Қазақ емлесінің ерекшелігі

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы биылғы жылдың 6 тамызында Қазақ емлесінің негізгі ережелері жобасын ұсынды. Байқап отырғандарыңыздай, бұл – әлі жоба ғана. Демек, әлі де талқыға салынып, артық-кемі екшелетін болады. Артықшылығы – халықтың сөйлеу тіліне айтарлықтай икемделгені. Мұнда А.Байтұрсынұлының «…тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» деген ұстанымы, Е.Омарұлының «Тілдің заңы мынадай, бұқараның сөзі дұрыс емес, сөздің түрін тілдің заңына келтіріп түзейміз» деу қате деген ұстанымдар біршама ескерілген.

Жаңа әліпбиге негізделген қазақ емлесіне қатысты тиянақ етерлік мәселені жалпылама түрде екіге бөліп қарауға болады:

1) Төл сөздер емлесі;

2) Кірме сөздер емлесі.

Кез келген теорияның тәжірибе негізінде орнығатынын ескерсек, кез келген емленің де дағдыға сүйенетіні түсінікті. Ал қазіргі дағды жайы және екі түрлі:

1) Халықтың сөйлеу тілі дағдысы;

2) Осыған дейінгі жазу дағдысы.

Емле жасау үшін екі дағдыға да сүйену маңызды. Себебі жаңа әліпбиге негізделген қазақ емлесі мүмкіндігінше кемшіліксіз болуы тиіс. А.Байтұрсынұлының тілімен айтқанда, «Емлені бұрынғысынан артық болғандай етіп өзгертуге мағына бар; бұрынғысынан төмен болғандай етіп өзгертуге мағына да, мақсат та жоқ». Ендеше төл сөз бен кірме сөздің қай-қайсысының да емлесі халықтың сөйлеу тілі дағдысы және осыған дейінгі жазу дағдымыздан алшақтап кетпегені абзал.

Жазу-сызу машығы әбден қалыптасқан қазақ тілі үшін төл сөздердің емлесін жаңа графикаға лайықтау айтарлықтай қиындық келтірмесе керек. Сондықтан, кірме сөздер емлесіне қатысты жаңашылдыққа тоқталмақпыз.

1). Кірме сөздер соңындағы b (б), g (г), d (д) дыбыстары p (п), k (к), t (т) үлгісінде жазылмақ: arap (арап), shtap (штап), dramatýrk (драматурк), hırýrk (хирурк), pedagok (педагок), analok (аналок), brent (брент), asteroıt (астеройт) т.б. Бұл үлгінің артықшылығы – тіліміздегі дыбыс үндестігін біржақты етеді. Бұрынғы үлгіде соңы ұяңға аяқталған бұл сөздер қосымшаны қатаңнан қабылдап, үндестік заңына томпақ келетін. Енді тіл заңдылығына толық бағынатын болды.

2). Жалаң ц әрпі жаңа орфографияда сөздің барлық позициясында да s (с) үлгісінде (sement / семент, medısına / медисина, abzas / абзас), қосарланған жағдайда ts (тс) үлгісінде (pıtsa / питса) таңбаланбақ. Дербес графикаға негізделген тәуелсіз орфография, негізінен, сөздердің орыс тіліндегі таңбалану үлгісіне сүйенбеуі қажет. Сондықтан, мұны да тілге ыңғайланған емле деп қабылдағанымыз орынды.

3). Т және ч таңбаларының тіркесіне аяқталатын сөздерде т дыбысы түсіріліп жазылатын болады: skotch / скотч емес, skoch / скоч; sketch / скетч емес, skech / скеч; match / матч емес, mach / мач. Шындығында, бұл сөздердегі t (т) дыбысы, қазақ тілін былай қойғанда, орыс орфоэпиясының өзінде жоқ. Ендеше мұны емле жасау барысында тілдік дағдымыздың ескерілгені деп қабылдаған жөн.

4). Дыбыстардың оэ тіркесіне аяқталатын сөздер соңында э орнына ı (и) жазамыз: aloe / алоэ емес, aloı / алой; kanoe / каноэ емес, kanoı / каной.

5). Ю әрпі төл сөздеріміздің барлық шенінде (aıý / айу, oıý / ойу), сондай-ақ, кірме сөздердің тек басқы позициясында ғана ıý (йу) үлгісінде (Iýpıter / Йупитер, Iýrmala / Йурмала), ал ортаңғы позициясында ý (у) арқылы таңбаланады: glýkoza / глукоза, parashýt/ парашут. Бұл да – тіліміздің табиғи сапасын сақтау мақсатында жасалған тұжырым.

6). Я әрпі төл сөздерімізде бірыңғай ıа (йа) үлгісінде жазылса (ıaǵnı / йағни, qoıan / қойан), дәл осылай кірме сөздердің басында ғана (Ialta / Йалта), ал басқа буындарда а үлгісінде жазылмақ: mýlaj / мулаж, dýblaj / дублаж. Мұны да өте дұрыс ұйғарым санаймыз.

7). Сөз ортасында дауысты мен дауыссыз арасындағы жіңішкелік белгісінің (ь) орнына ı (и) жазылады: batalon / баталон емес, batalıon / баталион; medalon / медалон емес, medalıon / медалион т.с.с.

8). Дж тіркесімі бар сөздердің мағынасына нұқсан келмейтін жағдайда д әрпі түсіріліп жазылады: kolej / колеж, menejer / менежер. Себебі қазақ әдеби тіліндегі ж дыбысы айтылуда дж үлгісінде жұмсала береді.

9). Кірме сөздерді жазу емлесінде осыған дейін сақталып келген қос дауыссыздың (сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, кк, уу) бірін ғана жазу нормаға айналады: profesor / професор, gramatıka / граматика, kolej / колеж, atestat / атестат, efekt / ефект, baner / банер, abrevıatýra / абревиатура, korespondent / кореспондент, ıpodrom / иподром, aglýtınatıv / аглутинатив, hokeı / хокей, ındıvıdým / индивидум т.с.с.

10). Кірме сөздер соңындағы ий тіркесімі жаңа емледе бір ғана ı (и) үлгісімен жазылады: kalsıı / калсий емес, kalsı / калси; kafeterıı / кафетерий емес, kafeterı / кафетери т.с.с

11). Сөз мағынасына нұқсан келмейтін болса, кірме сөздер соңындағы а әрпі де түсіріледі. Себебі қазіргі қолданысымыздағы орфографиялық нормада газет, минут үлгісінде жазу тұрақтағанымен, анаграмма, телеграмма, фонограмма, кардиограмма сөздері өзгеріссіз таңбаланып жүр. Жаңа емле жобасындағы ұстаным осы сипаттағы жазу үлгісін бір жүйеге түсіреді және аталған сөздердің емлесі мына үлгіде болады: anagram / анаграм, telegram / телеграм, fonogram / фонограм, kardıogram / кардиограм т.с.с.

12). Ст, зд тіркесімдеріне аяқталатын сөздердің жазылуында соңғы дауыссыздары таңбаланбайды: jýrnalıst / журналист емес, jýrnalıs / журналис; sıezd / сиезд емес, sıez / сиез т.с.с.

13). Сөз соңындағы нг тіркесімінің орнына ń (ң) жазылады. Мәселен, спарринг сөзі sparıń / спариң, рейтинг сөзі reıtıń / рейтиң, боулинг сөзі boýlıń / боулиң үлгісінде жазылады да, олардың дыбысталу сапасы өзгеріп, кейін қазақ тілінің төл сөзіндей қабылданатын болады. Сондықтан, мұны да жаңа емленің артықшылығына жатқыздық.

14). Ағылшын тілінің түпнұсқасында w әрпімен басталатын сөздердің барлығы қазақ тілінде ý (у) әрпімен жазылады: whatsapp немесе vatsap емес, ýatsap / уатсап; webınar немесе vebınar емес, ýebınar / уебинар; bızneswýmen немесе bıznesvýmen емес, bıznesýmen / бизнесумен.

Түйіндей айтқанда, жаңа емле жобасында тың бастама – халықтың сөйлеу тілі дағдысын тірек ететін, тәуелсіз орфография қалыптастыруды көздейтін бастама – баршылық. Халыққа таныстыру мақсатында таңдаулысын іріктеп ұсынғанымызды да жоққа шығармаймыз. Дегенмен, аталмыш жоба үлгісінің алда әлі талай өлшеніп, талай пішілетінін және қаперден шығармаған дұрыс.

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,

«Болашақ» академиясының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

One thought on “Қазақ емлесінің ерекшелігі

  1. brent деген сөз негізінде brend. айтылғанда брэнд. Брент деп шатастырған дұрыс болмас.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.