АймақҚарағанды

Баға бұғаусыз кетпейді

Қарағанды облысында Қа­зақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев жұмыс сапарымен болды. Өңірдегі баға тұрақтылығы, делдалдық тізбектер және сауда инфрақұрылымын жаңғырту – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналды.

Суретті түсірген Кирилл ВАСИЛЬЕВ

Сапар аясында бірқатар кездесулер, өңірлік кеңестер ұйымдастырылып, ішкі сауда саласының қазіргі жағдайы жан-жақты қаралды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мен нарықтағы артық делдалдарды қысқарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңірдегі ішкі сауда көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында жалпы сауда көлемі 982,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,2%-ға жеткен. Бұл жоспарланған көрсеткішпен толық сәйкес келеді. Республика бойынша Қарағанды облысының үлесі 6,1%-ды құрап, төртінші орынға тұрақтаған.

– Сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі 33,1%, ал, бөлшек сауда 27,2%-ды құрайды. Бөлшек сауда көлемі 426,5 млрд теңгеге жетсе, көтерме сауда 552 млрд теңгені көрсеткен. Сауда айналымында автокөліктер, жанар-жағармай өнімдері мен ет және азықтүлік тауарлары басым. Бұл өңірдің индустриялық бағыттағы аймақ екенін аңғартады. Баға тұрақтылығы мәселесі де басты назарда. Соңғы аптада әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасы негізінен тұрақты сақталғанымен, жекелеген өнімдер бойынша өсім тіркелген. Атап айтқанда, тауық еті 2,8%-ға, қырыққабат 0,6%-ға, қияр 0,1%-ға қымбаттаған. Ал, алма бағасы 2,7%-ға төмендеген. Жалпы алғанда, жыл басынан бергі баға индексі 101,2%-ды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде қалыптасты.
Жыл басынан бері бірқатар тауарлар бойынша айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, сәбіз 31,1%-ға, қызанақ 25,5%-ға, қой еті 12,8%-ға қымбаттаған. Бұл жағдай маусымдық факторлар мен жеткізу тізбегіндегі өзгерістерге байланысты. Ал, керісінше, қияр, пияз, күріш және тұз бағасының төмендеуі байқалған. Мемлекеттік бақылау шаралары да күшейтілген. Жыл басынан бері өңірде 25 комиссия отырысы өткізіліп, 41 заңбұзушылық фактісі анықталған. Оның ішінде сауда үстемесінің белгіленген деңгейден асуы мен негізсіз делдалдық қызметтер тіркелген. Нәтижесінде 53 әкімшілік айыппұл салынған, – деді Ернұр Жәутікбаев.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Даму» қоры арқылы 1,7 млрд теңгеге 9 жоба қаржылан­дырылған. Онда инвестициялық жобалар да, айналым қа­ра­жатын толықтыруға бағытталған бастамалар да бар. Өңірде сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұ­мыстары жалғасуда. Қарағанды қаласындағы «Алтын Арба», «Шы­ғыс», «Горняк» және «Кайрат» базарларын кезең-кезеңімен модернизациялау жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 9,2 млрд теңгені құрайды.

– Қазіргі бақылау шаралары адал кәсіпкерлерді қолдаудың орнына, керісінше, олардың қызметіне кері әсерін тигізіп отыр. Себебі, тексерістер негізінен заңды түрде жұмыс істейтін субъектілерге бағытталған. Яғни, шағын отбасылық дүкен ашқан, базарда ресми тіркеліп жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер қатаң бақылауда. Ал, заңсыз қызметпен айналысатындар бұрынғыдай көлеңкеде қалып отыр. Осыған байланысты ең алдымен делдалдар мәселесіне назар аудару қажет. Әсіресе, адал емес делдалдар нарықтағы жағдайды ушықтырады. Жұмысты шекарадан бастау маңызды. Кеден саласындағы кейбір лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тексеру қажет, өйткені елге контрафакт өнімдер көптеп енгізілуде. Бұл өз кезегінде заңды жұмыс істейтін бизнеске әділетсіз бәсекелестік туғызады.

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының тізімін жетілдіру қажет. Қазақстан өзін әлеуметтік бағытталған мемлекет ретінде жариялағандықтан, халықты қолдау тиімді әрі теңгерімді тәсілдермен жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, қазіргі таңда бұл тізімді 19 атаудан 31-ге дейін кеңейту бизнеске қосымша қысым түсіруде. Тағы бір мәселе – әлеуметтік тауарлардың жеткізілуі. Бұл өнімдер көбінесе ірі супермаркеттерге ғана жеткізіледі, ал, шағын дүкендер оларды алмайды. Нәтижесінде олар ірі сауда желілерімен бәсекеге түсе алмай, біртіндеп жабылуда. Ертең бұл кәсіпкерлер жұмыссыз қалып, мемлекеттен әлеуметтік көмек сұрауға мәжбүр болады. Яғни, қазіргі саясат осындай жағдайдың қалыптасуына ықпал етуде, – деді Қарағанды облысы мәслихат депутаты Ермек Әбилдин.

– Бизнесті қолдау жоқ немесе мемлекет керісінше кедергі келтіріп отыр деген пікірмен толық келісуге болмайды. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының тізіміне келсек, биыл оның ауқымы кеңейтілді. Бұрын 19 атау болса, қазір 31 атауға дейін ұлғайды. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – халық күнделікті тұтынатын негізгі азықтүлік өнімдерін қолжетімді ету. Елімізде шамамен 2,5 миллион адам осы санаттағы өнімдерді тұрақты тұтынады. Сондықтан, олардың бағасын тұрақтандыру – маңызды міндет. Тізімді кеңейтуге тағы бір себеп – бағаның негізсіз өсуі. Кейбір жағдайларда баға ешқандай экономикалық негізсіз, алыпсатарлық жолмен өсіп кеткен. Осыған байланысты ірі импорттаушылармен және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен арнайы жұмыс жүргізілді. Себебі, кейбір жағдайда сауда үстемесі 40-50%-ға дейін жеткені анықталды. Бұл деректер электрондық шот-фактураларды талдау барысында белгілі болды. Аталған жұмыстар осы себепті қолға алынды. Айта кету керек, бұл тізім уақытша сипатқа ие. Жаз мезгілінде қайта қарау жоспарланып отыр, – деді Ернұр Жәутікбаев.

Жалпы, бұл тізім екі санатқа әсер етеді. Ал, бөлшек саудада әлеуметтік тауарларға қойылатын үстеме баға 15%-дан аспауы тиіс. Қазіргі таңда көптеген сауда желілері бұл көрсеткішті 10% деңгейінде ұстап отыр. Өңірлік комиссиялардың жұмысы делдалдар санын азайтуға бағытталған. Нарықта ешқандай қосымша құн қоспай, тек қайта сату арқылы бағаны көтеретін делдалдар бар. Осындай жағдайлардың алдын алу – негізгі міндеттің бірі.

Төрағаның айтуынша, Қарағанды облысы бойынша қазіргі таңда тұрақтандыру қорының серіктесі ретінде шамамен 93 дүкен жұмыс істейді. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы өнім жеткізу жүйесі жолға қойылған.

Егер кәсіпкерлер тарапынан сұраныс болса, бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Жалпы алғанда, жұмыс сапа­ры өңірдегі сауда саласының өзек­ті мәселелерін талқылауға және оны дамытуға жаңа серпін беруге бағытталған. Қабылдан­ған шешімдер халық үшін баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлік ортаның дамуына оң ықпал етуі тиіс.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button