Азат елдің озат ұрпағы
Тәуелсіздік ұрпақтары – еліміздің ертеңі. Олар осыны түйсініп, кейінгіге үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Saryarqa» телеарнасы мен «Сарыжайлау» кинотеатрының бірлескен «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы қолға алынды. Онда әр салада қызмет ететін, жетістікке жеткен 30-35 жас аралығындағы белсенді 41 жас маман таңдап алынып, олардың әрқайсының жеке шығармашылық портреті сюжет түрінде жасалып, 7-8 ай бойы облыстың басты арнасынан ел назарына ұсынылды.
Ақын, мұғалім, дәрігер, металлург, шахтер, журналист, ауыл шаруашылығы маманы, атбегі, бүркітші, полиция қызметкері, ұста және басқа да түрлі салада қызмет ететін Тәуелсіздік құрдастары аймақтың түпкір-түпкірінен таңдап алынған. Олар жайлы сюжет жасалғанда туып-өскен жерінен бастап, мамандық иесі атанып, өз саласында қазірге дейінгі жетістіктері тілге тиек етіліп, шығармашылық және ерекше қабілеттері насихатталды. Жобаның қатысушылары эфирден беріліп болған соң, қорытынды шара ток-шоу түрінде «Saryarqa» телеарнасында өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жоба ұйымдастырушысы Рымбала Омарбекова, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Құдайберген Бексұлтанов, Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырхан, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының директоры Жәнібек Садыханов әр сала маманымен еркін түрде сұхбат жүргізді. Түрлі салада еңбек ететін мамандар өздерінің өмірі мен сүйікті ісі туралы баяндап, сұрақтарға жауап берді. Жиын соңында оларға жобаның арнайы сертификаты мен естелік Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жасалған кәдесый сыйға тартылды. Бұл – «Азаттықтың қасиетін сезсін» деген ізгі ниет.
– Бұл жобаға өз саласында жетістікке жеткен, ұжымына сыйлы, маңайына танылып үлгерген, жақындарына қамқор талапты жастарды іріктедік. Осы бастамада олардың жетістігін көрсету арқылы, мойындарына міндет жүктедік. Себебі, ел ертеңі – жастардың қолында. Насихаттай отырып, олардың жеткен жетістігін, тұлғалық қабілеттерін өздерінен кейінгі жас буынға үлгі болсын деген мақсатты көздедік, – дейді жоба үйлестірушісі Сағат Батырхан.
Кейін шараға қатыса алмаған Жезқазған өңірінің 8 қатысушысына ұйымдастырушылар арнайы барып, кездесу кешін өткізіп, сыйлықтарын табыстап қайтты. Оның 5-і – «Қазақмыстың» металлургі, қалған 3-і – өнер өкілі. «Saryarqa» телеарнасының Жезқазған өңіріндегі меншікті тілшісі Айзада Тұрсынбекова кездесуде 8 кейіпкер туралы айтып берді. Осылайша, қызығы мен шыжығы мол жоба замандас әрі әр саланың озат жастарын бір-бірімен достастырып, тәуелсіздікті қастерлеуге жетелегені ақиқат.
Жәлел ШАЛҚАР.