Балқаш көлінен шаңғымен өтпек
Норвегиялық зерттеуші, белгілі саяхатшы Уильям БИХОЛТ мұз құрсанған Балқаш көлінің 570 шақырымын шаңғымен жүріп өтпекші.
Саяхатшы өткен айда қазақ географиялық қоғамының қолдауымен шаңғымен Балқашты кесіп өтуді жоспарлаған болатын. Ол аталған қашықтықты жалғыз өзі бағындырмақ. Бүгінде саяхатшы жүру қарқынын күшейте түсті. Алғаш көл бетіне шыққанда бір тәулікте 25 шақырымды еңсеріпті.
Жақында Уильям Бихолт сапары қалай өтіп жатқаны туралы мәлімдеме жасады.
– Бүгін өте қысқа түн болды. Мен жоспарға сәйкес жүріп келемін. Десек те, «Бірдеңені ұмытып кеткен жоқпын ба, ескермеген не қалды?» деп өзіме-өзім сын көзбен қараймын. Көңілім алаңдаулы. Тек түнгі сағат бірде ғана ұйқыға кеттім. Қазір таңғы сағат төрт болса да, өзімді жақсы сезініп тұрмын, – деді саяхатшы.
Қазақ географиялық қоғамы өкілдерінің айтуынша, Уильям Бихолт тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Балқаш көлін шаңғымен кесіп өткен адам болмақ. Ол жүрген бағыт Балқаш көлінің көлденең бөлігін қамтиды. Әзірге, саяхатшы еш көрген қиындық жоқ. Оның жүріп-тұруы «InReach трэкері» арқылы бақыланып отыр.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»