Атадан қалған асыл сөздерімізді насихаттау арқылы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Қазыналы қария» атты қалалық байқау өтті.
Байқауға ұзақ жылдар әр салада еңбек жасаған, ұрпаққа берер тағылымы мол қазыналы қарияларымыз қатысып, «Сәлем-сөздің анасы», «Баталыға бақ қонар» «Атаның жолы-ұлағат», «Өнерліге өріс кең» бөлімдері бойынша өнерлерін ортаға салды.
Әр қатысушының өлеңмен өрген ғұмыр дерегі, берілген тақырыпқа табан астында бата беруі, ел аузындағы өсиет, өнеге, даналыққа толы шешендік сөздерді тыңдаушысына жеткізе білуі, өнер көрсетудегі ерекшеліктері сарапқа салынды.
Мәдени іс шара қорытындысында өнер ардагері Аманолла Шайбеков байқаудың Бас жүлдесін иеленсе, Шапау Қашауұлы «Батагөй қария», Қабдолла Қаңтарбаев ақсақал «Өнерлі қария», Сүйіндік Жанысбай «Тағылымды қария», Бекен Айтанұлы «Шежіре қария», Дүйсенхан Төлеубаев «Өнегелі қария» атанды. Әр бөлімі ерекше күйге бөлеген кештің көрермендері, қазыналы қарияларымыздың ұрпаққа айтқан ұлағатынан тағылымды ой түйіп тарқасты.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ