Бас тақырыпОблыс әкімі

Бар бағытта бақылау күшейеді

Мемлекеттен көмек алған қандай-ды… Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке ілігіп, байып кетпесе де, бала-шағасының нәпақасы – біраз етек-жеңдері жиналып қалғаны рас. Бірақ, атаулы деп ат қойылып, айдар тағылғанымен, көмекті өз пайдасына жарату мақсатында табысын жасырып, нағыз көмекке зәру жандардың алдын орап кеткендер де бар екен. Мұндайда бөлінген тиын жетпей жатса сол қиын, әрине. Айласын асырғанға арқалатып жібере беретін де тегін жатқан дүние емес. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырып, тіпті, оны алып үлгергендерге тексеру жүргізген. Мәселен, облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген 20 000 адам ішінен 10 мыңнан астамынан ғана өтініш қабылданып, 9 мыңнан астам отбасыға 2,1 миллиард теңгеге әлеуметтік көмек тағайындалған.

«Алаяқтыққа жол жоқ»

Бұл – кезекті аппарат мәжілісінде аймақ басшысы Ерлан Қошановтың айтқан сөзі. Олай деуге де негіз бар. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жеке істерін қарастыратын арнайы топ 6 мыңнан астам отбасын қайтадан тексерістен өткізген. «Бармақ басты, көз қыстылықты» болдырмау мақсатында учаскелік комиссия құрамы да қайта қарастырылып, жаңартылған. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде АӘК тағайындауда қолданыстағы заңнама нормалары анықталмаcа да, 1 сәуірге дейін құжат тапсырғандарға артық төлем төленген жағдайлар болған. Жұмыс тобы анықтаған отбасылар артық алған ақшаны бюджетке қайтарады.

Мониторингтік топ ауылдық жерлердегі атаулы әлеуметтік көмек алатындарды толық тексерген. Нәтижесінде, негізсіз ақша алған 199 отбасы анықталып, 17 отбасы ақшаны бюджетке өз еріктерімен қайтарған. Ал, қайтарғысы келмегендер сот тәртібінде қайтарады.

Әсем Айтжанқызының айтуынша, мониторингтік топ ауылдық жерлердегі жұмысты толық аяқтаған. Қалған жұмыс енді өңірлік комиссияның еншісінде. Тексеру нәтижесі бойынша Қарағандыда – 27, Балқашта – 25, Жезқазғанда – 44 отбасыға әлеуметтік көмек беру тоқтатылған. Ал, жарты миллионға тарта тұрғыны бар Қарағанды қаласынан асып түскен Бұқар жырауда 35 отбасыға көмек беру тоқтатылса, 79 отбасының істері қарастырылуда. Жоғарыда айтылған, негізсіз ақша алған 199 отбасының көпшілігі – осы ауданның еншісінде. Осы орайда, «Енді өңірлерді тексеретін комиссияның жұмысында ши шығатын болса, ісіміз солармен болады» деген аймақ басшысы әкімнің жұмысы осы арқылы бағаланатынын да жеткізді. Тіпті, алаяқтық жасағандар қатаң жазаға ілінуі тиіс дегенді де айтты.

Үкіметтің міндеті – елдің тұрмысын жақсарту. Осы мақсатпен АӘК тағайындау арқылы, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын көтеруді мемлекет өзінің міндетіне алды. Әлеуметтік көмек «тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында» кетпеуі керек. Алу өз алдына, мемлекет жасаған көмекке сүйеніп, аяғынан тік тұрып, тұрмысты одан әрі жақсарту тағы бар.

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың бұған қатысты да өз пайымы бар сияқты. «Масылдықтан арылуымыз керек, ұят, намыс деген болу керек» дейді. Өңірлерге жұмыс сапары барысында «тепсе темір үзетін» жігіт ағасының балалары есебінен күн көру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек сұрай келуі осылай деуге негіз болған тәрізді. «Бұл – түсіндіру жұмыстарының олқылығы» – дейді Ерлан Жақанұлы.

Жұмыс – бар, жұмысшы – жоқ

Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаевтың мәлімдеуінше облыс жастарымен атқарылып жатқан шаруалар – мінсіз.

Жастар жылына арнайы жоспарланған іс-шаралардың негізгі бөлігі атқарылған. Олардың ішінен ерекше бөліп көрсетуге тұрарлығы – «RoboLand-2019» Халықаралық робототехника фестивалі, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны.

Бұдан бөлек, тамыз айында «Jez kıіk» этномәдени мұра фестивалінің шеңберінде ауыл жастарының халықаралық форумы өтпек. Жиынға Ресей, Белорусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және тағы басқа елдердің ауыл жастары қатысады.

Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын тойлау аясында жас жазушылардың республикалық форумын өткізу де жоспарға енген. Форум аясында оқырмандармен кездесу, жас ақындарға арналған шеберлік сағаттары, спорттық сайыстар өткізілмек. «Ассамблея жастары» форумы мен Жас журналистер мен блогерлердің слеті де назардан тыс қалмаған.

Бірақ, «Баяндама аяқталды!» дегеннен басқа мемлекеттік тілде бір ауыз сөз ести алмадық» деген Ерлан Қошанов Нұржан Арғынұлының баяндамасына көңілі толмағанын білдірді.

  • Жастардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде сөйлейді. Сондықтан, олармен өз тілдерінде, түсінікті тілде сөйлесу керек. Бюрократтық тілдегі баяндамамен алысқа ұзамаймыз. Жастар мәселесіне қатысты нақты сандарды көрсету арқылы нақты мысалдар айтылатын баяндама жасау керек. Басты назарды жастардың проблемасын шешуге аудару керек. Басқарма да сол үшін қажет, – деген Ерлан Жақанұлы жастардың мақсатына жетуге жағдай жасау қажеттігін жеткізді.

Мемлекет тарапынан жастардың мамандық алулары мен жұмысқа орналасуы, тіпті, өз кәсіптерін ашулары үшін ауқымды көмектер жасалуда. Ақысыз оқыту, кәсібін ашуға бастапқы қаржы беру өз алдына, оқып жүрген уақытта жол пұлы мен жатын орнына да ақы төленеді. Облыстағы талай кәсіпорын техникалық мамандарға зәру.

Жұмыссыз сабылған ауыл жастары – бұның барлығынан бейхабар. Неге жұмысың жоқ деп сұрай қалсаң, мамандығым жоқ – дейді. Ал, неге мамандық алмайсың? десең, мен оны қайдан, қалай аламын? деп өзіңнен сұрайды. Қазір үш айда мамандық алып шығуға болады. Мәселен, жол жөндеу жұмыстарына 800-ден астам жұмыскер керек екен. Қайда біздің жастар? – деген Ерлан Жақанов Нұржан Арғынұлына жұмыс стилін өзгертуді, жастардың өзімен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

Шынымен жастардың, әсіресе, ауыл жастарының мәселесі көп. Бұл мәселемен бірлесе айналысу керектігін айтқан аймақ басшысы тамызда өтетін форумда облыс жастарының мәселесіне қатысты ашық пікір өткізу қажеттігін айтты.

Айта кету керек, облыста жастар саясаты саласында – тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, білім беру және бос уақытты ұйымдастыру басым бағытта.

Негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлықсыз қоғам

Аппарат мәжілісінде азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыруды мақсат еткен «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы да қарастырылды. Жобалық кеңсе жетекшісі Мәлике Күсенбаеваның айтуынша, жоба мақсаттарына сәйкес, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеттері қалыптастырылған.

Бұдан өзге, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру аясындағы облыста барлығы 121 адалдық дүкені ашылған. Аталған дүкендердің ерекшеліктері – сатып алушы қалаған тауарын алып, ақысын касса аппаратын алмастыратын арнайы жәшікке қалдырады. Мұндай дүкендерді ашу жастардың бойында оң моральдық сапаларды, оның ішінде, адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Сондай-ақ, жобалық кеңсе мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар қатарын да жүзеге асыруда. Оған дәлел «Openspace», «Front office», «Safe-Zone» тәрізді кабинеттердің ашылуы. Мәселен, Шет ауданы мен Осакаров ауданының Молодежный кентінің әкімдері азаматтарды «Openspace» кеңсесінде қабылдайды. Мұндай кеңселер Жезқазған, Теміртау, Қарағанды қалаларындағы бірқатар мемлекеттік органдарда да жұмыс жасап тұр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 8 «Open-space» және 4 «Front office» ашылған.

Жобадан жастар да тыс қалмаған. Мәлике Күсенбаева Ұлытау ауданында өтетін халықаралық форумда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда «Сарыарқа – адалдық алаңы» диалогтың алаңы құрылатынын айтады.

Жобалық кеңсенің бұған дейінгі атқарған жұмыстары – ауқымды. Олардың қатарында еңбекке жарамсыздық парақтарын сату, психологиялық, наркологиялық диспансердің медициналық қорытындысын қолдан жасау, оқушы билеттерін сату жағдайларын жою бар.

Ал, мектептерде «Адал ұрпақ», ал, балабақшаларда «Адал бөбек» курстары енгізілген. Бұлардың барлығы – болашақта сыбайлас жемқорлықсыз қоғамда өмір сүрудің бірден-бір кепілі.

Жиналыс соңында Ерлан Жақанұлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің #Birge#TazaQazaqstan акциясының эстафетасын қолдайтынын, игі іске облыс та өз үлесін қосуы керектігін айтты. Шараға қала және аудан әкімдері қолдау көрсететініне, қоршаған ортаны оңалту мақсатында бірге жұмыс атқаратынына сенім білдірді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button