Медицина

Жаңа оқу жылы: балаларды жұқпалы тері ауруларынан қалай қорғаймыз?

Жаңа оқу жылы қарсаңында педикулез, қышыма және дерматомикоздар сияқты кең таралған жұқпалы тері ауруларының алдын алу ерекше өзекті болып отыр. Жазғы каникулдардан, сапарлардан, демалыстан кейін, балалар лагерлерінде және балалар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын басқа да орындарда болғаннан кейін ұйымдасқан ұжымдарға жұқпалы тері ауруларын әкелу және олардың таралу қаупі артады.

Сурет magnific.com

Педикулезді биттер қоздырады. Жұқтырудың негізгі жолы педикулезі бар адаммен тығыз қарым-қатынас жасау болып табылады. Сондай-ақ тарақ, бас киім, киімдер, төсек жабдықтары және басқа да жеке пайдаланылатын заттар арқылы жұғуы мүмкін. Негізгі алдын алу шарасы, әсіресе балаларды демалыстан, сапарлардан, лагерлерде болғаннан кейін шашы мен бас терісін үнемі қарап отыру болып табылады. Жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау және тек жеке пайдаланылатын заттарды қолдану маңызды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы санитариялық қағидаларына сәйкес ұйымдасқан балалар ұжымдарында және білім беру ұйымдарында педикулезге тұрақты тексерулер жүргізіледі. Балалар үйлерінде, сәбилер үйлерінде және мектеп интернаттарда тексеру апта сайын жүргізіледі. Мектепке дейінгі ұйымдарда балалар ұзақ уақыт, бір аптадан астам уақыт болмағаннан кейін қабылданған кезде, сондай-ақ айына бір рет іріктеп тексеріліп отырады. Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары каникулдан кейін тоқсан сайын, ай сайын төрт немесе бес топта іріктеп, сондай-ақ оқу жылының соңында тексеріледі.

Шаштан бит немесе сірке табылса, сондай-ақ қышыма, микроспория, трихофития немесе басқа да жұқпалы тері ауруларының белгілері байқалса, баланы мектепке немесе басқа да ұйымдасқан ұжымға жіберуге болмайды. Медицина маманына жүгініп, диагнозды анықтап алып, қажетті ем қабылдау қажет.

Қышыманы қышыма кенесі қоздырады. Жұқтыру негізінен науқас адаммен тығыз қарым-қатынас жасау кезінде болады. Сондай-ақ науқаспен қарым-қатынас кезінде киімдер, төсек жабдықтары және басқа да заттар арқылы жұғуы мүмкін. Қышымаға кешкі және түнгі уақытта күшейетін қатты қышыну тән. Күдікті бөртпелер пайда болған жағдайда дәрігерге жүгініп, тағайындалған емді қабылдау қажет.

Қышыманың алдын алу жеке бас гигиенасын сақтаудан, жеке іш киім, киімдер, сүлгі және басқа да жеке пайдаланылатын заттарды ғана қолданудан тұрады. Ауру анықталған жағдайда ем қабылдау, сондай-ақ науқас пайдаланған киімдер мен төсек жабдықтарын жуу және барлық заттарды арнайы өңдеу қажет. Ұйымдасқан ұжымдағы байланыста болған адамдарға 45 күнтізбелік күн ішінде медициналық бақылау белгіленеді.

Дерматомикоздар терінің, шаштың және тырнақтың саңырауқұлақ аурулары болып табылады. Оларға, атап айтқанда, микроспория және трихофития жатады. Инфекция көзі ауру адамдар мен жануарлар болуы мүмкін, ал жұқтыру тікелей қарым-қатынас кезінде немесе жұқтырылған заттар, киімдер, аяқ киім, сүлгі, тарақ және басқа да заттар арқылы болуы ықтимал.

Микроспория әсіресе балалар арасында жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көздерінің бірі ауру мысықтар мен иттер, соның ішінде қаңғыбас жануарлар болуы мүмкін. Сондықтан балаларға бейтаныс және қаңғыбас жануарларды қолына алуға және сипауға болмайды. Жануарлармен қарым-қатынастан кейін міндетті түрде қолды сабынмен жуу қажет.

Саңырауқұлақ ауруларының алдын алуға қоғамдық орындарда ерекше көңіл бөлу қажет. Моншаларда, сауналарда, бассейндерде, душ бөлмелерінде, шешінетін бөлмелерде және жағажайларда жеке резеңке аяқ киімдерді пайдалану қажет, жалаңаяқ жүруге болмайды. Сондай-ақ жеке сүлгі, жөке, тарақ және маникюр құралдары болғаны маңызды, бөтен аяқ киімдер мен бас киімдерді пайдалануға болмайды.

Егер сізде немесе балаңызда ауру белгілері пайда болса, медицина маманына жүгінуді кейінге қалдырмаңыз. Тері ауруының белгілері болған жағдайда айналадағы адамдармен қарым-қатынасты шектеп, уақтылы тексеруден өтіп, ем қабылдау қажет.

С.ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button