Жаңалықтар

Қасиет

Алыстан келсең
Аңқылдап,
Алдыңнан шығып тұратын.
Саудырап тұрған алтынға
Сатпайтын әсте мұратын;

Ақ дастарқанын Асылы,
Айқара жайып тастайтын.
Тумысы таза қалпымен,
Тұнық бір ойға бастайтын.

Көңілге алаң ісіңді,
Айтқызбай өзі тындырып.
Жаныңа жайсыз түсіңді,
Жақсыға жорып, күлдіріп.

Селдіреп қалған бүгінде,
Қазақи салттың көзі боп.
Сары қымыз саба түбінде,
Қормалды қордың өзі боп.

Кішілік жолын қатты ұстап,
Алдыңнан кесіп өтпейтін.
Шындықты қорғар шақ туса,
Шегініп әсте кетпейтін.

Әңгіме тынбай бір түнмен,
Алдыңнан шықса нөпір көп.
Жатырқап қалған жұртыңмен,
Жалғайтын алтын көпір боп.

Қара сөз – қару-жарағы –
Жүргенде жазып жұрт өлең.
Бөкеновше емес,
Қаламын
Бөкеев құсап сілтеген.

Ашылса – тойдың көркемі,
Сапырса – ойдың зерені.
Ақтоғай деген өлкенің,
Ақтаңгер озық өрені.

Кеуілің білсін күндесең,
Мен де бір сондай болам деп.
Осының бәрі кім десең –
Жүністің ұлы Оралбек.

Абзал БӨКЕН,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button