Құрылтай

Саяси реформаның салмақты қадамы

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауыеліміздің жаңа Конституциясында белгіленген саяси модельді іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы маңызды кезеңі. Бұл сайлау жаңа өкілді органды қалыптастырумен қатар, жаңарған сайлау жүйесінің тиімділігі мен конституциялық реформалардың өміршеңдігін көрсететін маңызды саяси оқиғаға айналмақ. Сондықтан, науқанның табысты өтуі дауыс беру күнімен ғана емес, оған дейін атқарылатын дайындық жұмыстарының сапасымен өлшенеді. Бүгінде облыста сайлау учаскелерінің әзірлігі тексеріліп, комиссия мүшелері оқытылуымен қатар, тұрғындарды ақпараттандыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірдегі дайындық жұмыстары дауыс беру күнін ұйымдастырумен ғана шектелмей, комиссия мүшелерін оқыту, сайлаушыларды ақпараттандыру, цифрлық сервистерді енгізу және учаскелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағыттарын қамтып отыр.

Жалпы, облыста сайлауды өткізуге 653 сайлау комиссиясы жұмылдырылса, оның 14-і – аумақтық, 639-ы – учаскелік комиссия. Бұл ретте комиссия мүшелерінің сайлау науқанына қатысу тәжірибесінің болуы да маңызды. Облыстағы 4429 комиссия мүшесінің 96 пайыздан астамы бұған дейін сайлауға қатысқанын ескерсек, өңірде аталған процесті ұйымдастыруда тәжірибелі кадрлар шоғыры қалыптасқанын көрсетеді.

Ал, жаңадан сайланған мүшелер арнайы оқудан өтіп, семинар барысында дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі жағдайларды алдын ала қарастырады.

Осы 4429 комиссия мүшесі жұмысқа кірісетін 639 сайлау учаскесінің 35-і – азаматтардың уақытша болатын орындарында. Учаскелердің басым бөлігі тұрғындардың келуіне және дауыс беру процесін ұйымдасқан түрде өткізуге мүмкіндік беретін білім беру және мәдениет нысандарында. Олар әдеттегідей дауыс беру кабиналарымен, жәшіктермен, ақпараттық және анықтамалық материалдар орналастырылатын стендтермен жабдықталады.

Биылғы дайындықтың басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық мүмкіндіктің кеңейтілуі. Мыңнан астам сайлаушысы бар 349 учаскеде сайлаушылардың тіркелуін онлайн тексеру функциясы іске қосылады. Одан бөлек, арнайы Telegram-бот та бар. Бұл сайлау учаскесін іздеуге кететін уақытты үнемдеп, ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, тұрғындар Senim109 бірыңғай байланыс орталығы және өңірлердегі 14 call-орталық арқылы кеңес алады.

Сайлауға дайындық әр азаматтың өз құқығын еш кедергісіз пайдалана алуымен де бағаланады. Сондықтан, осы кезден мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілгенін айту керек. Яғни, учаскелер қажетті инфрақұрылыммен жабдықталып, әр сайлаушының қажеттілігі ескеріледі.

«Сайлау» ақпараттық жүйесіндегі мәліметке сәйкес, облыста 758 141 адам сайлаушылар тізімінде. Мұның бәрі алдағы саяси науқанды ұйымдастырудағы басты ұстанымдардың – қолжетімділік, ашықтық және жүйеліліктің нақты көрінісі.

Салтанат ІЛИЯШ
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button