Қарағандыда әйелдердің өзекті мәселелері талқыланған облыстық форум өтті
Қазіргі күні жолы жіңішке қадамның алдында мүмкіндіктермен қатар, уақыт талабынан туындаған тың міндеттер де тұр. Әйелдің қоғамдағы орнын айқындау, әлеуетін арттыру және өзекті мәселелерін ортаға салу мақсатында Қарағандыда «Әйелдер әлеуеті: заманауи сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық форум өтті.

Алқалы форумда әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі, кәсіпкерлік мүмкіндіктері, отбасылық құндылықтар мен заманауи сын-қатерлерді талқыланды.
Бұл форум – «Әйелдер әлеуеті» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың қорытынды кезеңі. Жоба Қарағанды облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен басталғаны мәлім. Ал, оның жүзеге асырылуын облыстық ішкі саясат басқармасы үйлестірді.
– «Бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз әйелдің қоғамдағы орнын айқын көрсетеді. Сондықтан, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлеуетін арттыру – маңызды міндет. Бүгінгі форум да өзара тәжірибе алмасып, өңірдің дамуы, жас ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Бұған дейін жоба аясында облыстың ауылдық елдімекендері мен аудандарында әйелдермен бірқатар көшпелі кездесулер ұйымдастырылған. Ашық диалог форматында өткен басқосуларда қазіргі қоғамдағы әйелдің орны, оның отбасы мен ел дамуына қосатын үлесі, кәсіби және қоғамдық өмірдегі мүмкіндіктері сөз болды.
– Біз алты жылдан бері көпбалалы отбасылармен жұмыс істеп, аналардың әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге атсалысып келеміз. Біздің жұмысымыз тек материалдық қолдаумен шектелмейді. Әйелдердің қоғамдағы орнын нығайтып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына, өмірден өз орнын табуына жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық береміз. Қорымыз аясында «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша әйелдерді кәсіпкерлікке баулимыз. Олардың арасында ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен үйде отырған, жоғары білімі болғанымен, бірнеше рет декреттік демалысқа шығуына байланысты мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған аналар да бар. Бағдарлама арқылы олар жаңа кәсіп меңгеріп, еңбек нарығына қайта оралуға мүмкіндік алады. Біздің басты мақсатымыздың бірі – көпбалалы әйелдерге қатысты қоғамда қалыптасқан масылдық түсінікті өзгерту. Әйел бір мезгілде әрі ана, әрі кәсіпкер, әрі қоғамның белсенді мүшесі бола алатынын көрсету маңызды, – деді «Асыл ана» қоғамдық қорының жетекшісі Айжан Байдилдина.

Форумның күн тәртібінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік, репродуктивті денсаулық, отбасылық тәрбие мен дәстүр сабақтастығы секілді маңызды тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ, эмоционалдық күйзелістің алдын алу, жасанды интеллект пен цифрландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері қозғалды. Әсіресе, отбасы институтын нығайту мен бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге айрықша назар аударылды. Осы орайда облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Индира Токмурзина «Отбасындағы тәрбие – сапалы ұлт болудың негізі» тақырыбында баяндама жасады. Ол отбасындағы тәрбие, ата-ана жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесінің қоғам болашағымен сабақтастығы жөнінде ой қозғады.
– Қазіргі технология қарқынды дамып, ақпарат ағыны күшейген заманда ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін отбасылық құндылықтардың маңызы зор. Соңғы жылдары әйелдердің әлеуметтік әлеуетін арттыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Алайда, бұл ер азаматтың қоғамдағы рөлін төмендету деген сөз емес. Қоғамда ер мен әйелдің орны өзара үйлесіп, тепе-теңдік сақталуы керек. Өйткені, әрбір жетістікке жеткен адамның артында оны қолдаған, тәрбиелеген, бағыт берген әйел тұрады. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, суицид және басқа да әлеуметтік мәселелер қоғамды алаңдатып отыр. Мұндай келеңсіздіктерге көз жұма қарамай, олардың алдын алу үшін отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың жауапкершілігіне және қоғамдық ортаның ықпалына ерекше мән беруіміз қажет. Халқымызда «Баланың жақсы болуы – жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан және жақсы құрбыдан» деген тағылымды сөз бар. Демек, ұрпақ тәрбиесі тек отбасының міндеті емес. Оған мектеп пен тұтас қоғам да жауапты, – деді ол.

Бұдан бөлек, форумда цифрлық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Қарағанды облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Абылай Жұманов интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан қорғану жолдары туралы ақпарат берді.
– Биылғы жылдың он айында Қазақстан бойынша 17 358 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Оның 1 354-і Қарағанды облысының аумағында жасалған. Өңір тұрғындарына келтірілген материалдық шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асады. Оның 150 миллион теңгесі қайтарылды. Құқық қорғау органдары екінші деңгейлі банктермен, Ұлттық банкпен және прокуратурамен бірлесіп, жедел іс-шаралар жүргізеді. Осындай үйлесімді жұмыстың нәтижесінде алаяқтардың шоттарына түскен қаражаттың бір бөлігін бұғаттап, зардап шеккен азаматтарға қайтаруға мүмкіндік бар. Интернет-алаяқтықтың онға жуық түрі кездеседі. Соның ішінде жиі таралған тәсілдердің бірі – тауарлар мен қызметтерге алдын ала төлем жасау кезінде жасалатын алаяқтық, – деді Абылай Жұманов.

Жалпы, форум әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңінен талқылап қана қоймай, олардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлік, отбасы тәрбиесі, денсаулық, цифрлық қауіпсіздік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу секілді өзекті бағыттардың бір алаңда тоғысуы да жиынның маңызын арттырды.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
Ortalyq Qazaqstan



