Ресми

Атом электр стансасы керек пе?

Былтырғы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселе бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынған еді. «Әлеуметтік-экологиялық қор» қоғамдық қорының бастамасымен облыстық экомұражайда «Атом электр станциясы керек емес!» атты жергілікті жұртшылық, зиялы қауым және бұл саладағы сарапшылармен, мүдделі қоғам өкілдері, қоршаған ортаны қорғау, энергетика, денсаулық сақтау, су ресурстары және қауіпті өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы жергілікті мамандар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік органдар өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелерімен консультативтік кездесу өтті.

Сурет: promufta.ru сайтынан

Әңгіме ауаны бірден үш тарапқа бөлінді. Бірінші топ «Атом стансасы керек емес!», екінші тарап «Болашаққа тік қара! Керек!», ал, үшінші тарап «Заманауи реактор болса, салынсын!» деген ұстанымынан бір қарыс шегінбеді. Энергияға деген сұраныстың күрт артуы және энергетика секторының қарқынды дамуы аясында атом электр станцияларын салу мәселесі жыл сайын өзекті бола түсуде. Мұндай нысандарды салу қажеттілігі белсенді талқыланатын елдердің бірі – Қазақстан. Осы мәселе бойынша жұртшылықтың ұстанымын анықтау мақсатында өткізілген консультативтік кездесу аясында жан-жақты көзқарастар қалыптасып келеді. Екі жарым сағатқа созылған келелі кеңесте «ләм-мим» деп пікір қосқан жандар қарасы көп болды. Кейінгі екі-үш жылдан бері қаузалып келе жатқан бұл мәселе кім кімді болсын алаңдатып жатқаны аян. Мәртебелі оқырман назарына барынша ұғынықты болсын деген риясыз ниетпен екшелген барынша салмақты да дәйекті пікірлер легін алға тартқанды мақұл көрдік. Қош! Сонымен. Әлқисса, Арқаның абыз ақсақалы Айтқожа Фазыл, қатепті қара нардай, алқызыл ала бөкебейімен маңдай терін аракідік сүртіп қойып бүй деді.

– Дамыған елдер күн мен жел электр стансаларын ұтымды пайдалануда. Пайдасы ұшан-теңіз. Атом стансасының құнынан 8 есе арзан. Су көзін қажет етпейді. Бастысы, қауіпсіз! Экологиялық зарары нөлге жуық. Шетел мамандарын қажетсінбейді. Зиянды қалдық қалмайды! Мәселен делік, ұлан-байтақ елімізде шамамен осындай 20 күн электр стансасы салынған болса, әлгі сіздер айтқан атом стансасының энергетикасын шұрқ етпей өндіріп береді. Ал, Қазақстанда керек десеңіз, күн энергеиясы осындай 5000 КЭС салуға әбден-ақ жетіп тұр. Сондықтан, бұл мәселеге өте сақ келген жөн. Балқаш – атамекеніміздің күретамыры. Оған «операция» жасай салуға болмас. Ойлану керек! – деді.

Ал, қоғам қайраткері Майра Әбдірахманова қоғамдық қор өкілдерінің тыңдарманына көбіне біржақты дерекпен шектелетінін тіліне тиек етті.

– Энергетика саласының кәнігі сарап­шысы Марат Есекиннің дәйекті пікірі иланарлық. BAYTAQ партиясы АЭС мәселесі айтылысымен мәселені мұқият байыптау үстінде. Әріптестеріміз Марат Пірметов пен Василий Климаков та технология ғасырында АЭС-тің қажет екеніне терең мән берді. Мысал, Фукусимада көлемді апат болды, бірақ жапон халқы АЭС-тан бас тартқан жоқ! Неге?! Бізде де энергия көзінсіз ғұмыр кешу «тезек теріп, пеш жылытатын» өткен ғасырға есік қағу екенін түйсінеміз. Мәселе – өзекті де күрделі! Зиялы қауым АЭС-қа қарсы емес, тек қауіпсіз, экологияға зиянсыз, жоғары технология қажет! Мәселен ІV буын реакторына жылы көзқарас бар. Уақыт талабы ешкімді һәм ешбір елді күттіріп қоймайды. Ал, біздің жұрт энергетикалық бодандықты қаламайды! Референдум аясында осы сауалдар қарастырылуы қажет! – деп кесімді пікір білдірді.

Иә, не дегенімізбен тағдыршешті ғасыр құрылысының басталуы не басталмауына алаң мен күдік те басым. Атом станцияларының қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға, соның ішінде ықтимал төтенше жағдайларға қатысты тәуекелдің барын қаперге салды кеңес қатысушыларының бірсыпырасы.

– Баяғыда «Хотите как в Украине?!», – деген не жауап емес, не сұрақ емес әйтеуір айта салатын «уәж» бар еді. Бұл жиында «Хотите как в девяностые?» деген лепесті естідік. Қазақстанда жыл он екі ай аңызақ жел есіп тұратын елдімекендер жетерлік. Жел электр станциясын неге салмасқа?! Күн электр станциясын неге салмасқа? «Қазақстанда алдағы он жылда су тапшылығы болуы мүмкін» деген райдағы жаңалық атаулысын әредік оқып тұрамыз. Өзен-көлі өзектен келетін мемлекет құсап неге өзеурей береміз? АЭС-тің алапат күші мен мол мүмкіндігін біз де мойындаймыз! Мәселе қауіпсіз технологияда! Оңтүстік Корея қазір «APR-1400» реакторын қолданады. Ресей, Франция, Қытай EPR1200 реакторына көшті. Кәрістердікі бір қадам болса да озыңқы технология. Солар салса, бәлкім қарсы болмас ем! – деді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Айсұлтан Жақып.

Оның сөзінше геосаясатты бағаннан ешкім өшіріп тастаған жоқ. Украинада АЭС соғыс нысанына айналып шыға келгенін әлем көрді. Қазақстанның қақ ортасына, Балқашқа стратегиялық мәні тым жоғары алып нысан сала салу саяси орашолақтық секілді. Спикер сөзін «Тақиялы періште» кинофильміндегі әйгілі «3 сом аз ақша емес, бірақ денсаулық та керек» деген тұрақты сөз тіркесімен тәмам етті.

«Бәрін айт та бірін айт, АЭС-тің де жырын айт!» дейтін мәтелге сұранып тұрған жиын соңында Қазақстан журналистер одағының өңірдегі филиалының директоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Жәнібек Садықанов басалқы сөз айтты. Балқашта атом электр станция­сының құрылысы деген тақырыптың өзі өңір тұрғындарының арасында әртүрлі сезім мен көзқарас туғызатыны бесенеден белгілі. Бір жағынан, бұл экономиканың дамуына және халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына серпін бере алуы бек мүмкін. Екінші жағынан, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы үшін алаңдаушылық бар. Пайда мен тәуекел арасындағы тепе-теңдік мемлекеттік органдар, экологтар, мамандар және жұртшылықтың мұқият талқылауын талап етеді. Барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеру және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін салмақты шешімдер қабылдау маңызды. Бұл – кезекті консультативтік жиын ғана. Түрлі форматтағы пікірталас референдумға дейін жалғасуы заңды. Келер күнде салалық министрлік өкілдерінің де сарабдан пікірін електен өткіземіз деген селкеусіз сенімін жеткізді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button