Мәселе

Ауа бассейні қайтсе тазарады?

Қысы-жазы көк түтінмен, жыл он екі ай заңсыз тасталған қоқыспен күресіп келе жатқан Қарағанды облысы бойынша экология департаменті алғашқы жартыжылдық қорытындысын шығарды. Департамент басшысы Дархан Исжанов бақылау және құқық қолдану қызметі бойынша ақпараттық-сараптамалық есеп және атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтып берді.

– Қарағанды облысы – қоршаған ортаға кері әсер ететін «Қазақмыс» корпорациясы, «Ар­­селорМиттал Теміртау» өндірістік объектілері және басқа да ірі кәсіпорындар шоғырланған өнеркәсіптік өңір. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс бойынша шығарындылар кө­лемі 243,1 мың тоннаны құрады. Оның ішінде, Қарағанды қаласында – 17,2 мың тонна, Теміртауда – 112,8 мың тонна және Балқашта – 36,1 мың тонна, – деді Дархан Исжанов.

Спикердің айтуынша, Темір­тау­­дың атмосферасын негізгі лас­тау­шы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.

– Бұл ретте «АрселорМиттал» кәсіпорны 2024 жылға қарай эмиссияларды 30%-ға, яғни, 65 мың тоннаға төмендету жөніндегі меморандумда өзіне алған міндеттемелерін орындамай отыр. 2019-2023 жылдарға 23 шара белгіленсе, оның жетеуі ғана жүзеге асқан, – дейді департамент басшысы.

Кәсіпорында экологиялық про­­блемадан басқа, өрескел заң бұ­зушылық тіркелген. Мысалы, Теміртау қаласының аумағында 800 тонна көлемінде кокс-химия өндірісінің қауіпті қалдықтарын заңсыз сақтау фактісі анықталған. Теміртау қаласының полиция басқармасымен қылмыстық істің жүргізіліп жатқанына 1 жылдан астам уақыт өтсе де, компания жауапкершіліктен толық бас тартып отыр.

Теміртаудан кейін негізгі техногендік жүктеме Қарағанды қаласына тиесілі.

Қаланың негізгі экологиялық проблемасы – пешпен жылытатын үйлерден шығатын қалдықтардың атмосфераны ластауы. Үйлердің жалпы саны 26 мыңға жетеді.

Осы мәселені шешу мақсатында әкімдік жеке секторды газдандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінде 1 348 үй газбен жабдықтау­ға қосылған. Газ тарату желілері 3 961 жеке тұрғын үйге жеткізілді.

– Аталған көрсеткіштердің төмен екенін атап өту қажет, бұл қаланың ауа бассейнінің сапасына теріс әсер етеді. Келесі мәселе – «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты жабдықтарының технологиялық тозуынан туындаған Балқаш қаласы ауасының ластануы. Мыс кенін балқыту кезінде шаң тазалау жабдықтары мен сору аспирациялық жүйелерінің тозуы салдарынан қоршаған ортаға газ бен түтін тарап, ауаны ластайды. Осыған байланысты мыс балқыту цехтарындағы қолданыстағы түтін газын ұстау және тазарту жүйелерін толығымен жаңғырту және ауыс­тыру қажет, – дегенді атап өтті спикер.

Ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту және ірі қалалардың атмосферасын жақсарту мақсатында Үкімет Қаулысымен «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жоспары бекітілді. Осыған сай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2025 жылға қарай ауаға зиянды шығарындыларды 149 мың тоннаға, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС 35 мың тоннаға, Балқаш мыс балқыту зауыты бойынша 31 мың тоннаға дейін төмендету қажет.

Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеудің негізгі проблемасы – ауылдық жердегі қатты тұр­­мыстық қалдықтардың заңдас­тырылмаған полигондарының артуы. Қарағанды облысының аумағында, қалдықтарды тастайтын 168 полигон орналасқан, оның 46-сы заңдастырылған, ал 122-сі заңдастырылмаған және рұқсат құжаттары жоқ.

Есепті кезеңде ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша, облыс аумағында 739 заңсыз қоқыс орны анықталған, оның 416-сы тазартылды.

Сонымен қатар, басты мәселелердің бірі – ластанған суды тазарту қондырғыларының қанағаттанарлықсыз жағдайы.

Облыс әкімдігінің 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара­лар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Ақтоғай ауылында, Қарағайлы кентінде, Ақсу-Аюлы ауылында және Новодолинский кентінде кәріз желілерін және та­зарту құрылыстарын салу жоспарлан­ған.

Айта кету керек, Қарағанды облысы бойынша экология департаменті «Олжас» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде, тазарту жабдығының тиісті деңгейде жұмыс істемеуі анықталды. Сондай-ақ, экология департаменті Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинатына да барып қайтты. Кәсіпорында заңсыз гидротехникалық құрылыс салынғаны белгілі болды. Сот шешімімен екі кәсіпорынның қыз­меті тоқтатылды.

– Экологиялық мәдениетті на­­си­хаттау мақсатында департа­мент түрлі акцияларды белсенді түрде өткізеді. 3 маусымда экология департаментінің қолдауымен «Таза жағалаулар» экоакциясы өтті. Оған облыстың мем­лекеттік органдары мен кә­сіпорындары қатысты. 90-ға жуық адам жұмылған акцияда 45 текше метр қоқыс жиналып, тиісті жерге шығарылды, – деді Дархан Ерғалиұлы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button