Тұлға

АСТЫҚ САРАПТАМАСЫ САЛАСЫНЫҢ САҢЛАҒЫ

Бүкіл саналы ғұмырында ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек ететін, алға қойған асқаралы мақсатына жету үшін бар күшін, ой-жігерін, қажыр-қайратын аямай, өз ісін беріле атқаратын жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – облыстық егін шаруашылығы саласының көрнекті маманы, жастайынан ауыл өмірінің қиыншылықтарына төзіп, қызу еңбектің бел ортасында жүріп, қазіргі игілікті істерімізді, ортақ байлығымызды қалыптастыруға қыруар үлесін қосқан аптал азамат, Қазақстан аграрлық сараптама акционерлік қоғамы Қарағанды филиалының директоры Оңғар Жүнісбекұлы Түсіпбеков.

Кешегі қарапайым отбасында туып, кәрәсін шамның жарығымен көзін ашқан, жастайынан жетім қалып, өмір ауыртпашылығын мойынымен көтерген Оңғарға бүгінгі дәрежеге жету оңай болған жоқ. Төрт жасында әкесі қайтыс болып, жоқшылық пен мұқтаждықты көп көрді. «Дәулетті отбасылардан шыққан балалардың мінген велосипедтері мен ұстаған автоқаламдары мен үшін орындалмас арман еді. Ауылдастарымның «қу жетім» деген кемсіту сөздері әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді», – деп ағынан жарылады Оңғар Жүнісбекұлы.

Атағы асқан байлығымен үш жүзге мәлім болған, бір тайпа елдің билігін уысынан шығармаған Тоқа Қорыспай байдың ұрпағына Кеңес дәуірінде осындай тағдыр бұйырды. Оңғардың арғы бабасы, Тәңірбергеннің «Бес берені» атанған ағайынды Қорыспай, Қопа, Мықты, Жарқын, Сапаққа 40 мың жылқы бітті деген әңгіме бар. Ал Қорыспайдың інісі Сапақтың малының көптігін орыс патшалығы заманында өмір сүрген ресей тарихшылары мен архив деректері растайды. Генерал – майор С.М. Броневскийдің жазбаларында «Айтқожа – Қарпық болысының билеушісі Тәңірбергеновтің Сапақтың 10 мың жылқысы бар, көшкен кезде 100 түйеге жүк артады», деген мәліметтер бар. Осыншама байлықты Сапақ ұлт азаттық жолында құрбан етіп, Кенесары әскерін мініс және сойыс малымен қамтамасыз етіп отырған. Мұрағаттық деректер бойынша ХІХ ғасырдың 40-шы жылдары Кене ханға ілесіп оңтүстікке көшкен Сапақтың қыруар малынан 4 жылдан кейін 4 жылқы ғана қайтқан.

Заман өзгеріп, Кеңес үкіметі билік құрған дәуірде Қорыспай ұрпағы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тоз-тоз болды. Малдары кәмпескеленіп, мүлдем кедейленіп, өмір азабын көп тартты.

Бұл жағдай Оңғардың ата-бабаларын да айналып өтпеді. Әкелері кедейшілікпен күн кешті. 1951 жылы отағасынан, азаматынан айрылып, тұрмыс жағдайы күйзелткен шешесі Зыханға ұлдары Бейбіт пен Оңғарды асырап-сақтау оңай тимеді. Күнкөріс үшін балаларын Манадыр стансасынан Өркендеу ауылына көшіріп алып келіп, ұжымшарға сауыншы болып орналасты. Ағайынды екі бала ауыр еңбекке ерте араласып, болаттай болып шыңдалып өсті. Оңғар 13 жасынан бастап мал бақты, колхоздың МТЗ-2 дөңгелекті тракторын жүргізуді үйренді. Техникаға жастайынан құмар ол шағын ғана радиаторы бар ДТ-20 тракторын және Газ-51 автокөлігін жүргізуді де шебер меңгеріп алды. 15 жастағы жеткіншек жазғы каникул кезінде «Рассвет» кеңшарының Қызылшоқы бөлімшесінде ашылған №3 бригадасында жұмыс істеп, шөп шапты.

9-шы сыныпты Оңғар Жаңаарқа ауданының орталығындағы В.Ленин атындағы мектептің интернатында жатып оқыды. Жаңаарқалық жастарға тән қасиет – спортпен шұғылданып, еркін күреспен айналысты. Жазғы үш айлық каникулда ағасына көмектесіп, мал бақты және трактор жүргізушілік, техникалық шеберлігін шыңдады. Ауылда электр жарығы болмағандықтан, дизельдік моторды жүргізу жұмысын да қоса атқарып жүрді.

1965 жылы ағасы Бейбіт міндетті әскерге алынып, жалғыз қалған шешесін асырап-бағу қажет болғандықтан, ауылға барып, қыста трактордың рөліне отырып, жазда мал бақты. Кешкі мектепке тіркеліп, оны бітіріп шықты. Ағасы әскерден келіп, үйленген соң, міндетті борышын өтеу кезегі Оңғарға келді. Түрікпен жеріндегі Қазанджик деген жерде танк жүргізушісі болды.

Әскерде күреспен айналысуын тоқтатқан жоқ және бір жылдық жоғарғы партия мектебін тәмамдап шықты.

1970 жылы әскерден келген бетте Жаңаарқа ауданының ауылдық кәсіби-техникалық училищесіндегі үш айлық К-700 тракторын меңгеру курсын бітірді. Ендігі арманы – институтқа түсіп, жоғары білім алу, партияға өтіп, үй-тұрмыс құру болатын. Бірақ алдында тағы бір өмір сынағы күтіп тұр еді.

1971 жылы жазда Целиноград ауыл шаруашылығы институтына түсіп, Торғай аймағы жақта тәжірибеден өту алдында ауылға келгенінде жеңгесі қайтыс болып, ағасы шиеттей екі жас сәбимен қалды. Ағасы мал соңында болғандықтан, Оңғар амалсыздан оқуды доғара тұрып, отбасы ошағын сөндірмей, жас балаларға бас-көз болуға ұйғарды. Жеңгесінің бейітін тұрғызған соң, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне сырттай оқуға түсіп, кейіннен оны ойдағыдай бітіріп шықты. Партия қатарына өтіп, бір жылдан соң озат еңбеккер ретінде аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланды. Кеңшарда тракторшы, жөндеуші – шебер, механик қызметтерін атқарды.

– «1973 жылы алғаш рет комбайнның штурвалына отырдым. Бір маусымда 650 га шөп – бидай шаптым. Көрсеткішім Жаңаарқа ауданы бойынша үшінші болып, сый ретінде үш аяқты мотоцикл алдым. Сол жылдары бірнеше рет жергілікті кеңестің депутаты болып сайландым…

Комбайнды жүргізу өте ұқыптылықты талап етеді. Ол уақытта кабина жоқ. Техниканың ақауларын, сылдыр еткен бөтен дыбыстарды уақытында сезу үшін көзің жақсы көріп, құлағың жақсы естуі керек. Ұйысып, қалың біткен бидайға 4 метрлік жатканы тұтас салып жіберсең, барабаны жұтып, ұнтақтап үлгермей, қақалып қалатын», – дейді Оңғар Жүнісбекұлы.

1974-1975 жылдары Оңғар Қызылшоқы бөлімшесінде бригадир қызметін атқарып, жастардың тәлімгері болды.

1975 жылы егін бітік шығып, көмекке Украинадан келген комбайншылардың тәжірибесін үйренейін деген ниетпен техникалық баптау жұмысына шықты.

1976 жылы институттың 4-ші курсын бітірісімен, Омаров Кәртай, Төкенов Сағат деген жолдастарымен бірге бригада құрып, комбайнмен бидай шапты. Күн сайын сыйақыларын алып, әрбір онкүндікте ынталандыру шараларына ілігіп отырды.

1977 жылғы егіннің қорытындысы бойынша, озат еңбеккер ретінде Оңғар Жүнісбекұлы «Жигули» автокөлігімен марапатталды. Жезқазған облысы бойынша ең үздік комбайншы атағына ие болды. Бөлімшенің механигі, агрономы қызметіне жоғарылатылды. Сол жылдары шалғай жатқан жерлерден шөп дайындап, буып тасу үшін құрылған «жабайы» бригадаларға жетекшілік етті. Бұл жұмыстарды да Оңғар абыроймен орындады.

1979 жылы сәуір айында Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі астық қабылдау пунктінің директоры, ертеректе Жаңаарқа ауаткомының төрағасы болған А.Свистунов Оңғарды жұмысқа шақырып, аға механик қызметіне қабылдады. Біршама уақыттан кейін директордың орынбасары қызметіне жоғарылатты. Сол жылы Оңғар Алматыдағы директорларды дайындайтын курсты бітіріп шықты және астық қабылдау пункті мен мұнай базасының біріктірілген бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланды.

«Жасы ұлғайған партия мүшелеріне көмек ретінде 5 келіден қарақұмық және жарты тоннадан астық қалдықтарын апарып беріп тұрушы едік…

1979 жылы Ауған соғысына байланысты әрбір астық қабылдау пунктіне ай сайын үш вагоннан бидай арттыру міндеттелді. Бір вагонға 1200 қап бидай тиеледі. Қазіргідей қаптың аузын тігетін машиналар жоқ, бұл жұмысты бір аптадай суық залдарда отырып, мекемеміздің барлық әйелдері жабылып атқаратын», – деп есіне алады Оңғар Жүнісбекұлы.

1982 жылы 25 тамызда Жезқазған облыстық «Нан өнімдері басқармасының» бастығы В.Гасс Түсіпбеков Оңғарды Шет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Абақановпен келісе отырып, Қарамұрын астық қабылдау пунктінің директоры қызметіне тағайындады. «Красная Поляна» селолық округіне қатысты бұл жердің шешімін таппаған түйінді мәселелері көп болатын. Халқының басым көпшілігі Қарлаг тарағаннан кейін барар жері болмай, атақты Жәңгір төре қоныстаған өңірде тұрақтап қалған бұрынғы сотталғандар еді. Олар лагерь кезінде қамауда болып, тегін жұмыс істеп үйренгендіктен, жаза мерзімін өтегеннен кейін, жалақысын араққа салып, жұмысқа шықпай жатып алуға бейім болатын.

В.Гасс астық қабылдау пункті жұмысшыларының бір бөлігін қысқартып, Оңғарға көлемді тапсырмалар жүктеп кетті. Монша салуды, құрылысы бітуге жақын екі пәтерлі үйді мәдениет үйіне айналдырып, кинофильмдер көрсетуді, дән кептіргішті, 60 тонналық автокөлік таразысын және 150 тонналық темір жолы таразысын салуды, төрт түрлі автоаударғыштар мен ЗАВ-100, ЗСМ-100 маркалы бидай тазалағыштарды үлкейтуді, Жезқазған облысының кеңшарларын тұқымдық дәнді дақылдармен, сүт өндіретін кеңшарларды фуражбен және құрама жеммен қамтамасыз етіп отыруды міндеттеді.

Аталған тапсырыстарды Оңғар 1994 жылға дейін толығымен орындап шықты. 1989 жылы мамандығын жетілдіру мақсатымен үш айдай Мәскеуде оқуда болды. Бұл жылдары өндірістік қуаты 16,5 мың тонна Қарамұрын астық қабылдау пункті Шет және Ақтоғай аудандары кеңшарларының жартысынан астамына қызмет етіп тұрды.

90-шы жылдардың басы барлық жерлердегідей, Қарамұрын стансасының төңірегіндегі халықтың тұрмыстық жағдайын күйзелтіп жіберді. Үкімет тарапынан жүргізілген экономикалық және қайта құру саясаты қарапайым халыққа өте ауыр тиді. Дүкендерден күнделікті тұтыну тауарлары жоғалып кетті. Кеңшарлардың таратылуына байланысты, астық қабылдау пунктіне бидайдың келуі күрт азайды. Қарамұрын стансасы үйлерінің көпшілігі астық қабылдау пунктінің (АҚП) балансында болғандықтан, қарамағындағы жұмысшылар мен станса халқының әлеуметтік жағдайын үнемі назарында ұстайтын Оңғарға тығырықтан шығу амалдарын іздестіру аса қажет болды. Оралдан роторлық диірмен алып келіп, АҚП-ны нан пісіруге бейімдеді. Нарық қыспағына қарамастан, асхананың жұмысшыларын тегін тамақтандырды. Ауылда клуб және монша тұрақты жұмыс істеп тұрды.

1992 жылы қаңтар айында Оңғар Қарамұрын Түсіпбеков астық қабылдау пунктінің жалгерлер ұйымының төрағалығына, ал бір жыл өткен соң Қарамұрындағы «Нұра-астық» акционерлік қоғамының президенті қызметіне сайланды.

1993 жылы күз айлары өте жаңбырлы болып, үш айда қабылдап алынған 32 мың тонна астықтың су болған 70 пайызын кептіруге орасан зор еңбек жұмсалды. Кептіріп үлгерілмеген астық қоймаларда қатып қалғандықтан, экскаватормен қозғап, аударып, тазалап отыруға тура келді.

Бұл жылдары астық өндіретін мекеме басшыларының алдына жекешелендіру талабы қойылды. Оңғар 1997 жылы АҚП акцияларының басым бөлігін сатып алып, шаруашылықты басқаша, тиімді тәсілдермен жүргізуді мақсат тұтты. Пенза қаласынан вальцті диірмен алғызып, макарон өндіретін желіні орнатты. Бірақ, бұл екі арада Жезқазған облысы жабылып, Шет ауданы астық қабылдау пунктіне электр жарығын беруді тоқтатты. Амалсыздан, темір жол торабы басшылығымен тіл табысып, Қарамұрын стансасының солтүстік бөлігін электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін шешті. Бір миллион теңге демеушілік көмек жасап, ауылдың маңындағы төбеге телемұнара орнаттырды. Нәтижесінде стансаның халқы екі арна телехабарларды көре бастады. Су тапшылығына байланысты Новодолинка кентіндегі бұрғылау шеберлерімен келісіп, 15-шақты үйге таза су ұңғыларын орнаттырды. Қарабас, Долинка кенттерінің төңірегіндегі шахталармен және еңбекпен түзеу мекемелерімен шаруашылық байланыс жасап, қажетті құрылғылар мен сайман, жабдықтар проблемаларын шешіп отырды. Мекеменің өз автобусымен алыс жерлерде тұратын 4-10 сынып оқушыларын мектепке тасуды ұйымдастырды. Шығыс орталық байыту фабрикасы (ЦОФ) арқылы ұнға және құрама жемге айырбастап жергілікті халықтың мұқтажын өтеу үшін жылына 4-5 вагоннан сорттық көмір алып отырды. Заман талабына сай, нан өнімдерін сатып, монша қызметін ақылы қылып, күнделікті шаруашылыққа қажетті бензинді бартер тәсілімен алып тұрды.

1999 жылы Оңғар Түсіпбеков ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Республикалық астық сараптамасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны Қарағанды облыстық басқармасының директоры қызметіне тағайындалды. Келесі жылы Қарағанды облыстық тұқым инспекциясы тарап, Оңғар басшылық еткен мекемеге қосылды. Бұл кезең тұқым инспекциясы жұмысының әбден құлазыған уақыты болатын. Жалақыдан 4-5 миллиондай қарызы бар, мамандары жетіспейтін, баспаналары тозған еді.

Жаңа құрылымның жұмыс істеу тәртібі мен тәсілдері, дәнді дақылдардың сынақ мерзімдері мен мемлекеттік стандарттары өзгерген болатын. Мекеме ұжымы көп күш жұмсап, басшылығы ұйымдастырушылық қабілет танытуының нәтижесінде, бір жыл ішінде қосылған мекеменің барлық қарыздары өтеліп, баспаналары жөнделіп, қатарға қосылуына қол жеткізілді.

2000 жылы шілде айында Оңғар Мәскеудің Қырғызстандағы сертификаттау академиясының филиалында оқып, астық және оның өңделген өнімдерінің Мемлекеттік стандарттары туралы дәріс алды. Тамыз айында Бішкекте ұйымдастырылған арнайы курсты тәмамдап, астық сарапшысының біліктілігі сертификатын иемденді.

Сол уақыттан бері Оңғар Жүнісбекұлы Түсіпбеков басқаратын «Қазақстан аграрлық сараптамасы» акционерлік қоғамының Қарағанды филиалы үнемі оң істерімен көзге түсуде. Мекеменің жалпы кірісінің көрсеткіші 9,4 млн. теңгеден 50 млн. теңгеге, немесе 5,3 есе өсті. Өндірістік көрсеткіштері бойынша филиал республиканың басқа да ірі филиалдарының қатарынан көрінуде. Бұл жылдары филиалдың тарапына экспорттық компаниялардан нан өнімдерін сертификаттаудың сапасын анықтауға байланысты бірде-бір наразылық болған жоқ. Филиал ұжымының берекелі жұмысының нәтижесінде мұқият тексерілген дәнді дақылдар мен картоп өнімдерінің сапалы тұқымдары тауар өндірушілерге жыл сайын толыққанды өнім беруде. Мәселен, 2016 жылы Қарағанды облысының егістік далаларынан 1 млн. тоннадан астам астық түсті және әрбір гектарынан 14 центнерден дәнді дақылдар өнімі алынды. Бұл көрсеткіш орташа көрсеткіштен 40 пайызға жоғары.

Филиалдың жетекшілігімен жыл сайын аудандық тұқымдық зертханаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар заманауи құрал-саймандармен және көрнекі құралдармен жабдықталуда. Зертхана қызметшілері тұрақты түрде мамандықтарын жоғарылатып, аттестациялардан өтеді. Оңғардың өзі тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өндірісінің сарапшы-аудитор сертификатының иегері.

Қарағанды облысы бойынша жыл сайын 85-90 мың тонна тұқымдық дәнді дақылдар қамбаға құйылады. Оған филиал 20 мыңға жуық сараптамалық зерттеулер жасайды. Тұқымның өскіндігі, ылғалдылығы, тазалығы, 1000 дәннің салмағы, ауруға төзімділігі, дән сіңірілетін жердің тегістігі (бұл жағдай картоп үшін аса маңызды) сияқты тексерулер жүргізеді.

– «Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да, облыстық бюджет арқылы да тұқым зерттеуге қомақты қаржы бөлінеді. Диқандар үшін бұл үлкен көмек. Мысалы, 30 тонна тұқымы бар шаруа тексерулерден өткізу үшін 15 мың теңгеден астам қаражат алады.

Филиал шаруаларға тұқымның жарамдылығы туралы 4 айға арнайы куәлік береді. Бұл шаралар жылына 3-4 рет қайталанып отырады. Зерттеулердің саны аудандардың жоспары бойынша әр ауыл округіндегі шаруалардың егін көлеміне және дайындалған тұқымының салмақ үлесіне сәйкес белгіленеді.

Биыл облыстық мәслихаттың сессиясында бюджет тарапынан біздің жұмыстарымызға 42581910 теңге қаражат бөлінді. Бұл тұқым сараптау саласына жасалған үлкен қамқорлық. Және де ауыл шаруашылық басқармасының жедел қимылдағанының арқасында іс-шараларымыз уақытылы жүргізіліп отыр. Алдағы уақытта алға қойған міндеттерімізді мінсіз орындауға толық мүмкіндігіміз бар», – дейді Оңғар Жүнісбекұлы.

Жасы жетпісті алқымдаса да, шашы толық ағармаған, қимылы ширақ, үнемі ізденісте жүретін тәжірибелі маман, іскер ұйымдастырушы О.Түсіпбековтің қысқаша еңбек жолы осылай.

Әрине, филиалдың жетістіктері жалғыз О.Түсіпбековтің еңбегі ғана емес екендігі түсінікті. Бұл ретте Оңғар өзінің еңбекқор орынбасарларының есімдерін ерекше ілтипатпен атайды. Технология бөлімінің сынақ зертханасына Раушан Серікқызы Рысмағанбетова жетекшілік етеді. Жұмысын жете білетін тәжірибелі қызмекер. Бас тұқым сарапшысы Н.М.Перминова да облыс көлемінде жоғары бағаланатын маман.

«Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар», – деп атап өтті Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің жуырда ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде. Елбасының осы бір көшелі сөзі бізге Оңғар сияқты азаматтарға арналғандай әсер қалдырады.

Бүгіндері Оңғар берекелі жанұяның отағасы. Зайыбы Шәкенова Айтбаланың мамандығы бухгалтер, Ағадыр аудандық тұтынушылар одағының және ПМК- 1106 мекемелерінің бас есепшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта құрметті демалыста. Оңғар екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Үш немересі, үш жиендері бар. Балаларының үлкені Әсем бухгалтер – экономист. Тілеулес пен Айзаттың және келіндері Әйгерімнің мамандықтары заңгер. Айзаттың жолдасы Сержан ішкі істер бөлімінің қызметкері. Бәрінің де бойында адамгершілік, еңбекқорлық, қарапайымдылық қасиеттері бар.

Мағыналы да өнегелі өмірінде тек ізгілікті ісімен көрініп, азамат аты шыққан, өзінің алдындағы жақсы-жайсаңдармен жанасып, солардың сонарлы ізін жалғастырған тұлғаларды «пірге қол тапсырған» деп жатады. Сондай тектілердің тұяғы, жақсылардың жалғасы – қай қырынан алып қарасаң да құрметке лайық Оңғар Жүнісбекұлына көп жылғы тұрлаулы еңбегінің жемісін шашқан мәуелі бәйтеректей ортамызда жасай беріңіз, ел-жұртыңыздың ортасында беделіңіз әрдайым асқар таудай биік бола берсін деп тілек етеміз.

Ібірахым ІСЛӘМҰЛЫ,

өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button