Қазақстан аграршыларына қандай несиелер қолжетімді?

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін аграршыларға қаржыландырудың түрлі тетіктері қажет. Мәселен, егін егу науқанын жүргізу, асыл тұқымды мал сатып алу немесе жаңа ферма салу секілді жұмыстар қомақты қаражатты талап етеді. Мұндай жағдайда несие таңдағанда пайыздық мөлшерлемемен қатар, қарызды өтеу мерзімін, қаржыландыру көлемін, шаруашылыққа қойылатын талаптар мен қаражатты қайтару шарттарын да ескерген жөн. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері осы бағыттағы қаржылық қолдауды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ұсынатын бірқатар бағдарлама арқылы ала алады. Аталған бағдарламалар шаруалардың нақты қажеттіліктеріне қарай әзірленген. Атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға, айналым қаражатын толықтыруға, асыл тұқымды мал сатып алуға, тіпті, өндірістік әлеуетті арттырып, шаруашылықты кеңейтемін десеңіз де болады.

Суреттер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ

Себу науқанына – жылдық 5 пайызбен несие

Егіс науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу үшін шаруаларға қажетті қаржыны алдын ала қамдау маңызды. Осы мақсатта «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ұсынатын «Кең дала 2» бағдарламасы агроөнеркәсіп кешені өкілдеріне қолдау көрсетеді. Бағдарлама аясында алынған қаражатты тұқым, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсауға болады. Бұдан бөлек, өңдеуші кәсіпорындарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және өсімдік шаруашылығы өнімдерін сатып алу үшін аванс беру мүмкіндігі қарастырылған.

Бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Қаржы әр транш бойынша 18 айға дейінгі мерзімге беріледі. Ал, кредиттік желінің қолданыс мерзімі 36 айға дейін белгіленген. Қарызды өтеу тәртібі ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдық ерекшеліктеріне бейімделген. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер негізгі борышты екі кезеңмен, яғни 5 желтоқсанға дейін және келесі жылдың 5 наурызына дейін өтейді.

Бағдарламаға қатысу үшін қарыз алушыға бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, шаруашылықтың ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс тәжірибесі кемінде үш жыл болуы қажет. Егер кәсіпорынның жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл толмаса, қаржыландыру алу үшін облыс әкімдігінің қолдауы талап етіледі.

Құрылыс пен өндірісті дамытуға – 15 млрд теңгеге дейін

Ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуді, жаңа нысандар салуды немесе қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды көздейтін кәсіпкерлер үшін «Агробизнес 2.0» бағдарламасы қарастырылған. Бұл бағдарлама шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттырып, агроөнеркәсіп кешенінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту, суару жүйелерін дамыту, қарқынды бау-бақша алқаптарын қалыптастыру, өнеркәсіптік жылыжайлар, қоймалар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салу жобалары қаржыландырылады.

Тікелей қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайызды құрайды. Ал, берілетін несиенің ең жоғары көлемі – 15 млрд теңге. Қаржыландыру мерзімі жобаның мақсатына қарай белгіленеді. Мәселен, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 15 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға төрт жылға дейін несие алуға болады.

Өтінімді қарау барысында жобаның экономикалық тиімділігі мен іске асу мүмкіндігіне баса назар аударылады. Атап айтқанда, кәсіпкердің жобаға қосатын жеке үлесі, инвестицияның негізділігі, өзін-өзі ақтау мерзімі, шикізат қоры мен өнім өткізу нарығының болуы, сондай-ақ қажетті жабдықтар мен жеткізушілердің дайындығы ескеріледі.

Асыл тұқымды мал сатып алуға – жылдық 6 пайызбен

Мал шаруашылығын дамытып, асыл тұқымды мал басын көбейтуді көздейтін шаруашылықтар үшін «Игілік» және «Береке» бағдарламасы ұсынылады. Екі бағдарлама да мал тұқымын асылдандыруға бағытталғанымен, қаржыландыру талаптары шаруашылықтың көлеміне қарай ерекшеленеді. Мәселен, «Игілік» бағдарламасы 100-499 бас ірі қара немесе 500-999 бас ұсақ мал ұстайтын шаруашылықтарға арналған. Ал, «Береке» бағдарламасы ірі мал шаруашылықтарын қолдауды көздейді. Оған 500 бастан астам ірі қара немесе 1000 бастан астам ұсақ мал өсіретін шаруашылықтар қатыса алады. Аталған бағдарламалар бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз. Несие көлемі 5 млрд теңгеге дейін жетсе, қаржыландыру мерзімі жеті жылға дейін қарастырылған. Сонымен қатар, негізгі борыш пен сыйақы төлемдерін өтеу бойынша үш жылға дейін жеңілдік кезеңі берілуі мүмкін. Дегенмен, бұл бағдарламалардың басты ерекшелігін ескерген жөн. Қаржыландыру тек асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталады. Яғни, несие қаражатын тауарлық мал сатып алу мақсатында пайдалануға рұқсат етілмейді.

Қандай бағдарламаны таңдау және нені ескеру қажет?

Несие рәсімдеуге шешім қабылдамас бұрын, ең алдымен, шаруашылықтың нақты қажеттілігін айқындап алған жөн. Яғни, қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатынын, оның көлемін және қарызды қай мерзімде өтеуге мүмкіндік бар екенін алдын ала есептеу маңызды. Сонымен қатар, шаруашылықтың қаржылық жағдайына талдау жасап, қажетті құжаттарды әзірлеу, қарыз алушыға қойылатын талаптар мен кепілдік қамтамасыз ету шарттарын мұқият зерделеу қажет. Қаржыландыру алу кезінде ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс тәжірибесі, кәсіпкердің жобаға қосатын жеке үлесі және оның экономикалық негізділігі де маңызды рөл атқарады.

Ең бастысы, несие бағдарламасын шаруашылықтың нақты мақсатына сай таңдап, қаражатты қайтару мүмкіндігін алдын ала саралау керек. Ал, несие рәсімдеуге кіріспес бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ресми өкілдерінен қолданыстағы пайыздық мөлшерлемелерді, қаржыландыру талаптары мен өтінім беру тәртібін нақтылап алған жөн.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button