Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілік
«Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржы ұйымдарының құқықтық жағдайының, құрылуының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ, микроқаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
Микроқаржы ұйымы – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ осы Заңмен рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға.
Микрокредит – микроқаржы ұйымы қарыз алушыға осы Заңда айқындалған мөлшерде және тәртiппен ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беретiн ақша.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 211 бабында микроқаржы ұйымдарының әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершіліктері қарастырылған.
Яғни, микроқаржы ұйымдарының «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделмеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруы – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Микроқаржы ұйымының шындыққа сәйкес келмейтiн жарнаманы бұқаралық ақпарат құралдарында ол жарияланған күнi таратуы немесе орналастыруы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, – бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында талап етiлетiн ақпаратты бермеуi, сол сияқты бiрнеше рет (қатарынан күнтiзбелiк он екi ай iшiнде екi және одан да көп рет) уақтылы бермеуi не микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасына сәйкес берiлуi талап етiлетiн мәлiметтердi қамтымайтын ақпаратты беруi не анық емес ақпаратты беруi – екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген пруденциялық нормативтердi және (немесе) сақталуы мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi бiрнеше рет (қатарынан күнтiзбелiк он екi ай iшiнде екi және одан да көп рет) бұзуы – үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Микроқаржы ұйымдарының клиенттермен жасасқан микрокредит беру туралы шарттарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есептелген сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпеуі, сол сияқты микроқаржы ұйымының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік-құқықтық актісінде айқындалған сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерінен асыруы – заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Микроқаржы ұйымдарының клиенттердiң төлем құжаттарын жоғалтуы – заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
«2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11 бабына сәйкес, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептiк көрсеткiш – 2 121 теңгені құрайды.
Н.Төреғожин.