Ауған соғысы: таразы-тарих не дейді?

Тарихи сурет. Бұл – Әмудария өзені үстінде керілген атақты Достық көпірі. Несімен әйгілі дейсіз ғой? Осы күні Ауғанстан мен Өзбекстанды байланыстырып тұрған 816 метрлік бұл дәліз арқылы 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскері Ауғанстан жерінен шығарылған еді. КСРО-ның қызыл байрағын желбіретіп, «БТР-70» ауыр техникасын тізгіндеген жауынгерлер бейнесі он жылға созылған соғыстың орынды түйіні іспетті…

1945 жылы Ұлы Отан соғысы тәмамдалғалы Кеңес үкіметі халқы енді қару асынбаспыз деп түйген еді. Алайда, алапат соғыс айналып өтеді.

Әріден бастайық.

1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысы – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстан шекарасына баса-көктеп кіріп, оның ішкі саясатына қол сұғуы салдарынан тұтанған өрт. КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген «халықтық-демократиялық үкіметті» қолдап, көршілес елдің соцалистік бағытпен дамуын көздеді. Іле-шала «интернационалдық әскери жәрдем береміз» деген желеумен ішкі мәселесіне араласты. Бұл – КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді.

1965 жылы қаңтарда Ауғанстанда Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тыңшыларының араласуымен жартылай астыртын қызмет атқарған халықтық-демократиялық партия құрылып, біраздан соң ол екіге бөлінеді. Нәтижесінде, «Хальк» тобын Н.Тараки, Х.Әмин, ал «Парчам» тобын Б.Кармаль басқарды.

Уақыт өте келе 1977 жылы мамырда Мәскеудің нұсқауымен халықтық-демократиялық партияның екі тобы бірігіп, астыртын қимылдарын ұлғайта түсті. Мұхаммед Дауд үкіметі халықтық-демократиялық партияға қысым жасап, 1978 жылы 26 сәуірде басшыларын қамауға алды. Ертеңіне Кабулдағы әскери күштер көтеріліп, Дауд бала-шағасымен қазаға ұшырады. Сөйтіп, Ауғанстанда халықтық-демократиялық партия билігі орнады.

Жаңа үкімет КСРО-ның айтқанынан шықпай, бірден социализм негізін қалауға кірісті. Алайда, жаңа үкіметтің жер реформасын жүргізіп, діндарларды қудалауы, ағарту саласындағы өзгерістер мен кеңестік мамандарды көбірек пайдалануы, соған қоса, жергілікті көшпелі тайпалардың әдет-ғұрпымен, салт-мүддесімен санаспауы бұқара халықтың наразылығын тудырды. Көп күттірмей сол 1978 жылғы қазанда ірі қарулы қарсылықтар басталды.

Сол жылдың желтоқсанында Ауған үкіметі КСРО-мен достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа отырып, Мәскеуге арқа сүйеді. Алайда, халық күресі одан әрі күшейе түскені белгілі. 1978 жылдың соңына қарай 26 уәлаятта 18 көтеріліс өрті лаулады. Сондай жағдайда халықтық-демократиялық партия басшылары өзара тартысып, Кармаль тобы жеңілгеннен кейін, оны Чехословакияға елші етіп жіберді. Келесі жылғы қыркүйекте Н.Тараки Х.Әминнің қолынан қаза тауып, халықтық-демократиялық партия мен мемлекет басына Х.Әмин отырады.

Бұл жағдайды Мәскеу өз мүддесіне қауіп ретінде қабылдады. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Әминді қызметінен шеттетіп, «парчамшылдарды» билікке әкелуге әрекеттенді. Ол шешім жүзеге аспауы салдарынан 1979 жылы 12 желтоқсанда Коммунистік партияның Орталық комитетінің бас хатшысы Л.Брежнев бастап, Ю.Андропов, М. Суслов, Д.Устинов, А.Громыко қостаған Одақ басшылары Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.

Осынау он жыл аралығында Ауған халқының 614000 тұрғыны ажал құшып, әскери техникасы 362 танкіден, 804 брондалған тасымалдаушы мен жаяу әскер көлігінен, 120 ұшақ пен 169 тікұшақтан айырылды. Өз кезегінде, КСРО-ның 15031 сарбазы көз жұмып 10751-і мүгедек атанса, 417 жауынгер тұтқынға түсіп, хабар-ошарсыз кеткен. Сондай-ақ, Кеңес әскері айырылған әскери техника қатарында 147 танк, 1314 брондалған көлік («БТР», «БМП», «БМД», «БРДМ-2»), 510 инженерлік көлік, 11 369 жүк көлігі мен жанар-жағармай тасу көлігі, 433 артиллериялық жүйе, 118 ұшақ пен 333 тікұшақ бар. Оған әр жыл сайын КСРО қазынасынан жұмсалған 5 млрд. рубльді қосыңыз.

Бұл соғыста қазақстандық азаматтардың да үлесі аз болмады. Ауған соғысына қазақстандық 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапса, 21 адам хабарсыз кеткен. Соның ішінде, осы өңірден аттанған 2000 жауынгер тағы бар. 86-сы – қаза тапты.

Жеңіс пе, жеңіліс пе?

Рауан ҚАБИДОЛДИН