Ботулизм: тағамнан уланудың алдын алыңыз
Ботулизм адам өміріне елеулі қауіп төндіруі мүмкін аса ауыр тағамдық аурулардың бірі болып табылады. Көбінесе бұл ауру үй жағдайында дайындалған консервілерді, тұздалған, кептірілген және ысталған балықты, үй жағдайында дайындалған ет және саңырауқұлақ өнімдерін тұтынумен байланысты. Сондықтан өнімдерді дұрыс таңдау, оларды дайындау технологиясын және сақтау талаптарын сақтау ерекше маңызды.

Ботулизм құрамында ботулиндік токсин бар тағамды тұтыну нәтижесінде пайда болады. Ауру қоздырғышы қоршаған ортада кең таралған. Оның споралары топырақта болуы мүмкін және көкөністерге, жемістерге, жидектерге, саңырауқұлақтарға және басқа да өнімдерге түсуі ықтимал. Өнім дұрыс дайындалмаған және банка герметикалық түрде жабылған жағдайда, оның ішінде оттегісіз орта қалыптасады. Осындай жағдайда бактериялар қауіпті токсин түзуі мүмкін.
Ботулизмнің ерекшелігі мынада, ботулиндік токсин жұқтырылған өнімнің міндетті түрде бұзылған болып көрінбейді. Оның сыртқы түрі, иісі мен дәмі әдеттегідей сақталуы мүмкін. Сондықтан өнімнің қауіпсіздігін тек сыртқы белгілеріне қарап анықтау мүмкін емес. Күмәнді банканың ішіндегісін аз мөлшерде болса да татып көру қауіпті.
Алдын алудың негізгі ережелерінің бірі үй жағдайында дайындалған өнімдерді кездейсоқ сатушылардан және рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмау болып табылады. Мұндай өнімдерді интернет арқылы белгісіз сатушылардан да сатып алуға болмайды. Өнімдерді таңдаған кезде өндірушісі, жарамдылық мерзімі және сақтау жағдайлары көрсетілген өнеркәсіптік өндіріс өнімдеріне артықшылық берген жөн.
Үй жағдайында консерві дайындау кезінде санитариялық және технологиялық талаптарды сақтау қажет. Көкөністерді, жемістерді, жидектерді және саңырауқұлақтарды топырақ пен басқа да ластанулардан мұқият жуу керек. Бұзылған, шіріген немесе ұзақ уақыт сақталған өнімдерді пайдалануға болмайды. Банкалар мен қақпақтарды зарарсыздандыру ережелерін, дайындау технологиясын және белгіленген рецептураны сақтау маңызды. Оның ішінде рецептте көрсетілген сірке суы немесе лимон қышқылының мөлшерін сақтау қажет.
Банканы ашпас бұрын оның жағдайын мұқият тексеру керек. Қақпақтың ісінуі, герметикалығының бұзылуы, сұйықтықтың ағуы, жағымсыз иістің пайда болуы, өнім түсінің өзгеруі және басқа да бұзылу белгілері өнімді тұтынудан бас тартуға негіз болып табылады. Мұндай банканың ішіндегісін аз мөлшерде болса да татып көруге болмайды.
Үй жағдайында дайындалған консервілерді тұтынар алдында қосымша термиялық өңдеуден өткізу ұсынылады. Мысалы, оларды 15–20 минут қайнатуға болады. Алайда термиялық өңдеу анық бұзылған өнімді қауіпсіз ету тәсілі болып табылмайды. Егер банка күдік тудырса, оның ішіндегісін тұтынуға болмайды.
Үй жағдайында дайындалған өнімдерді дұрыс сақтау да маңызды. Оларды тиісті температурада сақтап, нақты өнімге белгіленген сақтау жағдайларын орындау қажет. Консервілерді ұзақ уақыт жылы жерде сақтау белгілі бір жағдайларда ботулиндік токсиннің түзілуіне ықпал етуі мүмкін.
Ботулизмнің алғашқы белгілерін әр адам білуі қажет. Аурудың алғашқы белгілері қауіпті өнімді тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан соң немесе бірнеше тәулік ішінде пайда болуы мүмкін. Алғашқы кезде жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, нәжістің бұзылуы және әлсіздік байқалуы мүмкін. Кейін жүйке жүйесінің зақымдануына тән белгілер пайда болады. Олардың қатарында ауыздың құрғауы, көру қабілетінің бұзылуы, көз алдында тұман немесе тордың пайда болуы, қосарланып көріну, қабақтың түсуі, жұтыну мен сөйлеудің қиындауы, бұлшықеттердің айқын әлсіздігі бар. Ауыр жағдайларда тыныс алу бұзылуы мүмкін.
Егер үй жағдайында дайындалған консервілерді немесе басқа да күмәнді өнімдерді тұтынғаннан кейін осындай белгілер пайда болса, мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет. Жағдайдың өздігінен жақсаруын күтуге немесе өздігінен емделуге болмайды. Ботулизм кезінде дереу ем қабылдаудың маңызы зор.
Егер белгілі бір өнім аурудың себебі болуы мүмкін деген күдік болса, оның қалдықтарын бірден тастауға болмайды. Оларды ықтимал зертханалық тексеру үшін сақтау қажет. Бұл әсіресе бір өнімді бірнеше адам тұтынған жағдайда маңызды.
Қарапайым тағам қауіпсіздігі ережелерін сақтау ботулизм қаупін төмендетуге көмектеседі. Өнімнің қауіпсіздігіне күмән туындаған жағдайда оны тұтынудан бас тартқан дұрыс. Адамның денсаулығы бір банка үй жағдайында дайындалған өнімнен әлдеқайда маңызды.
C.ИРИСТАЕВ
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері



