Жаңалықтар

Балқантаудың батыры

Өмір деген – аламан бәйге. Сол аламан бәйгеге алуан түрлі жүйрік қатысады. Алуан-алуан жүйрік бар, бәрі де әліне қарай шабатыны белгілі. Сондай аламан бәйгеге қатысып, ұлы дүбір үшін туылған ақберген тұлпар жүйріктер болады. Бірақ, олар көп емес, бірен-саран ғана. Сол бірен-саранның бірі, тіпті, бірі емес-ау, бірегейі, әлі күнге дейін бойын тік ұстап, сексеннің сеңгіріне шықса да сергек қалпынан айнымай келе жатқан сүйегі асыл аға, ауыл шаруашылығының дала академигі десек артық айтқандық емес, үлкен жүректі азамат Сайлау Біләлов дей аламыз. Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп батыр ағаның өмір жолы кім-кімге болса да үлгі-өнеге. Әлдебіреулердің алдында еңсесін түсіріп, жақсы жолынан жаңылып көрмеген жан бүкіл саналы ғұмырын қарапайым еңбекке арнап, оның биік шыңына шықты.

Бұл кісі туралы бұрында көп жа­зылған. Кеңестік дәуір тұсында Қа­ра­ғанды облысы, тіпті, республика көлемінде жарық көретін басылымдардың біразы бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Арқалық кеңшарының аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов ағамыз жайлы жарыса жазып, оның еңбек тәжірибесін өзгелерге үлгі еткенін білеміз.

Қатардағы тілшілерден бастап, ірі қалам­герлерге дейін суреттемелерін, очерктері мен өлеңдерін оған арнап, қалам тербеді. Кезінде арқалы ақыны Еркеш Ибраһим поэма да арнаған.

Қарапайым еңбек адамына арналған осынау қалыпты бүгін жалғаудың тағы бір реті келіп тұрған сияқты. Оның себебі, атақ­ты шопанның сексен жас сеңгірі. Ақсақалға деген құрмет. Осы орайда, Сайлау аға бұл биікке, ерекше құрметке қалай жетті, оның түп-тамыры қайда жатыр деген сауалдың да көңілге ұялайтыны шындық.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тоң  пішер»,– демекші өмірде дұрыс жолға түсуге бағыт-бағдар беруде әкенің алар орны ерекше екені белгілі. Сайлау ағамыздың әкесі Мақұлдың Біләлі ескіше араб­ша хат таныған адам. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасынан алпысыншы жылдарға дейін Айрық-Едірей-Жаңабірлік колхозында сатушы, колхоз басқармасының төрағасы, қой фермасының бастығы, шопан болып еңбек етіп, шопанның ақ таяғын Сайлау баласына тапсырып, зейнеткерлікке шыққан. Сол қа­жырлы еңбегінің бағаланғаны емес пе, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет бел­гісі» ордендерімен бірнеше медальдармен марапатталған. Біләл ақсақалдың кіндігінен бес ұл, бір қыз тараған екен. Сол балалардың бәрі алыс-жақын атырапқа, ауыл-аймаққа сыйлы, танымал болып өсіп жетілді. Бәрі де еңбекпен есейіп, бір-бір әулеттің ұйытқысы болды. Осынау бес алты баланың үлкені Зейнепкар ақсақал ғасыр жасап қайтыс болса, қалғандары бала-шағаларының, яғни, немере-шөберелерінің қызығын көріп, құдайдың берген жасын жасауда. Ұлы Отан соғысының ардагері, осы әулеттің үлкені Зейнепкар ақсақал майданнан келгеннен кейін шаруашылықтың қайнаған тіршілігіне араласып, есеп-қисап қызметкері, ферма меңгерушісі, жылқышы,  мұнай базасының меңгерушісі  болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықса, Зекеңнің өзінен кейінгі інісі Шажар жылқышы болса, Біләлов­тердің жуан ортасында тұрған Сайлау ағамыздың соңынан ерген Кенжебек ақсақал сол Арқалық совхозының айтулы шопаны, кенжелері Бүркіт техникаға үйір болып әлі сол салада еңбек етіп жүр.

Ал, еңбек жолын 20 жасында Жамбыл атындағы колхоздың шопаны болып бас­таған Сайлау ағамыз бүкіл ғұмырын ата кәсіпке арнады. Бағымындағы ақтылы түлікті өсіруде, ет пен жүн өндіруде ұдайы жақсы көрсеткіш иеленіп жүрген ол 1970 жылы бар болғаны 33 жасында Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері атағын иеленді.  Одан кейін де қой басын өсіріп, өнім алудағы жетістіктері үшін екі мәрте «Еңбек  Қызыл Ту» және «Ленин ордендерімен» марапатталды. Ал, 1976 жылы IX бесжылдықтың жоспарлы тапсырмалары мен міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындағаны үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын иеленіп, омырауына Алтын жұлдыз тақты. Сол жылы бүкіл Қазақстан бойынша екі адам «Социалистік Еңбек Ері» атанса, соның бірі Өскемен обкомының бі­рінші хатшысы В.Демиденко болса, екіншісі Сайлау ағамыз. Дәуірлеген кеңес заманында КСРО елінде бұдан жоғары мәртебе жоқ-ты. Кейіннен Қазақстан Компартиясының ХIV және ХVI съездеріне делегат болып қатысқан Сайлау ағаның есімі 1980 жылы Қазақ КСР-нің Алтын Құрмет кітабына жазылды. Бұл – екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін сыбаға. Сонымен бірге, әлденеше рет СССР халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарымен марапатталған. Бір рет Қазақ КСР-нің Жоғарғы Советіне, екі рет облыстық Советке депутат болып сайланып, 1970 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңіл машинасын сыйлыққа алып, 1984 жылы қыркүйекте Тбилиси қаласында өткен бейбітшілікті қорғаудың Бүкілодақтық конференциясына қатысып қайтқан.

Сөйтіп, кезінде комсомолдың жолдамасын алып, екінші тыңды көтеруге араласқан Сайлау ағамыз бүкіл ғұмырын бейнеті мен зейнеті шаш етектен келетін ата кәсіпке бағыштады. Ол маңдай терін төгіп атқарған жұмысының нәтижесінде келмеске кеткен Социалистік дәуірдің барлық игілігін көрді және оны орынды мақтаныш етеді.

Дегенмен, өмір болғаннан кейін қызық пен қуаныштың, реніш пен әттеген-айдың қатар жүретіні белгілі. Кім-кімнің болса да өмір жолы тақтайдай болмайтыны айдан анық. Сайлау ағамыздың өмір жолындағы кейбір сәттерді де анық білеміз. Ағамыз, «Социалистік Еңбек Ері» атанып, дүрілдеп тұрған кезде үстінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың атына арыз түседі. Арызда «С.Біләловтің көрсетіп жүрген көрсеткіштері өтірік. Саулықтарының тең жартысы егізден қоздамайды. Тұ­сақтар мен тоқтыларды қоздатады. Немесе, өз малының төлдерін қосады, көзбояу­шылық жасап отыр» деп жоғарыға айдап жіберген ғой. Бұл 1979 жылдары болған оқиға. Сол кездегі Қарағанды обкомының бірінші хатшысы А.Коркин Димекеңнің арнайы тапсырмасымен сол арызды тексеруге сонау түкпірдегі Тоқжігіт қыстағына өзі келген ғой. Обкомның бірінші хатшысы айдаладағы шопанның үстінен жазылған арызды тексеруге өзі келді деген тарихта болмаған оқиға шығар.

Сол оқиғаны Сайлау ағамыз былай деп еске алады:

– Бір күні обком хатшысы келе жатыр деген хабар жетті. Көп ұзамай Александр Гаврилович бастаған ығай мен сығай жетіп келді. Обком хатшысының жанында облыстан келгендерден басқа сол кездегі  Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ш.Қуанышев, ауатком төрағасы Д.Қоспабаев, совхоз директоры Т.Мәжитовтер бар. Бастықтар келе салысымен қой қораға тартты. Қозыларды енелерінен бөліп алып, бөлек қамап қойғам. Солардың көзінше жамыратып кеп жібердім. Сол жылы жүзден астам қозы егіз туған еді. Енелерінің екі қапталына жабыса кеткен қозыларды көргенде ашуланып келген   мейманымыз жібіп сала берді. Осы көріністі көрген ауданымыздың, ауылымыздың басшылары да иықтарынан үлкен бір жүк түскендей болып, жадырап сала берді,– дейді Сәкең. Сол көріністі көріп көңілі жайланған, арызда жазылғандардың өтірік екенін көрген обком хатшысы Сайлау ағамыздың иығынан қағып, ризашылығын білдіріп, үйінде болып Роза жеңгеміздің қолынан дәм татып, үйінің жүдеулігін көріп, аудан, ауыл басшыларына жаңадан үй, қора салып беруді, тағы басқа да мәселелерді шешуге тапсырмалар беріп кеткен екен. Соның бәрі көп ұзамай орындалған екен.

Әңгімеміздің желісіне қайта оралатын болсақ, ғұмырының көбі әкімшілік, мәдени орталықтардан алыс ауылда, Түндікті өзе­нінің бойындағы Тоқжігіт қыстағында төрт түлік малдың соңында өтсе де, өмірдің өзекті мәселелерінен, замана көшінен тыс қалмайтын Сәкең халықтың арғы-бергі тарихын да, оған ықпал жасаған тұлғалардың тыныс-тіршілігін де бір кісідей біледі. Тереңнен тартып, тебірене әңгімелейді.

– Қатардағы еңбек адамы ретінде кешегі кеңестік қоғамға қылаудай да қыжылым жоқ. Шопан басыммен талай-талай мәртебелі жиындардың төрінде отырдым. Қабырғалы ел атынан сөз сөйлеп, аманат жүктеген жұртымның өтініш-тілектерін лауазымды би­лік иелеріне жеткізуге мүмкіндік берген күндерімді бақытымның теңіздей тасып, биік шыңдай асқақтаған сәттеріме балаймын,– деп еске алады Сәкең.

Сайлау ағамыздың сұңғылалығына, зеректігіне, әңгімешілдігіне өзімізде талай куә болған едік. Осыдан оншақты жыл бұрын Қарқаралыда өткен үлкен бір шараларға қатысуға келген қазақтың үлкен классик жазушысы Мұхтар Мағауин, редакторлардың редакторы, жазушы-журналист Нұрмахан Оразбеков, «Орталық Қазақстан» га­зетінің бас редакторы Мағауия Сембай, журналист Мақсым Омарбеков тағы басқа азаматтарды Түндікті өзенінің бойында жат­қан Тәттімбет бабамыздың кесенесі мен атақты Мәдидің Үшқара тауына алып барған едім. Баратын жерлердің бәріне барып, көңіл жайланғаннан кейін, қайтарда Сайлау ағамыздың үйіне ат басын тіредік. Осынау бір келісті отырыста Сайлау ағамыз мәртебелі қонақтармен салиқалы әңгіме өрбітіп, пікір таластырып, отырыстың көрікті болғаны есімізде. Жас болсақ та, келісті отырыстың аяғына шыдамаған біздер таңертең  тұрғанда Нұрмахан ағамен әлі әңгімелесіп отыр­ғанына куә болған едік. Бұндай зеректілік, бұндай әңгімешілдік екінің біріне бұйыра бермесі анық.

Сайып келгенде, «Еңбекпен ер көгерер» деген халық даналығында шымырлаған шындық бар. Бүгінгі күні сол еңбектің арқасында ел дәулетін еселей  түсуде маңдайынан моншақтаған күмістердің нәтижесінде абырой беделге ие болып отырған Сайлау ағамыз бен Роза жеңгеміз екеуі де сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

Бір үйден шыққан екі батыр осы шаңырақтан өрбіген он бір баладан тараған немере, шөберелердің қызығын көріп, бақуатты өмір сүруде. Дүбірлі мерейтой қарсаңында қадірменді аға-жеңгемізге ғұмырлы өмір тілейміз.

Рымбек Смағұлов,

 ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Қазақстан мәслихаттарының

Құрметті депутаты.

Қарқаралы ауданы.

_____________________________________________________________________________________________________________________________________

Қадірлі Сайлау аға! Сонау 1955 жылы Қу ауданының Жамбыл  және Абай атындағы колхоздары қосылып,   Арқалық орталау мектебінің  бесінші класына  жетінші ауылдан көп бала келіп қосылғанда, танысқанымыз есіңізде болар. Міне, содан бері әуелі бозбалалық  тату-жолдастығымыз, содан соң азаматтық сыйластығымыз үзілген емес, түзу сәлемімізге сызат  түскен жоқ. Соған тәубе деймін. Бір Шаншардың ұрпағымыз, Арқалық  пен Едірей еліміз, Түндікті – Ертісіміз, тағдырдың жазуымен, құдай берген қуаттың арқасында қатар келе жатырмыз. Бабаңыз Сәдібектің пешенесіне әуелде жазылған адал еңбектің несібесі ырыс боп тасып, кеңес дәуірінде де, кейін де елге дәулет  шақырды. Өзге білмесе де, біз білеміз. Кәсібіміз қалам ұстау, жақсыны жария ету болғандықтан да шығар, Сізге деген сый-құрмет шығар, қолымыздан келгенше, Хасен,  Кәрім, Мағауия, Ермек бауырларың газет-журналға, радиоға жазып бақтық.

«Сайлау Біләлұлының мақтауы жеткен шығар, осы ғұмырында» дейтіндер бар шығар. Сонда да, жақсының жақсылығын тірі кезінде айтқан жарасар, Сәке!  Сізді біз сыртыңыздан мақтап, мақтан тұтып жүреміз. Галстук тақпаған, шалбардың қырын сындырмаған малшы, қара жұмыспен атыңыз шыққан ауыл ақсақалы ғана емес, ішкі-сыртқы мәдениеті жарасқан, ұстамды мінез, дәмді сөз біткен, адам баласына деген адал ниеті анадайдан танылып тұратын азамат Сіздей болсын. Мына, Тәуелсіздік алған нағыз бақытты шағымызда, екі заманның ғана емес, екі дүниенің де рахатына бөленуге лайық, иманы мол  қазақ осындай болады, деп ұрпақтарға көрсетуге лайықты ел Ағасы атандыңыз.  Ыстыққа бірге шыдап, аязда бірге тоңған, боранда бірге ыққан Роза жеңгеміздің қандай көркем келіншек болғанын, сұлу да сыпайы мінезін, тықырлап жүріп, талай істі тындыратын іскерлігі мен берекелі дастарқанын айтпасам, бүгінгі байсал бәйбішенің өзге қайындарының өкпесіне қалармын.

Жарық дүниенің қызығы таусылмасын, еңбекте шыныққан, бейбіт заманда бойға сіңген Дегелеңнің атом полигонының  оқ-дәрісін татып  піскен Сіздей саңлаққа  әлі қауіп жоқ, алдырмаңыз.  Аман болыңыз.!

 

Зарқын Тайшыбай,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері,

Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.

      26.11. 2017. Қызылжардан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button