Азаматтарға биік құрмет
Конституция күнін Қарқаралы ауданы жұртшылығы салтанатты түрде атап өтті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен егемендік мәртебесі асқақтап, Отанымызды құқықтық, дербес, демократиялық мемлекет ретінде әлемге танытып отырған Ата Заңымыздың қадір-қасиеті кеңінен баяндалды.
Мерекеге жиналған жұртшылықты аудан әкімі Халел Мақсұтов құттықтады.
– «Көптің сөзі – киелі» дейді дана халқымыз. Халықтың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – Қазақстан халқы. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Сондықтан, оны ардақтау – әрбір азаматтың міндеті мен асыл парызы, – деді аудан басшысы.
Айтулы күннің аясында бірқатар аудан азаматтары марапатқа ие болды. «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» атағына өңірдің экономикалық өрлеуіне, сауда саласының дамуына сүбелі үлес қосып, лауазымды қызметтер атқарған Ақылсерік Әбішев, ауданның өндірістік-әлеуметтік саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет етіп, адал еңбекпен абыройға жеткен, еңбек майталманы Съезбек Қыстаубаев және жерлес кәсіпкер, туған жерінен алыста тұрса да туған еліне туын тігіп, үнемі қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, демеушілік танытып жүрген Ғани Омаров ие болды. Өз кезегінде Ақылсерік Әбішев еңбегін бағалап, мәртебесін көтеріп, ұлықтап жатқан жатқан жерлестеріне шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар, мемлекетіміздің барлық табыстарының қайнары – мерейлі мерекеде ауданның мәдениет, білім, құқық, өндіріс саласында еселі еңбек етіп жүрген Қайнарбұлақ ауылдық округінің клуб ұйымдастырушысы Бақытгүл Кәкімова, Ә.Ермеков атындағы №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Бибігүл Мұқашева, Қарағайлы кен байыту фабрикасының жетекші инженері Маржан Аманбаева, аудандық балалар кітапханысының кітапханашысы Гүлмира Жантурина, аудандық білім бөлімінің білімді дамыту орталығының әдіскері Бақыт Жүнісова, Қаршығалы ауылдық округіндегі №4 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Айгүл Бекішова, аудандық соттың аға сот приставы Дулат Смағұлов аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Егемен елімізге қуат болып тұрған Ата Заң күніне арналған шарада адам еңбегі еленіп, лайықты құрметке бөленді. Әдемі әндер шырқалып, сазды бағдарламамен жалғасты.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.