Сенім мен үміт таразыға түскен сәт

Қазақстан билігі саяси реформаларға серпін береді деген ауыл әкімдерін сайлау өз мәресіне жетті. «Таң атпайын демейді – күн қоймайды» демекші, демократияның нақ анықтамасы «халық билігі» десек, сол халық, яғни, облыстың 60 мыңға тарта ауыл тұрғыны өз таңдауын жасады. Енді 149 елдімекенде аудан басшысына емес, өзін сайлаған халыққа тікелей есеп беретін ауыл әкімдері жұмысына кіріспек. Жай кірісіп қана қоймайды, халқы күткен алғырлықпен, іскерлікпен, жаңашылдықпен кадр саясатына тың серпін бермек. Осылайша, ауыл әкімдерін тікелей сайлау еліміз үшін алғашқы тәжірибе болған сайлау науқаны 2024 жылы аудан әкімдерін сайлауға ұласады.

Ауыл болашағы үшін

Жоғарыда айтқанымыздай, облыстағы ауылдық округтер әкімдерін сайлауға 60 мыңдай сайлаушы қатысса, бұл – тіркелген дауыс берушілердің 74 пайызы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов ауылдық округ әкімдерінің алғашқы сайлауында бақылаушылар да, сенімді өкілдер де белсенді болғанын айтады. Ал, сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес,

25 шілдеде учаскелердің жабылу сәтіне дейін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 75,85 пайызы дауыс берген.

Сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, дауыстарды қайта санау, учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларында сәйкессіздікте қателер болмаған, сондай-ақ, сайлау комиссияларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне жазбаша шағымдар түспеген.

Қарағанды облысында сайлау барлық 75 сайлау округінде, 149 елді мекенде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 257 кандидат енгізілді, олардың 79-ын саяси партиялар ұсынды. Nur Otan партиясы – 61, «Ауыл» ХДП – 3, «Ақжол» – 3, «Адал» партиясы – 3 және ҚХП – 9 кандидат ұсынса, 178-і – өзін-өзі ұсынушылар. 75 сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 81 540 азамат енгізілді, дауыс беруге 61 846 адам қатысты – бұл 76%, – дейді Ерқара Балқараұлы.

Ерқара Аймағамбетов сайланған 75 адамның 28-і мемлекеттік қызметші екенін айтты. Оның 17-і сол ауылдық округке қайта сайланды, тағы 7-і басқа ауылдық округтердің әкімдері, 5-і коммерциялық құрылымдардың өкілдері, 17-і – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 1-і уақытша жұмыс істемейтін, тағы 3-і әкім-әйелдер. Олардың арасында экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, саясаттанушылар, басқа да мамандық өкілдері бар.

Аймақтар бойынша сайлаушылардың белсенділігі жағынан қара үзгені – Осакаров ауданы. Алдын ала дерек 4 мыңнан аса аудан тұрғындары 88% бюллетень алып, өз таңдауларын жасағанын көрсетеді. Осакаровты небары 1 пайызға ғана алдыға салған Жаңаарқа ауданы да қалысқан жоқ. 87,61% бюллетень пайдаланған 2779 ауыл тұрғыны ұлт ұйытқысы болған ауылдың болашағы үшін дауыс берді. Үшінші орынға шыққан Қарқаралы ауданының тұрғындары 85,34% бюллетень пайдаланып, яғни, 3330 адам дауыс беріп, тарихи сәттен шеткері қалмай әрі өз мүдделері үшін ауыл әкімдерін сайлауға атсалысты.

Індетке байланысты сайлау барлық санитарлық талаптардың сақталуымен өтті. Сондай-ақ, Ерқара Аймағамбетов сайлау учаскелерінде азаматтардың, оның ішінде, ерекше қажеттілігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасалғанын айтады.

«Әкімінің құзыреті жоғары болуы керек»

Өзге аудандармен салыстырғанда сайлаушылар жағынан жоғары көрсеткішке жеткен Осакаров ауданында 8 ауылдық округтегі 14 сайлау учаскесінде 8 әкімге тұрғындар дауыс берді.

Сайлау күні Батпақты ауылдық округінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы, бірнеше жыл қатарынан Батпақты ауылының әкімі қызметін атқарған Ольга Геренчир: «Ауыл әкімі тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар, оның басқарушылық және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болуы тиіс. Ол үшін үздіксіз үйрену қажет. Әкім бола жүріп тұрғындарға сөзіңді өткіземін десең, өзің де ашық, мейрімді болуың шарт» дейді. Сондай-ақ, Ольга Владимировнаның пікірінше, сайланған әкім сайлаушылар мен жергілікті қоғамдастық алдында жауапты. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары бірлесе отырып, қоғамның сұраныстарына неғұрлым тиімді шешіп және жедел ден қоя алады.

Есіл ауылдық округінің №656 сайлау учаскесіне таңдау жасауға келген Әлия Мұстафина тікелей сайлау демократияландырудың тағы бір қадамы дейді. Оның айтуынша, сайланған ауыл әкімдерінің әрі қарай жұмыс істеуі де ауыл тұрғындарына байланысты.

Сайлау нәтижесі жергілікті атқарушы биліктің өзін-өзі басқару органдарының дербестігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жергілікті жерлердегі өзекті мәселелер тез арада шешімін таппақ. Ауыл әкімдерін сайлау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни, жергілікті халық әкімді сайлап қана қоймай, сенім білдіреді. Ал сайланған әкім ауылдың барлық қажеттілігін, мәселесін шешеді деп ойлаймын, – дейді Әлия Мұстафина.

Сайлау учаскесінде санитарлық талаптар сақталған. Келушілердің дене қызуын өлшеу үшін арнайы жауапты қызметкер бекітіліп, 1,5 метр арақашықтықты сақтау арқылы сайлаушылардың қозғалысын бағыттайтын жол көрсеткіштері белгіленген. Ғимаратқа кіргенде қолды дезинфекциялау, бетперде кию міндеттілігі тағы бар.

Шет таңдауын жасады

Шет ауданының халқы кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін өздері сайлау мүмкіндігіне қол жеткізді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың ауылдар мен ауылдық округтердің жергілікті өзін-өзі басқаруына жол ашқан оң шешімі алғашқы жемісін берді. Осылайша, ауыл-кент әкімдерінің ашық бәсекелестікте өткен сайлауы барысында сайлаушылардың 80%-ы дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін танытты.

Мен Шығыс сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым. Дауысқа түскен үш кандидаттың да өмір және еңбек жолымен толық танысып, өзім қалаған үміткерге дауысымды бердім. Жерлестерімді сайлауға қатысып, кентіміздің басшысын сайлауға шақырамын, – деді Ақадыр кентінің тұрғыны Сандуғаш Көпенова.

Жалпы, аудан бойынша ауылдық округтерде 10001 сайлаушы бар болса, соның ішінде, Жамбыл кентіндегі дауыс беруге тиіс тізімдегі сайлаушылардың 92 пайызы, К.Мыңбаев атындағы ауылдық округтегі сайлаушының 93 пайызы дауыс берген.

Ал, Жазушылар Одағының мүшесі, Ұлты Отан және Еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі, жазушы Өмір Кәріп сайлау науқанына белсенді атсалысуға шақырып, Ақадыр кенті тұрғындарына үндеу тастады.

Бұл – өте маңызды саяси шара. Сайлау дегеніміз – тәртіп, сайлау – болашаққа деген сенім. Сондықтан, әркім дауыс беріп, өз таңдауын жасауы тиіс. Кез келгеніміз қалыс қалмайық, – деді ол.

Ауыл сенім білдірді

Гүлшат кентінде де сайлаушының барлығы дерлік таңдауын жасады. Балқаш қалалық аумақтық Мейірхан Тәтибековтің айтуынша, ауылда тұратын 234 тұрғынның 194-і сайлауға қатысып, белсенді дауыс берген.

– Гүлшат кентінің әкімі лауазымына төрт үміткер болды. Сайлау барысында өрескел заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Өңірдегі тұрғындардың белсенділігі түстен кейін артты. Ауыл тұрғындары саяси науқанға 83 пайыз қатысты, – дейді Мейірхан Тәтибеков.

Аталмыш кенттің тұрғыны Жақсылық Шорин ауыл әкімдерінің сайлауы ауылдарына ерекше серпіліс әкелетініне сенімді. Мұндай қадам олқылықтарға орын бермейді әрі жергілікті жерде таңдау жасаудың пайдасы көп деп ойлайды.

– Ауыл әкімдерін сайлау бірінші рет өткізіліп отырғандықтан, кеткен кемшілік келесіде түзеледі.

Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар. Сондықтан, жұртты біріктіретін, елдік жолында қызмет ететін әкімді тұрғындар өзі таңдайды. Енді, мемлекеттік билік қана емес, сол жердегі ақсақалдар, үлкендер де араласуға құқығы бар. Бұл елдегі жемқорлықтың жолын қиып, әділдіктің ақ жолын таңдайтын сайлау болмақ, – дейді ол.

Жаңаарқа ауданында да сайлау белсенді өтті. 25 шілдеде түс аумастан-ақ Орынбай және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары көш бастады. Мәселен, Орынбай ауылдық округінде сайлаушылардың 92%-ы, ал, Айнабұлақ сайлау округінде сайлаушылардың 83,2%-ы дауыс беріп үлгерген.

Халық – белсенді

Қарқаралы ауданындағы 8 ауылдық округте әкім сайлауы өтті. Қоянды, Мәди, Абай, Мамыраев, Қ. Аманжолов, Бақты, Жаңатоған, Нұркен ауылдық округтерінде 3902 сайлаушы өз таңдауларын жасады. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысты. Жалпы саны 26 кандидат қатысып, 8 кандидатты халық дауыс беру арқылы әкім ретінде таныды. Оның ішінде, 2-і – өзін-өзі ұсынғандар.

Ауыл әкімдерін жергілікті халықтың сайлауы ел тарихындағы маңызды демократиялық қадам болды. Ауылдың тыныс-тіршілігі жіті таныс, ауылға жаны ашитын көзі ашық, көкірегі ояу азаматты таңдауда Қарқаралы ауданының халқы белсенділік танытты.

– Мен де өзіме берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, таңдауымды жасадым. Жаңа келген әкім біздің проблемамызды шешеді деп ойлаймын. Ауылымыздағы басты проблемалардың бірі – жол мәселесі. Жолды жөндеп, ауылымызды жарықтандырып, аббаттандырып берсе, екіншісі – жастарға қолдау көрсетсе дұрыс болар еді, –дейді Қ.Аманжолов ауылдық округінің тұрғыны Назира Кәдірбекова.

Ал, Нұра ауданында 10 ауылдық окургте сайлау өтті. Балықтыкөл, Жараспай, Қайнар, К.Мыңбаев, Қарой, Кертінді, Құланөтпес, Мұзбел, Тікенекті және Шахтер ауылдарындағы сайлаушылардың жалпы саны – 4171. Әкімдікке үміткер 36 кандидаттың 9-ы – Nur Otan-нан, 1-і – ауыл тұрғыны болса, 26-ы – өзінөзі ұсынушылар. Сайлауға Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар атынан 50-ден астам бақылаушылар мен кандидаттың сенімді өкілдері қатысып, сайлаушылардың 80%-ы өз таңдауын жасады.

Келеңсіз жайттар орын алған жоқ

Ал, Бұқар жырау ауданының 9 сайлау округінде 2449 сайлаушы дауысын берді. 2021 жылғы 25 шілдеде Бұқар жырау ауданының ауыл, ауылдық округтері әкімдерінің тоғыз сайлау округі бойынша сайлауы өтті. Олар: Қушоқы, Ғабиден Мұстафин кенттері, Ақтөбе, Бұқар жырау, Новоузенка Ростов, Шешенқара, Жаңаталап, Қарақұдық ауылдық округтерін.

Ақтоғай ауданы бойынша 5856 сайлаушы болса, дауыс бергені – 4797. Пайызға шаққанда – 82%. Мұнда Қусақ, Қарабұлақ, Нұркен, Қараменде би, Тораңғылық ауылдық округтері, Шашубай, Сарышаған кентіндегі сайлау учаскелерінде бұқара дауыс берді. Сайлау барысында заң бұзушылықтар, оқыс оқиғалар, бюллетеньдерді қайта есептеу тәрізді келеңсіз жайттар орын алған жоқ.

Ұлытау ауданындағы Амангелді, Шеңбер, Алғабас, Сарысу, Қоскөл, Жангелді және Ақтас кентінде тіркелген кандидаттар – 24. Оның ішінде 7 -і – саяси партиялардан, 17 -і – өзін-өзі ұсынғандар. Ал, Nur Otan-нан – 6, Ақжолдан – 1 кандидат сайлауға түскен.

Аталған округтер бойынша 2046 сайлаушының 1741-і дауыс беріп, аудан бойынша 85,09 % көрсеткішке жеткен.

Салтанат ІЛИЯШ,

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

Нұрдос КӘРІМ,

Сағыныш ӘБІЛ.