АймақҚарағанды

Бала өмірі – зор жауапкершілік

Жаз басталғалы бері балалардың терезеден құлау фактісі жиілеп кетті. Жыл басынан бері облыс көлемінде 15 бала терезеден құлаған. Оның екеуі қайтыс болды. Өзекті мәселе хақында барлық құзырлы органдардың мамандары бірлесіп жұмыс жүргізуде. Алайда, басты себеп – баланың ата-ана қадағалауынсыз қалуында. Осы ретте ата-аналармен де түсіндіру жұмыстары өтіп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг осы мәселе төңірегінде өрбіді.

Сурет school80astana.edu.kz

Облыстық полиция департаментінің мамандары өткен аптада «Қауіпсіз жаз» акциясын ұйымдастырып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын өткізді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Далешов балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу үшін жан-жақты насихат жүргізіліп жатқанын айтты.

– Халық арасында түсіндіру жұмыстары үздіксіз. Бұл ең алдымен, өз балаларының қауіпсіздігі екенін айтамыз. Тұрғындар тарапынан түсіністік бар. Кинотеатрлармен келісім жасалды, әр сеанс басталарда көрерменге арнайы түсірілген әлеуметтік бейнежазба көрсетіледі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қорғаныш құралы орнатылуда. Бүгінгі таңда 187 осындай құрал орнатылды. Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында құрылыс фирмаларымен осындай қорғаныш құралын құрылыс кезінде орнату туралы келісімге келдік, – деді Думан Қайратұлы.

Ол ПИК өкілдері де бұл мәселеде атсалысатынын атап өтті. Көпқабатты үйлерді тексеруде, оларды анықталған бұзушылықтарды жоюда бірлесіп жұмыс атқарады. Мәселен, биыл 3 көпқабатты үй тексеріліп, 50-ге жуық бұзушылық анықталған.

Мамандардың айтуынша, қорғаныш құралының болмауы қандай да бір айыппұл немесе жауапкершілікке тартуға себеп емес. Алайда, баланы қараусыз қалдыру Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127 бабына сәйкес он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

– Мұндай жағдайларда қылмыстық іс қозғалғанымен, ол көп жағдайда тоқтатылады. Бірақ, әкімшілік құқықбұзушылық ретінде жауапкершілік бар. Полиция департаментінің қызметкерлері сәуір-мамыр айларынан бастап, тұрғындар арасында балалар қауіпсіздігі туралы насихат жұмысын үдетті. Ата-аналармен онлайн да, офлайн де жиындар өтті, – деді полиция департаментінің қызметкері Елена Баркина.

Білім беру жүйелерінде де балалардың қауіпсіздігі мәселесі үнемі назарда. Бұл «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында да көрсетілген.

– Білім саласында көптеген шаралар жүргізілуде, – деді облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алма Қаңтарбаева. – Қазір бұл бағдарлама «Адал азамат» болып өзгертілді. Соның аясында қауіпсіздік туралы жинақтар шығып, балалармен сабақтар өткізіледі. Барлығы 130 сабақ әзірленіп, таратылды. Мұндағы басты міндет – тұрмыста немесе қоғамдық орындарда қауіпсіздікті сақтауға, қауіп жағдайында дұрыс әрекет етуге үйрету. Мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде де қауіпсіздік сабақтары үнемі ұйымдастырылып отырады.

Терезеден құлаған балалар Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға немесе облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіледі. Осы мәселеге дәрігерлер де үн қосады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Аслан Теміровтің айтуынша, травматолог, педиатр мамандар кеңес береді. Барлық медициналық мекемелерде қауіпсіздік шаралары туралы жадынама, буклеттер таратылады.
Қауіпсіздік шаралары – бәріне ортақ мәселе. Сөз балалар қауіпсіздігіне қатысты болса, жауапкершілік еселене түседі.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button