АСТАНА атауы қалай пайда болды?

 «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы — 1992 жылы туған еді. Бірақ, мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені, Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді.

1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал, әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығында орналасқан»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

       nazarbaev-01

   Ел жүрегі – Астананың көркем келбеті әлемнің аузында. Бір кездері шағын ғана қалашық Ақмола, қазір көз ілеспес қарқынмен даму үстіндегі Астана –  әлемдік бренд. Төрткүл дүние бас қосып, кеңесіп, келісімге келетін әлемнің әйдік бір орталығына айналды. 20 жылда Есілдің бойына еңселі Ақорда тігіп, Есілдің бойы ен жайлауға жағалай ел қондырған Президенттің көрегендігін дүйім жұрт мойындады. Әлбетте, көш оңай болған емес. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру бір шамаданды ұстап, буынып-түйініп кете салу емес-тін. «Қалай болар екен?!» деп қабақ қақпай көз салған достың да, дұшпанның да көмейіне Астананың бүгінгі ақиқаты қорғасын құйды. Тарихи сәтте қандай сынақтар болғанын Елбасы биыл наурызда  отандық БАҚ өкілдерімен кездескенде еске алған еді. Елбасының сол естелігін Астананың туған күнінде және бір жарияласақ еш айыбы жоқ. Ел Президенті сол күндерді былай деп еске алады…

 

«Астана – қазір әлемдік бренд. Мұнда сириялық, халықаралық кездесулер өтеді.  «Астана» деп мен атадым. «Қалай  атасақ?» деген сауал туды. Сол кезде түрлі пікірлер болды –  Қазақстан, немесе Есіл, Сарыарқа деп атауды ұсынған.

Адамның түнде, ұйқысы төрт бөлінгенде және қазақ қырда салт атпен жалғыз келе жатқанда жақсы ойланатынын білесіздер. Маған әдетте жақсы ойлар түнде келеді. Төсегімнің тұсында үнемі диктофон, қойындәптер тұрады. Бірден ойыма келгенді жазып қоямын ұмытып қалмас үшін. «Астана»  деп атау туралы ой да түнде келді басыма. Әрине, тавтология бар. Астана, қазақша, астана және сонымен бірге, атау. Десек те, қазір сіңісті болып кетті. Қазақша да, орысша да, ағылшынша да жақсы жазылады. Қысқа атау. Ешқандай сұрақ туындамайды»

Президент астананы көшіруге қатысты көштің қалай басталғанын айтып өткен-ді.

«1994 жылы Парламентте астана қандай болуы керектігіне қатысты әлемдік 52 параметрлерді ескере отырып, астананы көшіру мәселесін көтердім. Астана  барынша орталықта болуы тиіс, көлік, коммуникация, су ресурстары, өнеркәсіп кешені, көлік жолы барлығын ескеру керек-ті. Сол 52 параметр бойынша Астана дәп келді.

Өзімнің жастық шағымның 20 жылы Қарағанды мен Теміртауда өткенін ескере отырып, менің ойымда бірден Қарағанды болғаны рас. Бірақ, Қарағанды қаласының тең жартысында көмір өндірілген.  Газ шығып жатады, террикондар, шахталар тұр.

Оған қоса, өзен қаланың ортасына ағып жатса деп ойладым. Барлық әлемде солай. Көліктік коммуникация да ойлантты. Ақмола сондай қиылыста тұрды. Кейбір ғимараттар да лайық танылды. Парламент әзер дегенде дауыс берді. «Жарайды, дауыс берейік. Бүгін оның туған күні ғой. Бұл 40 жылдан кейін іске асады. Ол кезде біз жоқ боламыз» десіп дауыс берді. 1997 жылы, 3 жылдан соң бәрі  тыңға аттанғандай пойызбен Ақмолаға бет алды. Не істеу керек? Үкіметті қайда орналастыру керек?

Ең алдымен, Ақмола облысының табысты бизнесмендерін жинап алдым. «Астананың сіздерге көшкеніне қуануларыңыз керек. Сіздердің коттедждеріңіз барын білемін. Маған Алматыдан баратын бастықтарға 10 коттедж керек» дедім. Содан соң ауыл шаруашылығының ғылыми зерттеу институтын алып, жөндеп, Парламентті орналастырдық, зал жасадық. Аудандық партия ғимараты үлкен, ерекше.

Ақмоланы Хрущев тың өлкесінің орталығы ретінде белгілеп, тіпті, астананы Целиноградқа көшіріп, Хрущевград атағысы келген. Соған орай аудандық партияға үлкен ғимарат салдыртқан. Өлкеге маңайдағы облыстар бағынды. Сол ғимарат Үкіметке сай келді. Соңғы жағынан Президент кеңсесін салдық. Ал, Целинный темір жол ғимаратына ауыл шаруашылығы, көлік министрлігі кірді.

Бірінші жыл, екінші жыл. Сенбі болса, бәрі ұшақпен Алматыға ағылады. 8 наурыз келді. Сонда 8 наурызда кім кетіп қалса, одан соң мұнда қайтып оралмаңдар» деп кесіп айттым» дейді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Президент. Ал, бүгінде Астана әлемдік деңгейдегі шаһар. Дүние жүзі назарын өзіне аудартқан арман қала».

 

2017 жылдың 17 наурызындағы 

республикалық

 БАҚ өкілдерімен кездесуден алынды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.