Адал еңбектің беделі – қоғамның бағдары
Маңдай термен келген нанның қадірі бөлек, адал еңбекпен жеткен абыройдың орны ерек. Қай салада болмасын, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігін шыңдаған маман қоғамның дамуына үлес қосады. Өндірістің өркендеуі де, экономиканың әлеуеті де білікті кадр мен табанды еңбектің нәтижесіне тікелей байланысты. Еңбек адамының мәртебесін көтеру – ел дамуының маңызды бағытының бірі.

Қарағанды өңірі – ежелден өндірісімен танылған өлке. Кеншілер мен металлургтер, энергетиктер мен машина жасаушылардың маңдай тері аймақтың экономикалық тынысын қалыптастырып келеді. Бүгінде өндіріс орындарында заманауи технологиялар енгізіліп, жұмыс үдерістері жаңарғанымен, адам еңбегінің маңызы өзгерген жоқ. Керісінше, жаңа талаптарға бейімделген, кәсіби білімі мен тәжірибесі қалыптасқан мамандарға сұраныс артып отыр.
Еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындайтын жайттың бірі – кәсіби тәжірибені кейінгі буынға жеткізу. Бұған Шахтинск қаласындағы Qarmet Machinery кәсіпорнының токарі Жарасқан Әбдрешовтің еңбек жолы дәлел. Ол өндіріс саласында көп жылдан бері еңбек етіп, жас мамандарға станокпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп келеді.
– Мен өнеркәсіп саласында көп жылдан бері еңбек етіп келемін және бір білерім: ортақ нәтиже әр адамның еңбегінен құралады. Өз мамандығыңызды құрметтеңіздер, еңбектеріңізді бағалаңыздар – сонда еңбектің лайықты бағасы міндетті түрде беріледі», – дейді Жарасқан Әбдрешов.
Оның кәсіби ұстанымы өндірістегі сабақтастықтың маңызын көрсетеді. Жас маманның білікті маман болып қалыптасуы тек теориялық біліммен шектелмейді. Станок басындағы тәжірибе, қауіпсіздік талаптарын меңгеру, әр бөлшекке мұқият қарау және жұмысты сапалы орындау кәсіби шеберліктің негізгі өлшеміне айналады. Тәжірибелі маманның тәлімгерлігі осы дағдыларды қалыптастыруға жол ашады.
Еңбек адамының мәртебесі мен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесі Мемлекет басшысының саяси-экономикалық бағдарында да айрықша орын алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында өнеркәсіпті технологиялық жаңарту, энергетика әлеуетін нығайту және экономиканы дамыту міндеттеріне тоқталды. Бұл бағыттардың барлығы өндірістегі кәсіби кадрлардың біліктілігімен, еңбек өнімділігімен және жауапкершілігімен тығыз байланысты.
Ал, 2 қарашада Теміртау қаласында «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен кездескен Мемлекет басшысы Қарағанды облысының өндірістік әлеуетіне тоқталды. Президенттің айтуынша, аймақта ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілген. Сондай-ақ, өндіріс орындарына озық технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беріліп келеді.
– Кеншілер мекенін нағыз еңбек адамдарының киелі бесігі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтары иелерінің кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы өндірістің дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Жастарды техникалық және кәсіптік білімге тарту, өндіріс орындары мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайту маңызды. Бүгінгі еңбек нарығы тек жұмыс күшін емес, жаңа технологияларды меңгерген, кәсіби білімі жоғары, жауапкершілігі қалыптасқан мамандарды қажет етеді. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарға кәсіптік бағдар беру және тәжірибелі мамандардың тәлімгерлік қызметін қолдау өзекті болып қала береді.
Адал еңбекке құрмет көрсету тек марапат пен атақ арқылы өлшенбейді. Ол – маманның қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасау, кәсіби өсуіне мүмкіндік беру, еңбегіне лайықты ақы төлеу және қоғамда оның мәртебесін мойындау. Әр кәсіп иесінің еңбегі бағаланған жерде кәсіби жауапкершілік те, өндірістік мәдениет те нығаяды. Қарағандының өндірістік қуаты – осында еңбек ететін адамдардың тәжірибесі мен табандылығының жемісі. Сол дәстүрді жалғастыратын жас буынның қалыптасуы бүгінгі тәлімгерлердің еңбегіне байланысты. Еңбек адамының абыройын асқақтату – бір күндік науқан емес, қоғамның тұрақты құндылығына айналуы тиіс.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Орталық Қазақстан»


