Сайлау – 2021

«Ауыл әкімдері – мемлекеттік жүйенің іргетасы»

25 шілде күні Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округі әкімдерін тікелей сайлауы өтті. Халық таңдауын жасады, өзі қалаған кандидатына дауыс берді. Қарағанды облысы бойынша барлығы 75 селолық округ әкімі сайланды. 257 үміткер бағын сынады. Саяси партиялар тарапынан да, жекелеген азаматтар жағынан да қызығушылық өте жоғары болды. Кеше сайлау қорытындысы бойынша жеңіске жеткен, жаңадан сайланған әкімдермен облыс басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК онлайн форматта кездесті.

Елбасымыз қоғамды демократияландыру, өзін-өзі басқару институттарын жетілдіру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келді. Оның ішінде, жергілікті әкімдер сайлауына баса назар аударып, 2013 жылы пилоттық жобада да сайлау өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында елдегі әлеуметтік және саяси мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Соның ішінде, ауыл әкімдерін тікелей сайлау мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар берді. Президент бастамасы қоғамда қызу талқыланып, үлкен қолдауға ие болды. Бұл оқиға – Тәуелсіз ел тарихындағы айтулы белес. Нәтижелерге қарап отырсақ, көпшілігіңіз алғаш рет әкім болып отырсыздар. Сайлау өткен ауыл басшыларының құрамы 77%-ға жаңарды. Бұл – өте жақсы, себебі – жаңа көзқарас проблемаларды жаңаша қарауға көмектеседі. Ауыл әкімдері – барлық мемлекеттік жүйенің іргетасы, – деген Жеңіс Қасымбек халық сеніміне ие болып, жеңіске жеткен ауыл әкімдеріне жауапкершілігі мол жұмыста сәттілік тіледі.

Кездесу барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов өткен сайлауға тоқталды. Сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 81 540 азамат енгізілсе, оның 61 846 (75,85%) дауыс беруге қатысты. Әкімдікке кандидаттар саны – 257 адам. Барлық 75 сайлау округінде әкімдер сайланды. Nur Otan партиясынан – 56 адам, «Ауыл» ХДПП – 3 адам, «Ақ жол» ҚДП – 1 адам, «ADAL» СП – 1 адам, өзін-өзі ұсынған – 14 адам әкімдік міндетіне кірісіп кетті.

Жиында Nur Otan партиясының мүшесі Бұқар жырау ауданы Шешенқара ауылдық округінің әкімі Гүлден Мұқанова:

– Алдымен, сенім білдіріп әкім ретінде тандаған ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін. Nur Otan партиясының басты мақсаты – халықтың әл ауқатын арттыру, осы орайда барлық күшімді ауылымызда жаңа жұмыс орындарын құру үшін жұмсаймын. «Ауыл – Ел бесігі» есебінен аудандық және жергілікті маңызы бар тас жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге атсалысамын. Мектепте жаңа модификация кабинеттерін жабдықтауды қолға аламын. Ауыл – асыл қазына. Оны көркейту, дамыту – біздің қолымызда, мойынымызға үлкен жауапкершілік жүктелді. Сондықтан, ел сенімін ақтауға бар күш – жігерімізді саламыз, – дейді.

Енді Абай ауданының Қарағанды ауылдық округін 26 жастағы Владислав Кирей басқарады. Ол – ең жас әкім.

– Ел тарихында алғаш рет ауыл тұрғындары әкімдерді сайлады. Бұл демократия мен жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуын көрсетеді. Бұл сайлау жастардың басқарушы ретінде өз күшін сынап көруге барлық мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Қызметке кірісе отырып, табыс адамдардың өмірінің жақсаруына және округтің дамуына байланысты болатынын түсінемін, – дейді Владислав Кирей.

Сонымен қатар, жаңа сайланған «Ауыл» партиясының мүшесі Осакаров ауданы Қаратомар ауылының әкімі Ержан Найманбай, «Адал» партиясының өкілі Абай ауданы Южный кентінің әкімі Исламбек Жумалдинов, «Ақжол» партиясының мүшесі, Ұлытау ауданы Ақтас кентінің әкімі Дулат Сүлейменов, Ақтоғай ауданы Шашубай кентінің өзін-өзі ұсынған әкімі Данияр Серіков сайлаушыларына алғыс білдіріп, сенімнен шығатындарын айтты.

Жеңіс Қасымбек әкімдердің өздерін сайлаған xалықтың алдындағы ерекше жауапкершілігіне назар аударып, аудан, қала және облыс әкімдерінің оларды толық қолдап, қоян-қолтық жұмыс жасайтынын баса айтты.

– Ауыл – алтын бесігіміз. Ауыл – атамекеніміз. Ауылдың гүлденуі, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінің кепілі. Ел экономикасында ауыл шаруашылығының алатын орны ерекше. Кез келген азамат үшін ел сенімін, халықтың үмітін ақтаудан асқан жауапкершілік жоқ. Халыққа, мемлекетке қалтқысыз қызмет қылу, адал еңбек ету – біздің ең басты борышымыз, абыройлы міндетіміз, – деп қорытындылады аймақ басшысы алқалы жиынды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button