Колледжден өндіріс орнына дейінгі жол
Бүгінде еңбек нарығындағы сұраныс пен өндіріс саласындағы технологиялық өзгерістер кәсіби маман даярлау ісіне жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе, тау-кен өндірісі, энергетика, машина жасау және ақпараттық технологиялар салаларында білікті кадрға деген қажеттілік арта түскен. Мұндай жағдайда колледж қабырғасында берілетін теориялық білімнің тәжірибемен ұштасуы, оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланыстың нығаюы айрықша маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, білім мен өндірісті жақындастыратын басты тетіктің бірі – дуальды оқыту жүйесі. Бұл тәсіл студентке оқу барысында өндіріс тынысымен танысып, кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берсе, жұмыс берушіге болашақ маманын ертерек танып, өз талаптарына сай даярлауға жол ашады.

Қарағанды облысында бұл бағыттың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. 2024–2025 оқу жылында дуальды оқыту жүйесімен 35 колледждің 6 948 студенті қамтылса, 2025-2026 оқу жылында олардың саны 8 132-ге жеткен. Бүгінде 37 колледж осы оқыту тәсілін қолданады. Ал маман даярлау ісіне өңірдегі 464 кәсіпорын мен ұйым тікелей атсалысып отыр. Әйткенмен, дуальды оқытудың тиімділігін тек қамтылған студенттердің санымен бағалау жеткіліксіз. Оның шынайы нәтижесі – оқу орнын бітірген жастың алған білімін нақты өндірісте қолданып, тұрақты жұмысқа орналасуы. Осы тұрғыдан алғанда, жүйенің еңбек нарығына қаншалықты ықпал етіп отырғанына назар аударған жөн.
Дуальды оқытудың дәстүрлі білім беру жүйесінен басты айырмашылығы – жұмыс берушінің маман даярлау үдерісіне тікелей қатысуында. Яғни, кәсіпорын студентті өндірістік тәжірибеден өткізіп, оның бойында нақты жұмыс орнына қажетті кәсіби машықтарды қалыптастыруға да мүдделі. Соның арқасында жас маман диплом алғанға дейін-ақ өндірістің жұмыс тәртібін, технологиялық ерекшеліктерін және ұжымдық еңбек мәдениетін меңгереді.
– Дуальды оқытудың басты артықшылығы – студенттің теориялық білімін өндірісте бірден бекітуінде. Жұмыс беруші де болашақ маманын сырттан іздемей, оны оқу кезеңінен бастап өз өндірісінің талабына бейімдейді. Студент кәсіпорынның жұмыс тәртібін, технологиялық үдерістерін, ұжыммен жұмыс істеу ерекшеліктерін ертерек меңгереді. Соның нәтижесінде диплом алғаннан кейін еңбек ортасына қайта бейімделуге уақыт жоғалтпайды, – дейді облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Айгерім Түркенова.
Бұл тәсілдің нәтижесін түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішінен де аңғаруға болады. Білім басқармасының мәліметінше, дуальды оқыту жүйесімен қамтылған 2 596 түлектің 1 200-і өздері тәжірибеден өткен кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа қабылданған. Демек, өндірістік тәжірибе мыңнан астам жас үшін кәсіби еңбек жолының бастауына айналған.
Сонымен қатар, колледждер мен кәсіпорындардың әріптестігі оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға да ықпал етіп отыр. 2024–2026 жылдар аралығында жұмыс берушілермен бірлесіп 303 білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылған. Кәсіпорын өкілдері оқу бағдарламаларын жетілдіруге ғана емес, студенттердің емтихандары мен қорытынды аттестаттау жұмыстарына да қатысады. Ал жекелеген мамандықтар бойынша білім алушылардың кәсіби құзыреті демонстрациялық емтихандар арқылы бағаланады.
Мұның бәрі бүгінгі өндіріс талаптарына сай маман даярлаудың маңызын көрсетеді. Өйткені технологиялық үдерістер үздіксіз өзгеріп, бұрын қол күшімен атқарылған көптеген жұмыс автоматтандырылған жүйелерге көшіп жатыр. Сондықтан колледждер тек қалыптасқан кәсіптерді меңгертумен шектелмей, ертеңгі еңбек нарығында сұранысқа ие болатын дағдыларды да үйретуі қажет.
Осыған байланысты оқу бағдарламаларына да жаңа технологияларға қатысты бағыттар енгізілуде. Айгерім Өміртайқызының айтуынша, тау-кен өндірісі мен энергетика салаларында автоматтандыру және цифрландыруға, ал ақпараттық технологиялар бағытында жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік пен бұлтты технологияларға басымдық беріліп отыр. Жұмысшы мамандықтары бойынша заманауи дәнекерлеу тәсілдерін, бақылау-өлшеу аспаптарын және сандық бағдарламалық басқарылатын жабдықтармен жұмыс істеу машықтарын меңгерту көзделген.
Мәселен, Қарағанды қаласында ашылған «Central Asia Mining Services» компаниясының тау-кен жабдықтарын жөндеу және қалпына келтіру орталығы өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайтудың нақты үлгісіне айналып отыр. Аумағы 6 мың шаршы метрден асатын кәсіпорын заманауи диагностикалық стендтермен жабдықталған. Мұнда тау-кен саласында қолданылатын түрлі техникаларға жөндеу, сервистік қызмет көрсету және толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ компания Caterpillar, Epiroc, Sandvik және Volvo секілді әлемдік жетекші өндірушілердің техникасына қызмет көрсетіп, олардың түпнұсқа қосалқы бөлшектерін жеткізеді.
Өндірістік орталықтың әлеуетін кадр даярлау ісімен ұштастыру мақсатында компания Қарағанды жоғары политехникалық колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Келісім аясында студенттерге кәсіпорын базасында өндірістік тәжірибеден өтіп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік жасалады. Бұдан бөлек, оқуын аяқтаған түлектердің кәсіпорынға жұмысқа орналасуына да жол ашылады.
Өндіріс орындарымен мұндай байланыстың маңызын жоғары оқу орындарының өкілдері де атап өтеді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің аппарат басшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Аристотель Исағұловтың айтуынша, оқу орнының кәсіпорындармен әріптестігі болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Біздің оқу орнымыз Қазақстан, Ресей және басқа да мемлекеттердегі 86 ірі кәсіпорынмен тығыз байланыс орнатқан. Қазіргі таңда 46 кәсіпорынмен серіктестік қарым-қатынас жолға қойылып, 46 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде технологиялық машиналар мен жабдықтар, соның ішінде бұрынғы тау-кен машиналарын қалпына келтіру бағыты ерекше орын алады. Мені зауытта еңбек ететін жоғары білікті, кәсіби мамандардың деңгейі тәнті етті. Мұнда әлемнің жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден өткен мамандар жұмыс істейді. Бұл – өндірістің әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік беретін маңызды фактор. Алдағы уақытта серіктестік келісімдер мен меморандумдарға қол қоюды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Ал, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі үшін өндіріс орындарымен байланыс орнату – маман даярлаудың негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде оқу орнында 3 мыңнан астам студент 21 техникалық мамандық бойынша білім алады. Автомобиль көлігі, энергетика, ақпараттық технологиялар, төтенше жағдайлар және өрт қауіпсіздігі, құрылыс, жаңартылатын энергетика секілді бағыттар бойынша кадр даярлайтын колледждің кәсіпорындармен байланысы да ауқымды.
– Қазіргі уақытта біздің 90 әлеуметтік серіктесіміз бар. Өңірдегі кәсіпорындар мен зауыттардың басым бөлігімен тығыз байланыс орнатқанбыз. Дуальды оқыту жүйесі студент колледжге қабылданған алғашқы күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл – өндіріс пен білім беру арасындағы тікелей байланыс. Бүгінде оқу бағдарламаларымыз жұмыс берушілердің сұранысына сай жасақталады, – деді колледж директоры Жанар Рахимова.
Жалпы, колледж бен кәсіпорын арасындағы әріптестік – тек тәжірибе алмасудың немесе келісімге қол қоюдың нәтижесі емес. Бұл – жас маманның кәсіби қалыптасуына, өндірістің білікті кадрмен толығуына және өңір экономикасының дамуына ықпал ететін маңызды байланыс. Ең бастысы, студент колледж табалдырығын аттаған сәттен бастап болашақ жұмыс орнымен танысып, білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алады. Ал өндіріс орны өзіне қажетті маманды даярлау ісіне тікелей араласады. Демек, колледжден өндіріс орнына дейінгі жол неғұрлым қысқа әрі мазмұнды болса, еңбек нарығына келетін жас маманның да бәсекеге қабілеті соғұрлым жоғары болмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
ortalyq.kz



