Осакаров

Аудандық аурухананың айшықты істері

Қыркүйек айынан бастап Қарағанды облысының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қосылды. Кенді өлкенің тұрғындары реформаның игілігін өзгелерден бірінші болып сезіну мүмкіндігін иеленді. Пилоттық жоба бойынша аймақ халқының барлығы шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Олардың қатарында Осакаров ауданының 32 мың тұрғыны да бар. Осы орайда, аудандағы медициналық қызметтің ахуалымен танысып қайтқан едік. Сонымен…

Медициналық қызметтің қолжетімділігі артады

Осакаров аудандық орталық ауруханасының директоры Ольга Травневаның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың халыққа берері мол. Яғни, медициналық сақтандыру аясында қымбат зертханалық тексерулер, МРТ және КТ, жоспарлы стационарлық көмек, инсульт, инфаркт немесе ауыр жарақат алған соң және күрделі хирургиялық оталардан кейінгі оңалту шаралары тегін болады. Бұл медициналық қызметтік қолжетімділігін арттыруға оң ықпал етері анық.

  • МӘМС енгізілуі тегін көрсетілетін қызмет түрлерін жоққа шығармайды. Қазіргі таңда біз емделушілерге медициналық қызметтің үш пакетін ұсынып отырмыз. Олар – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, МӘМС аясында және ақылы негізде ұсынылатын қызмет түрлері. Аудан халқына медициналық сақтандыру туралы толыққанды ақпарат ұсынылды. Халық бұл жаңалықты қуана қарсы алды. Әрине, кереғар пікірлер де айтылды. Бірақ, бұл пікірлер көп жағдайда түсінбестік салдарынан туындап жатады. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көп адамның реформа туралы ойы оң бағытқа қарай өзгерді, – дейді Ольга Травнева.

Оның айтуынша, аудандық аурухана қызметкерлері 2017 жылдан бастап ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Тұрғындар арасында медицина саласындағы реформа туралы сауалнама жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылыпты. Бұл жұмыстар аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тағы бір тиімді тұсы – емделушілер белгілі бір мекемеге байланып қалмай, еліміздегі кез келген ауруханадан тегін ем қабылдай алуында. Бұл ауруханалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, медициналық қызметтің сапасын арттырары анық. Әрі емханалар мен ауруханалар үшін қосымша қаражат көзі болғалы тұр. Ал, қаражат болса, медициналық жабдықтарды жаңарту, дәрігерлердің әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселелері де оңтайлы шешілері анық.

Жас маманға қолдау көп

Аудандық ауруханада жас мамандардың көп екенін аңғардық. Аурухана директорының айтуынша, бұл – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жемісі.

  • Ауруханамызда жыл сайын 3-4 жас маман жұмысқа қабылданады. Жастар компьютердің тілін жақсы түсінеді. Сондықтан да, олар жаңа технологияларға тез бейімделе алады. Жастармен жұмыс істеудің артықшылығы да осында. Аудан әкімдігі тарапынан жас мамандарға қолдау көп. Нұр-Сұлтан, Қарағандыдағы қалаларында жоғары оқу орындарында тәлім алған азаматтар оқу бітірген соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы туған жерлеріне келіп, еңбек етуде. Оларға бір реттік көтерме ақы төленіп, баспана алу үшін жеңілдетілген пайызбен несие берілуде. Бұл – ауыл медицинасына жасалған үлкен көмек, – дейді Ольга Травнева.

Жүйелі жұмыс – жоғары сапа

Осакаровка кенті үлкен жолдың бойында тұр. Дәл іргеде «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» тасжолы және теміржол өтеді. Көлік тасқыны көп. Күн сайын жүздеген, тіпті, мыңдаған жолаушы өтеді. Кейде жолаушыларға шұғыл медициналық көмек қажет болып қалуы мүмкін. Ауруханада заманауи технологиямен жабдықталған ота залы, қан топтарының қоры және қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Жедел жәрдем қызметі науқасты жеткізген соң, бірден тиісті бөлімге хабар береді. Бұл үшін жергілікті мамандар енгізген дабыл белгілері қолданылады. Яғни, егер науқасқа ота жасалу керек болса хирургия бөлімінде, ес-түсін жоғалтып алған жағдайда жансақтау бөлімінде, жедел босандыру қажет болған жағдайда перзентхана да арнайы шамдар жанып, дабыл белгілері іске қосылады. Сонымен қатар, жедел жәрдем бөлімінің өзінде шағын ота залы мен босандыру бөлмесі жабдықталған. Бұл науқасты тасымалдауға уақыт жұмсамай, шұғыл ем-дом жасауға мүмкіндік береді.

Аурухананың ақпараттандыру жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Әлеуметтік желідегі парақшаларында, ресми сайттарында емделушілерге қажетті ақпараттар ұдайы жаңартылып отырады екен. Сонымен қатар, қағазбастылықтан құтылып, толықтай электронды жүйеге ауысқан. Тіпті, шалғайдағы ауылдарда орналасқан медициналық мекемелерге де интернет желілері тартылыпты. Осының нәтижесінде, науқас туралы мәліметті дер кезінде табуға және уақытылы көмек көрсетуге жол ашылды. Тұрғындар дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазыла алады. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, дәрігер мен науқастың уақытын тиімді жұмсауына мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, Осакаров ауданында екі аурухана – аудандық орталық аурухана және Молодежный кентіндегі ауылдық аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 30 медициналық пункт және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеуде.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button