Бақытты отбасы-береке бастауы
Бейсенбі күні ҚР Конституция күнін мерекелеу қарсаңында Саран қаласындағы 1а шағын ауданындағы №16, 17, 18, 19 үйлер ауласында қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Біздің күшіміз – бақытты отбасында!» атты қалалық акция өткізілді.
Осы күні мемлекетіміз отбасы мәселесіне жіті көңіл бөліп келе жатқаны белгілі. Себебі, іргесі берік отбасы – Отанымыздың гүлденуіне қосқан бірден-бір үлес болмақ. Балалық шақтың бал күні, жеткіншектердің мейірім шуағына бөленіп өсуі – болашақ қазақстандықтардың қайратты болып қалыптасуына негіз болмақ.
– Саран қаласында осымен 8-ші мәрте ұйымдастырылып отырған «Біздің күшіміз – бақытты отбасында!» атты қалалық акция биыл Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» атты ішкі бағдарламасы аясында өткізілуде. Мұндағы басты мақсат – отбасы құндылықтарын насихаттап, жас отбасылардың сауығын ұйымдастыру. Яғни, Жастар ресурстық орталығы осы тектес шараны бұған дейін қала шетіндегі Финский, РТИ, Дубовка сынды поселкелерде өткізген еді. Сөйтіп, белгілі бір аулаға барып, техникамызды, музыкалық аппаратураларды құрып, түрлі конкурстар ұйымдастырамыз. Ал, бүгін осы 1а шағын ауданындағы №16, 17, 18, 19 үйлер ауласында өткізгелі отырмыз. Сонымен қатар, бүгін балаларға тегін тәтті-дәмділер де тарататын боламыз. Мұның барлығы, әрине, әлеуметтік қолдаушыларымыздың көмегімен әзірленеді, – деді Саран қаласындағы Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Рахымжанов.
Әлібек Рахымжановтың айтуынша, ең негізгі серіктес – «Проспект» мейрамханасы екен. Мейрамхана иелері конкурс жеңімпаздарына кешкі асқа арнайы сертификаттар ұсынатын болады. Сонымен қатар, мұндай қолдаушылар қатарында Саран қаласының балалар мен жеткіншектер орталығының аула клубы, «Доброволец» жастар қоғамдық бірлестігі, «Принт-Мастер» жарнамалық-полиграфиялық орталығы, «Матрица» қызмет көрсету орталығы, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, қалалық мәдениет үйі және Валентина Абраева есімді азаматша бар екен.
Сөйтіп, Жастар ресурстық орталығының мамандары акция өтуіне 10 жұмыс күні қалғанда подъезд тұсына арнайы хабарлама іліп, әлеуметтік желілерде акция барысы жариялайды. Қызығушылық танытқан ата-аналар балаларын ертіп, шара алаңынан табылатын көрінеді. Сондай ананың бірі – Ольга Соколова мен 5 жасар ұлы Алексей.
– Бүгін біз аулағы шығып едік, осындай шараның өтіп жатқанын көріп, ат басын осында бұрдық. Ұлымның қызығушылығы оянған соң, конкурстық шараларға да қатысуға бел байлап, тіркеліп қойдық. Өз басым негізінен үй шаруашылығында болғандықтан, ұлыма мейлінше көп көңіл бөлуге тырысамын. Сондықтан, мұндай шара шыны керек, өзіме де қызықты бола бастады. Бір жағынан, ұлым да спортқа бейім. Келешекте бокс немесе күрес секцияларына беруді де жоспарлап отырмыз, – деді Ольга Соколова.
Сөйтіп, шара барысында негізінен 6 кезеңнен тұратын спорттық эстафета шаралары жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 1-орынды Әмриндер отбасы иеленіп, «Проспект» мейрамханасында кешкі ас ішуге мүмкіндік беретін 5000 теңгелік сертификатты иеленсе, осы тектес сертификаттың 4000 теңгесіне қол жеткізген Воловскилер отбасы 2-орынға табан тіреді. Ал, жүлделі үшінші орыннан Соколовтар отбасы көрініп, 3000 теңгелік сертификатты қанжығаға байлап қайтты. Бұдан бөлек, Әлиевтер отбасы, «Ұлан» пәтер иелерінің кооперативі және «бойшаң қуыршақтар» – Богдана Тотаева мен Екатерина Сивакова Алғыс хат алды.
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»