«Заң мен тәртіп»: пробациядағы азаматтарға қолдау күшейеді
Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Ал осы қағидаттың өмірде жүзеге асуы тек құқық бұзушылықтың алдын алумен ғана емес, қателік жасаған адамның қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік берумен де өлшенеді. Қылмыстың қайталануының алдын алып, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға жаңа өмір бастауға жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта «Жарқын болашаққа бастар жол» форумында мемлекет, қоғам және бизнес өкілдері ортақ жауапкершілік төңірегінде бас қосты.

Форумда сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманың қоғамдағы заң мен тәртіп қағидатын нығайтудағы маңызына тоқталды.

– «Жарқын болашаққа бастар жол» форумының ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі басқосу пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мәселелерін талқылап, осы бағыттағы өзара іс-қимылды жетілдіруге арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау емес, адамның түзелуіне және қоғамға қайта оралуына мүмкіндік беру екенін ерекше атап өтті. Сондықтан жұмыспен қамту мен әлеуметтік бейімдеу шаралары мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Біздің басты мақсатымыз – әр азаматтың қоғамнан өз орнын тауып, адал еңбек арқылы жаңа өмір бастауына жағдай жасау, – деді облыс әкімі.
Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін көрсетіп келеді. Биыл өңірде 60 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 653 жұмыс беруші қатысты. Пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған 146 жұмыс орны квоталанған. Ал, өткен жылы 539 адамға 47 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Пробациядағы азаматтардың қылмысқа қайта баруы көбіне жұмыссыздықпен, тұрақты табыстың жоқтығымен және қоғам тарапынан сенімнің аздығымен байланысты. Бүгінгі форум тек құқық қорғау саласының емес, әлеуметтік саясаттың да маңызды мәселесін көтерді.

Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және оларжың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы Мұрат Ахметовтың айтуынша, мұндай форматтағы форум елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Форумның Қарағанды облысында ұйымдастырылуы да кездейсоқ емес. Өңірде республикадағы түзеу мекемелерінің ең көп бөлігі шоғырланған. 1990-жылдары еліміздегі түзеу мекемелерінде 95 мыңға жуық адам жазасын өтесе, бүгінде бұл көрсеткіш 38 мыңға дейін төмендеген. Осы кезеңде 14 түзеу мекемесі жабылып, бас бостандығынан айыру жазасы негізінен ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға ғана қолданылатын жүйе қалыптасты. Соның нәтижесінде бүгінде түрмеде отырғандар барлық сотталғандардың 30 пайызынан аспайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір жылдың ішінде елімізде екінші рет рақымшылық жасалып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылатындардың саны артқан.

– Жыл сайын пробация қызметінің есебінде 60 мыңға жуық азамат болады. 2026 жылғы 2 наурыздан күшіне енген. Құқық бұзушылық профилактикасы туралы Заңға сәйкес, түзеу мекемелерінен босатылған азаматтардың барлығы автоматты түрде әкімшілік қадағалауға алынады. Сондықтан оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті, – деді Мұрат Ахметов.
Пробациядағы азаматтардың басты мәселесі – жұмысқа орналасу мен қоғамға бейімделу. Тұрақты табыс пен кәсіптің болмауы көп жағдайда адамның қайтадан қателікке бой алдыруына себеп болады. Форумда жұмыспен қамту, кәсіптік білім алу, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету мәселелері кеңінен талқыланды. Осы бағытта мемлекет пен кәсіпкерлердің өзара әріптестігін күшейту қажеттігі айтылды.

– Біз бүгін тек заң талаптарының орындалуын ғана емес, кезінде қателескенімен, өмірін өзгертуге дайын адамдардың тағдырын талқылап отырмыз. Пробация – бұл жай ғана жазаны өтеу емес, мемлекеттің адамға деген сенімі және оған берілген екінші мүмкіндік. Ол азаматқа отбасын, жұмысын және қоғамдағы орнын сақтап қалуға жағдай жасайды. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндікті бәрі бірдей пайдалана алмайды. Биылдың өзінде пробация есебінде тұрған 100-ден астам адам сот талаптарын бұзғаны үшін қайтадан бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді. Бұл – жай ғана статистика емес. Әрбір санның артында адам тағдыры, отбасының үміті және жіберіп алған мүмкіндік тұр. Мемлекет мүмкіндік береді, бірақ оны пайдалану әркімнің өз жауапкершілігіне байланысты, – деді Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев.
Форумда көтерілген мәселелердің өмірдегі маңызын пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың өздері де атап өтті.

– Бұл форумға алғаш рет қатысып отырмын. Осындай шараның қалай өтетінін көріп, мүмкіндіктерімен танысқым келді. Кезінде қателік жіберген адаммын, бірақ бүгінде заң талаптарын сақтап, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүріп жатырмын. Мұндай форумдар пробация қызметінің есебінде тұрғандар үшін өте қажет. Олар адамдарға дұрыс жолдан таймауға, қоғамға қайта бейімделуге және алға ұмтылуға мотивация береді. Өзім де жұмысқа орналасу кезінде біраз қиындық көрдім. Екі айдай жұмыс іздедім. Ең қиыны – жұмыс берушілердің сотталғандығы туралы анықтама сұрауы. Пробацияда есепте тұрғаныңды білгенде көзқарастары өзгеріп, көбіне «хабарласамыз» деген жауаппен шығарып салады. Сондықтан, бізге осындай қолдау өте маңызды, – деді Рахат Жиенқұлов.
Форум аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қатысушыларға түрлі мекемелер мен кәсіпорындардағы вакансиялар ұсынылды. Мамандар құқықтық кеңес беріп, кәсіптік оқуға жолдамалар табыстады. Бұл – қағаз жүзіндегі бастама емес, нақты адамның өміріне әсер ететін қадам. Өйткені қайта әлеуметтенудің ең сенімді жолы – еңбекке араласып, қоғамнан өз орнын табу. Шара қорытындысында қайта әлеуметтендіру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мен кәсіптік оқыту ісін жүйелі жүргізуге бағытталған.
Пробация – жазаны өтеудің соңғы кезеңі емес, жаңа өмірдің алғашқы баспалдағы. Ал, сол баспалдақтан сүрінбей өту үшін мемлекет, жұмыс беруші және қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана екінші мүмкіндік нақты нәтижеге айналады. Қарағандыдағы форум осы жауапкершіліктің ортақ екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



