Астана — Алаш абыройы

Еліміздің бас қаласының айтулы мерекесін тойлау қарсаңында Қарағанды облысында да әртүрлі мәденикөпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай шараның бірі – С.Сәпиев атындағы бокс орталығындағы облыстың барлық аудан және қала өкілдері қатысқан «Астана – елімнің жүрегі, елдіктің тірегі» форумы.

Елбасының серіктестері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, Астананың құрылысына алғаш үлестерін қосқан ардагер құрылысшылар қатысқан салтанатты шараны аймақ басшысы Ерлан Қошанов құттықтау сөзімен ашты.

Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:

 – Еліміздің толайым табыстарын түгендегенде ойымызға ару Астана оралады. Азаттықтың алғашқы жылдарында Елбасымыз «Тәуелсіз еліміздің өз Астанасы болуы керек» деп, Сарырқаның сайын даласына бас шаһардың қадасын қақты. Содан бері 20 жыл өтті. Осы мерзім ішінде Астана ел айбынына айналды. Әлем жұртшылығы «Қазақстан десе – Астана, Астана десе – Назарбаев» дейтін болды. Астана – Елбасының ерен еңбегі мен дара қолтаңбасының көрінісі. Қарағандылықтар да Астананың мерейтойына өзінің сый-тартуын жасады. «Ұлытау аллеясы» мен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін таныстырдық. Бұл – Елбасы еңбегіне деген елінің құрметі.

Астана – ең алдымен Елбасының төл туындысы. Оған жүрегінің мейірімін, жанының жылуын сыйлады. «Астана – менің қуанышым, мақтанышым»,– дейді Елбасы. Астана – арманы ақиқатқа айналған қазақ елінің абыройы.

Форумның арнайы қонағы – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко бүгінгі таңда Астананың бейбітшілік пен келісім қаласы атанып, тәуелсіз Қазақстанның символына айналғанын айтты.

– Қарағанды облысының әкімі мен барлық қарағандылықтарға Астананың 20 жылдық мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғысымды білдіремін. Бұл – жай ғана сыйлық емес, бұл – біздің ортақ тарихымыздың символы. «Ұлытау аллеясы» мен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі осы 20 жыл ішінде барлық қазақстандықтар өз қолдарымен тұрғызған бас қаламыздың тарихи келбетін қалыптастырады. Астананың көптеген нысандарында қарағандылық инженерлердің, құрылысшылардың қолтаңбалары бар. Сол үшін сіздерге ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді Леонид Прокопенко.

Елбасымен бірге еңбек ету бақыты бұйырған Қуаныш Омашев елімізді Астанасыз елестету мүмкін емес дейді. Оның салынуы, өмірге келуі – Елбасының жігерінің, көрегендігінің, табандылығының нәтижесі. «1992 жылы астананы Ақмолаға көшіру туралы пікірін айтып, бәрімізбен ақылдасқанда қарсы болғаным үшін қарағандылықтардан кешірім сұраймын. Қазір Астана – айбынымыз, мақтанышымыз, бәріміздің ортақ үйіміз. Елді көркейтіп, бірлікке шақырған әсем қаламыздың тойы құтты болсын!» – деген тілегін жеткізді Елбасының серіктесі.

Салтанатты шара облыстың әр түпкірінен жиналған ару Астананың құрдастарының ілтипатымен жалғасып, этномәдени бірлестіктердің өкілдері Астанаға арналған әндерін шырқады. Сондай-ақ, мерекеге арнайы келген әлемге танымал қазақстандық опера әншісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин қарағандылықтарды өзінің әсем дауысымен тәнті етті. Ал, облысымыздың қалалары мен аудандарынан келген 50 домбырашы Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындады.

Форум барысында «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары – Халық қаһарманы, Отан орденінің кавалері, полковник Қайрат Үмбетов, Жаңа Майқұдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Дәурен Алтаев, NOMAD MMA аралас жекпе-жегі ұлттық тәсілінің негізін қалаушы Сергей Ан қарағандылықтарды мерекемен құттықтап, Астанаға деген тілектерін жеткізді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

 «Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.