Медицина

Ауыр дерттің алдын алу маңызды

Өткен сенбі Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасындағы гинекологиялық қатерлі ісікке қарсы күрес айлығына арналған Ашық есік. күні өтті. Аурухана мамандарының айтуынша, мұндай шаралар мен түрлі бағыттағы скринингтер тұрғындардың өздері білмей жүрген дерті болса, ертерек анықтау ға мүмкіндік береді.

 

Мəселен, Ашық есік күні ауруханаға 200 адам барды. Оның 10-ында қатерлі ісік ықтималдығы жоғары болса, 28 əйелде қатерлі ісікке дейінгі жағдайлардың. белгілері анықталған. Белгілер деп жасушалар құрылымындағы қандай да бір өзгерістерді айтады мамандар. Енді оның қатерлі ісікке айналуын болдырмай, емдеуге мүмкіндік туды.

– Бұл шаралардың мақсаты да – осы, ерте анықтау, – дейді №3 көпбейінді аурухананың амбулатриялық-емханалық қызмет жетекшісі Александр Красножен. – Науқастарға белгілердің байқалғанын күтудің қажеті жоқ. Əр адам денсаулығында ештеңе мазаламаса да, бір рет дəрігерден тексерілуі қажеттігін үнемі қайталаймын. Обыр деген бетперде артында тұрады. Басқа белгілермен көрініс беруі мүмкін. Обырдың нақты белгілері көрініс бергенде, кеш болуы ғажап емес. Сондықтан, сақтық науқастардың өзінде де болуы тиіс.

Маман бүгінгі таңдағы онкологиялық қызмет ауруды ерте анықтауға басымдық беріп отырғанын айтты.

– Скринингтер мен осындай шаралар бізде ғана емес, барлық емханаларда жиі ұйымдастырылады. Оның барлығы ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Онкологиялық аурулар аймақта былтырғымен салыстырғанда 1-2 пайызға өскен. Бірақ, бұл дабыл қағып, өсіп жатыр деуге келмейді, – дейді ол.

Ол жатыр мойны обыры қатерлі ісіктің агрессивті түріне жататыны, соңғы сатысында емделу қиын екенін еске салды.

Жалпы, қатерлі ісіктің қай түрі де бір күннің ішінде пайда болатын ауру емес.. Көп жағдайда адам ауруды сезбейді де.

– Обырдың қай түрі болмасын сау ағзада пайда болмайды. Толық немесе дұрыс емделмеген, созылмалы аурулар обырға алып келеді. Көбінесе пациент ем алып, жеңілдей бастаған кезде емін тоқтатуы мүмкін. Кейін ол созылмалы ауруға айналады. Жатыр мойны обырын алатын болсақ, жатыр мойнында қатерлі ісік пайда болғанға дейін қаншама ауру түрі бар. Эрозия, полип, эритроплакия, лейкоплакия сосын дисплазияға ауысады. Бұл – жатыр мойны обырының бастауы. Оның да жеңіл, орташа, ауыр түрлері бар.

Жатыр мойны обыры көрінбейді, білінбейді. Науқастардың асқынған кезде келуіне бұл да бір себеп. Əйтпесе, адам өз-өзіне жау емес қой. Ауырса, келіп, көрінер еді. Ал, қан кету, ауырсыну сияқты белгілер асқынған кезде, басқа органдарға əсер ете бастаған уақытта байқалатын жайттар, – дейді гинекология жəне онкогинекология бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Динара Имендинова.

Дəрігер ауруды ерте анықтап, асқындырмас үшін жылына екі рет гинекологқа қаралуға кеңес берді.

Гинекологиялық қатерлі ісікке қарсы күрес айлығы айдың соңына дейін жалғасады.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button