Спорт

Үздіктер іріктелді

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңі өз мәресіне жетті. Енді турнирдің ең шешуші әрі тартысты бөлігі – плей-офф кезеңі басталды. Биыл алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтіп жатқан әлем біріншілігі жанкүйерлерге тартысқа толы кездесулермен қатар, күтпеген нәтижелер де сыйлады. Дәстүрлі фавориттер тағы да өз деңгейін көрсеткенімен, бұл жолы олардың тасасында қалып қоймай, жарқын ойынымен көпшіліктің ықыласына бөленген құрамалар да аз болған жоқ. Бірқатар команда батыл ойынымен, ұйымшылдығымен және сенсациялық нәтижелерімен әлем чемпионатының басты жаңалықтарының біріне айналды.

Сурет FIFA

Ең алдымен, Кабо-Верде құрамасын ерекше атауға болады. Африкалық команда әлем чемпионаты тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алып, турнирдің басты жаңалығына айналды. Испания мен Уругвай секілді азулы қарсыластары бар топта батыл ойын көрсеткен Кабо-Верде тәртіпті қорғанысы мен жылдам қарсы шабуылдарының арқасында жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Енді олар 1/16 финалда әлем чемпионы Аргентинамен кездеседі.

Тағы бір жағымды тосынсый – Босния және Герцеговина құрамасы. Әлем чемпионатына екінші рет қатысып отырған еуропалық ұжым топтық кезеңде сенімді ойын өрнегін көрсетіп, фавориттердің бірін кейінге ысырды. Нәтижесінде, келесі кезеңге өтті. Енді олар 1/16 финалда алаң иелерінің бірі – АҚШ құрамасымен кездеседі.

Африка футболының дамуы биылғы әлем чемпионатында айқын байқалды. Марокко 2022 жылғы жетістігінің кездейсоқ еместігін тағы бір дәлелдеп, топтан сенімді шықты. Ал, Оңтүстік Африка да плей-оффқа жолдама алып, құрлық футболының әлеуетін көрсетті. Азия құрлығының намысын қорғаған Жапония да тұрақты әрі сапалы ойынымен ерекшеленді. Тәртіпке негізделген тактикасы, жоғары жылдамдығының арқасында жапон футболшылары плей-оффқа шығып, енді әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилияға қарсы маңызды матч өткізгелі отыр.

Сонымен қатар, Канада құрамасы да өз жанкүйерлерін қуантты. Алаң иелерінің бірі ретінде топтық кезеңде ІІ орынмен келесі кезеңге жолдама алды. Тіпті, 1/16 кезеңде Оңтүстік Африка құрамасын жеңіп, 1/8 финалға шыққан алғашқы командалардың бірі болды.

Топтық кезеңде сүреңсіз ойын көрсеткен құрамалардың қатарында бірнеше фаворит те болды. Әсіресе, Уругвай жанкүйерлердің үмітін ақтай алмады. Тәжірибелі футболшыларға арқа сүйеген оңтүстік америкалық құрама өз тобында тұрақты ойын көрсете алмай, плей-офф кезеңінен тыс қалды. Сондай-ақ, Колумбия да сенім үдесінен шыға алмады. Турнир басталар алдында мамандар жоғары бағалаған команда шешуші сәттерде ұпай жоғалтып, келесі кезеңге жолдама ала алмады. Ал, Эквадор құрамасы топтық кезеңде тұрақсыз ойын өрнегін көрсетті. Қорғаныстағы қателіктер мен шабуылдағы нәтижесіздік олардың жарысты ерте аяқтауына себеп болды.

Норвегия да әлемдік деңгейдегі жұлдыздарына қарамастан, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Маңызды кездесулерде жеңісті уыстан шығарып алып, топтан шыға алмады. Сол сияқты Тунис құрамасы да үмітті ақтай алмады. Африкалық ұжым тартысты ойындар өткізгенімен, шешуші ұпайларды жинай алмай, әлем чемпионатымен ерте қоштасты.

Осылайша, биылғы әлем чемпионаты тағы бір мәрте футболда атақ пен бедел нәтиженің кепілі емес екенін көрсетті. Ал, олардың орнына Кабо-Верде, Босния және Герцеговина, Конго Демократиялық Республикасы секілді құрамалар сенсация жасап, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button