Тұлға

Қазақтың Гагарині

Биыл даңқты жерлесіміз, қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ 75 жасқа толды. Тұтас түркі әлемінің тұғырлы тұлғасына айналған Тоқтар ағамыз жайлы ойлы дүниелерді басудан «Орталықтың» аянып қалған кезі жоқ. Мерейлі мерейтой қарсаңында Батырмен кешегі көзінің тірісінде тонның ішкі бауындай жақын араласқан рухтас інісі, басылымның бұрынғы Бас редакторы Мағауия СЕМБАЙ ұстазымыздың соқталы туындысын қайта бір жаңғыртып қоюды жөн көрдік…

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ

Айдай ақиқатқа, тарихи анық шындыққа күмән келтіретін біздер ғана шығармыз. Кейінгі кезде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров емес, Талғат Мұсабаев деген қисынсыз сөз әр жерден құлағын қылтита бастады. Бұл қисық уәжге әуелі Ресейден келген бір концерт жүргізуші жол берген сияқты. 2004 жылдың басында Қазақстандағы Ресей күндерінің ашылуына орай Астанадағы Конгресс-холда тікелей эфир арқылы беріліп жатқан мерекелік шарада ресейлік жүргізуші Т.Мұсабаевты ән салуға шақырып, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері деп хабарлап жібергені. Орыстардың мысы басты ма, біздің жақтан ешкім мұндай өрескел мүлт кетуді түземеді. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ, жаңылмайтын жақ жоқ» демекші, жалпы жұртшылық мұндай өрескел қателікке мән бере қоймады. Алайда, ақын жүрегі әділетсіздікке төзе алмайды екен. Ақиық ақынымыз Серік Ақсұңқарұлы іле үн қосып, «Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар еді ғой» деген датын «Орталық Қазақстан» газетінде (17.01.2004 жылы) жариялаған болатын. Сонымен бәрі байсал тапқандай еді. Олай болмапты. Биылғы жылдың басында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Самат Мұса әріптесіміз тағы осы мәселені қаузап, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров екенін жазды. Таң атып, күн бататындай шындықты шырағдан алып іздеп, шырылдайтындай не көрінді деуіңіз мүмкін. Көрінгені аян.

«Тоқтар Әубәкіров – Кеңес Одағының ғарышкері, Талғат Мұсабаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері» деген түшкіруге тұрмайтын тұжырымды тұқыртып тұрып, санаңа тұсаулап салғысы келетін сыңайлы. Бірталай басылымдар, бірқатар азаматтар осы дақпырттың соңында жүр. Талғат Мұсабаев бауырымыз да үнсіз.

Олай болса, бүгінгі бүкіл әлем атап өтетін Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан жарты ғасырлық тарихи тойынан ат-тонымызды ала қашып, бас тартуымыз керек. Дәл осы тұста тасқа қашап, тарихқа жазып қоятын бір фактіні келтірмей кетуге болмайды. Ю.Гагарин жер тартылысын жеңіп, жеті қат көкке көтерілген адамзаттың тұңғыш перзенті болса, Тоқтар Әубәкіров әлдекімдер әр саққа жүгіртетін Кеңес Одағының соңғы ғарышкері. Рет санына келсек, СССР-дың (бұрынғы аббревиатура) ең соңғы және №72 космонавты. Мұны жадыңа тоқып, жаттап ал деп отырған ешкім жоқ. Ресей өз тарихына солай жазып қойыпты.

Енді әңгіме басқа ауанға көшеді. Әгәрәки Тоқтар СССР-дың ғана ғарышкері болса, онда алты Алаш қазақ Совет әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезовті, Ғабит Мүсіреповті, Сәбит Мұқановты, Қазақ совет ғылымының ғұламасы Қаныш Сәтбаевты, Тоқтар туралы «Қазақ әдебиетіне» алғашқы мақаланы жаздыруға себепкер болған Олжас Сүлейменовті, Кеңес дәуіріндегі бүкіл игі жақсыларымызды жатқа сыйлап шыға келе ме? Күні кеше ғана аты да, заты да басқа ұлттың ұлы В.Жанибековті, Қазақстанда туды деп В.Шаталовты қорамызға кіргізіп, тұлыпқа мөңірегендей күн кешкенімізді тез ұмытамыз, ә! Бұқар жырау бабамыз «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» дегенді осындайдан айтқан болар.

Тоқтар ғарышқа ұшқанда «Егемен Қазақстан» газетінде қызметкер едім. Редакторымыз – Шерағаң. Қайнар Олжай Байқоңырға, мен Теміртауға іссапарға жөнелдік. Металлургтер қаласында батырдың әпкесі мен жездесі тұратын. Сонда білгенім – басқа ғарышкерлер айлап-жылдап әзірленетін ғарыш сапарына Тоқтар Әубәкіров төрт-бес ай мұғдарында әзір болған екен. Адамзат дамуында қара жерден табанын алғаш көтеріп, ат үстінен тұңғыш рет күн салып, көкке қараған біздің бабаларымыз. Алланың алқауы болар, көк түріктің тұқымынан, тұтас мұсылман әлемінен жеті қат көкке барып қайтқан қазақ – Тоқтар Әубәкіров. Тәңірінің жазуына шәк келтірмейік.

БЕЙБІТ ЗАМАНДАҒЫ БАТЫРЫМЫЗ

Тоқтар ағамыз 2006 жылы 60-қа толды. Шілдеде. Астана түбіндегі Батыр ауылына туған жерінің құттықтауын алып, Қарқаралы ауданының сол кездегі әкімі Ниқанбай Омарханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әншіміз Мейірхан Адамбеков және осы жолдардың авторы, басқа да азаматтар бардық. Елбасы Н.Назарбаев өзі арнайы келіп, Батырға лайық сыйлық – бүкіл әбзелі, ер-тоқымы күмістен күптелген асыл тұқымды тұлпар сыйлады. Той болған соң ән де шырқалды, әзіл де әрленді, әңгіме де айтылып, ақжарма тілектер де ақтарылды. Шота Уәлиханов бастаған қазақтың игі жақсылары Батырдың мерейін өсірді, шырайын кіргізді. Әсіресе, Ресейден арнайы келген әріптестері Кеңес Одағының Батыры П.Остапенко, Ресей Батырлары А.Крутов пен М.Алыков сынды сынақшы ұшқыштардың әңгімесін естіп, Батыр қандасымыздың арқасында төбеміз көкке жеткендей болды.

– Сіздер Тоқтар Оңғарбайұлын ғарышкер ретінде құрметтейтін сияқтысыздар. Қазір екінің бірі, тіпті, туристер де ғарышқа ұшып жатыр ғой. Т.Әубәкіров әлемдегі саусақпен санайтын өте шебер (Ас), ержүрек сынақшыұшқыш екенін ескермейді екенсіздер, – деді ресейлік батыр ұшқыштар.

Иә, Желтоқсан көтерілісінен кейін, қылышынан қан тамған Компартия қазаққа қалайша Кеңес Одағының Батыры атағын бере қойған деген ой бұрын да болған. Мұнан кейін тіпті, үдей берді. Т.Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағы 1988 жылы 31 қазан күні берілгенін «Правда» газетінен оқып, татар шығар деп топшылағанбыз. Соңынан бәрі анықталды. «Қазақ әдебиеті» газеті жазды, Тоқтар Қарағандыға, туған жері Қарқаралыға келді. Бәрін тәптіштеудің қажеті жоқ. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығында жаңа авиация техникасын сынау кезіндегі ерлігі мен қаһармандығы үшін Батыр атағы (№11585 Алтын медалі) және Ленин ордені берілгені жарияланған.

Тоқтар ағамыз туралы көп жазылды, кітап та шықты, телерадио хабарлары да берілді. Соның көпшілігінде Батыр атағы «Тбилиси» авианосеціне «МиГ29» жойғыш ұшағын қондырып, ұшып шыққаны үшін берілді деп жаңсақ жазылып жүр.

Анығында Тоқтар ағамыз «Тбилиси» крейсеріне 1989 жылы 1 қарашада екінші болып қонып, бірінші болып ұшып кеткен. Мұны Мәскеуде шығатын «Морская коллекция» журналының 2005 жылғы 8 санынан оқи аласыз. Анығында қазір әлемдегі теңдессіз «СУ», «МиГ» ұшақтарын жасайтын А.Микоян атындағы және П.Сухой атындағы конструкторлық бюролардың сынақшы-ұшқыштары Кеңес Одағының Батырлары В.Пугачев пен Т.Әубәкіров «Тбилиси» крейсеріне бірінен кейін бірі ұшақтарын қондырғанын жазады В.Заболоцкий деген журналист. Бірінші В.Пугачев қонғанымен, ұшағы ақауланып, крейсерден Т.Әубәкіров бірінші ұшып шығады. Бұл туралы Ресейдің деректі фильмі де бар. Көрдік.

Яғни, Т.Әубәкіров крейсерге жойғыш ұшақты қондырып, ұшып шыққан уақытта Батыр атағы болған. Гәп Батыр атағын не үшін алғанында. Өзі бұл туралы айта қоймайды. Солтүстік полюс ауданына ұшып барып қайтқанын тілге тиек етеді. Топшылауымша өте құпия әскери тапсырма орындап, жан қиятындай ерлік көрсеткен болу керек. Әйтпесе, Желтоқсан көтерілісшілерін аяусыз жазалаған М.Горбачев бейбіт заманда ұлтшыл ұлттың ұланына Батыр атағын бере қоймасы анық.

Сөздің тоқетері – биыл 2 қазанда қазақтың ғарышқа ұшқанына – 20 жыл. Ұмытып кетпейік.

Мағауия СЕМБАЙ. 2011 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button