Руханият

Балпақ іннен шыққан күн

    …Бүгінгі Поволжье, Ресей, Орта Азия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Иран, Қазақстанның құмшауыт пен тақыр жерлерін мекендейтін, ұсақ кеміргіштер тобына жататын, қорқу дегеннің не екенін білмейтін өжет әрі өте сақ тышқанның Балпақ деген түрі болады. Өзі үш-төрт жылдан артық өмір сүрмейді. Жыныстық зеректігі өмірінің екінші-үшінші жылы ғана кемеліне келіп, толыса бастайды. Отызға тарта шөптің түрімен қоректеніп үнемі өсімдік тамырынан ылғал соратындықтан суға да аса құмар емес. Оның аса бағалы жон терісі сәуір айының ортасына қарай түлеп, күн көзіне шығылысып қып-қызыл болып, жанардың жауын алып құлпыра түседі.

Бір қызығы, әлгі мақұлық жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құшағында өткізеді. Құм шыжғырған шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын қандырып, қыс күрмелер күні, яғни 13 наурызда бір-ақ оянады. Соған қарағанда жыл мезгілінің ауысуына байланысты табиғатта болып жататын ерекше өзгерістерді бірінші осы тышқан тұқымы сезетін болса керек. Қысқы ұйқыдан алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, сол күні табиғаттың қандай мінез танытып тұрғанына қарамастан, қыстай жатқан індерінің аузын, ішін толайым тазалап алып, бір-бірімен кісі сияқты көріседі. Егер күн рай жылы болса, сол сәттен бастап тіршілігін жалғастырады. Ал ауаның әліде болса қытымыр екенін байқаса, Балпақ қалыпты әдетімен күн жылынғанша қайтадан көз шырымын алуға кіріседі.

Мұндай табиғи құбылыстарға таң қалуға да болмас. Мысалы, кемірушілер отрядының тиін тәрізділер тұқымдасына жататын, Қазақстанның орманды даласы, шөлді жерлері мен таулы аймақтарында ұшырасатын, терісі аса бағалы, майы халық медицинасында әр түрлі сырқаттарға ем ретінде кәдеге жаратылатын Суыр деген сүтқоректі бар. Солардың өзарасында болатын адам айтса нанғысыз «Суырдың қыз ұзату» рәсімін аңшылықпен айналысатын ағайын білуге тиіс. Қаз қатар тізіліп тұрып ұяластарын ұзатқан сәтте Суырлар адамша қимастық танытатындарын аңшылар әңгіме еткенде оны бей-жай отырып тыңдаудың өзі мүмкін емес. Ал Қазақстанның Жайық, Сырдария, Ертіс, Іле, Шу, Тентекқара, Қобда өзендерінде кездесетін, тіршілігінің көбі суда өтетін, аса бағалы терісінің ерекше жұпар иіс шығаратын қылшықтарынан парфюмерияда қолданылатын «құндыз жұпары» алынатын, су түбіндегі Шамшырақ аталатын ерекше жарық тастың сақтаушысы әлгі кеміргіштер отрядының қатарындағы Құндыз деген тышқан екен.

Сол Балпақтың әлгі ғажайып әрекеті жыл басы Наурыз келгенде ауыл-үйдің айналасын тазартып, кір-қоңдарын жуып, киім-кешектерін қайта жаңартып киетін дала халқының тіршілігіне қатты ұқсайды. Олардың жылдағы осы әдетінен бір танбайтынын білетін және табиғи құбылыстарды қалт жібермей үнемі бақылап жүретін ескерімді ақсақалдар Балпақ іннен шыққан күнді жыл басы дейтін.

Бұған байланысты халық жады да көп нәрсе сақтаған. Ел арасында «байдың ұлы балпанақ» деген сөз қалған. Бұл әлгі тышқан тұқымдастың май басқан, толық, балпиған, қобалақ болмысына сүйсініп айтылған теңеу болса керек. Кешегі аштық зұлматы құрық салған жылдары адамдар Балпақтың етін жеп жан сақтаған. Кіші жүз қазақтары арасында айтылатын «Төртқара, балпағыңды жеп қара» деген қағытпа сөз соның белгісі. Қазір ұмытыла бастағанымен бұрын қазақ тұрмысында Балпаққа қатысты атау, есім тергеу, ойын түрлері де жиі кездесетін. Тоғыз ай мен бір жастың арасындағы топ-толық, дені сау перзентін кеміргіш тұқымдасының баласының атымен «балпанақтай» деп еркелететін қазақ оның ерекше қасиетін ежелден білсе керек. Қазақ балалар фольклорында «Бала, бала – Балпақ Басың неге жалпақ?» деген әзіл аралас жыр жолдары да кездеседі. Жалайырдың атақты биі, көсем, әрі әулиесінің есімі Балпық болуында да бір табиғи үйлесімділік пен заңдылықтың болу мүмкін…

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы.

(Фейсбуктегі парақшасындағы жазбадан үзінді алынды)

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button