Бапкердің еңбегі бағаланды
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының атынан бірқатар спорт қайраткеріне мемлекеттік наградалар табыстаған болатын. Марапат иелерінің қатарында жерлесіміз, білікті бапкер Саржан Жақсыбеков отандық спорттың дамуына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Биыл ардагер бапкер 75 жасқа толып отыр. Осыған орай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов мерейтой иесін арнайы қабылдап, мерейлі жасымен құттықтады.

Кездесу барысында Нұркен Қанатұлы ардагердің Қарағанды спортының дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, мерейтой иесінің иығына оқалы шапан жауып, ақжарма тілегін жеткізді.
Қарағанды спортының шежіресінде Саржан Бектемісұлының есімі, ең алдымен, әйелдер күресінің қалыптасуымен байланысты. Білікті бапкердің тәлімін алған қазақстандық балуан қыздар халықаралық додаларда топ жарып, кейін Олимпиада ойындарында да ел намысын абыроймен қорғады. Алайда, Саржан Жақсыбековтің спорттағы жолы бірден бапкерліктен басталған жоқ. Ол әуелі бозкілемде белдесіп, шыңдалды. Кейін жинаған тәжірибесі мен білімін шәкірт тәрбиелеуге арнап, отандық күрес спортының дамуына өзіндік үлес қосты.
– Бас бапкер ретінде спорт саласында он жыл еңбек еттім. Талай әлем чемпионаты мен Азия ойындарына, Бейжің және Лондон Олимпиадаларына да барып қайттым. Мені әкем 15 жасымда еркін күрес секциясына жаздырған еді. Ол кезде бір залда 150-ге дейін бала жаттығатын. Қатысушылардың көптігі соншалық, бапкерлер бізді қабілетіміз бен икемімізге қарай топтарға бөліп жаттықтыратын. Қазір заман өзгерді. Кезінде балалар спортқа өздері келетін. Қазіргі заманда керісінше. Бапкерлердің өздері болашағынан үміт күттіретін таланттарды іздеп, спортқа тартуы керек. Одан қала берді өңірде спорт залдары аз. Ал, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған күрес залдарының жағдайы талапқа сай емес. Спорт инфрақұрылымы мәселесі шешілмей, бұл бағыттағы өзге түйткілдердің де түйіні тарқамайды. Соған қарамастан, талай чемпион тәрбиелеп шығардық. Балалармен де, жасөспірімдермен де жұмыс істедім, – деді Саржан Бектемісұлы.
Саржан Жақсыбековтің бапкерлік жолында есімі елге танылған, халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатқан талай спортшы бар. Олардың қатарында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Елена Шалыгина, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қола медаль иеленген Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова, Жұлдыз Әшімова және әйелдер күресінен ел намысын қорғаған өзге де балуан қыздар бар. Ардагер жаттықтырушы өз сөзінде мұндай толағай табыстардың әр жағында тек бір бапкердің емес, ортақ мақсат жолында жұмылған тұтас команданың қажырлы еңбегінің жатқанын баса айтты.
– Жақын достарымның бірі бірде маған: «Саржан, әйелдер күресін дамыту керек» деп ұсыныс айтты. Сөйтіп, жастар арасындағы ұлттық құраманың аға бапкері болып қызметке келдім. Алғашқы турнирлерден-ақ жақсы нәтижелер көрсете бастадық. Сол жылдары талай белесті бағындырып, отандық әйелдер күресінің дамуына жол аштық. Жалпы, қыздармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі бар. Оларға ер балаларға қарағанда көбірек көңіл бөліп, тиісті жағдай жасау қажет. Еңбектеріне сай жалақы төленіп, сапалы спорттық киіммен қамтамасыз етілуі, білім алуына да мүмкіндік берілуі керек. Ал жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатқан спортшылардың еңбегі лайықты бағаланып, жеңістері үшін жақсы сыйақы қарастырылуы тиіс, – деді ардагер бапкер.
Талай спортшының бағын ашып, жұлдызын жаққан Саржан Жақсыбеков биыл 75 жаста. Ғұмырын спортқа арнаған ардагер бүгінде қалалық спорт ардагерлері одағына жетекшілік етіп отыр. Зейнет жасына жетсе де, сүйікті саласынан қол үзген жоқ. Әлі күнге дейін спорттың дамуына атсалысып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып келеді. Осыдан-ақ ардагердің спортқа деген шексіз сүйіспеншілігі мен өмірлік ұстанымының қандай екенін бағамдай беріңіз!
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



