Қарағанды

Асқақ рухымыз

Тәуелсіздік – қастерлі ұғым, басты құндылық. Тәуелсіздік алу барша қазақтың арманы еді. Көзімізбен көрген әр ісімізді мақтан етіп, дәріптеп, толғанбай жеткізу мүмкін емес. Тәуелсіздік  жарияланғаннан кейінгі алғашқы сағаттарды еске түсіремін. Қатты қуаныштан адам теңселіп кетеді екен. Арманымызға жеттік, енді қалай болады деп, толғаныста, ұзақ ойда, үнсіздікте де болған едік. Жүрекжарды тілектерді бір-бірімізге тіліміз жеткенше жеткіздік. Әр адам бақыттан басы айналып, ерекше сезімде болып, риясыз қуанды. Көзіміз бен құлағымыз бір жағынан теледидар мен радиода болды.

Тәуелсіздікті естігенде шет елдегі қандастарымыз қуаныштан жылап, армандары – кіндік қандары тамған жерге бет бұру еді.

Алғашқы жылдар үлкен қиыншылықтар әкелді. Жұрт жұмыссыз қалды. Сан салалы сауал көп болса да, ешқайсысы қиыншылыққа мойымады. Әр адам патриоттық сезіммен, шабытпен бірін -бірі қолдап, қамқорлық, мейірім көрсетті. Басшылық, Ұлы Отан соғысы мен Тыл ардагерлері, зиялы қауым, еңбек адамдары бас болып: «Жоққа мойымайық, әзірге барды қанағат етейік, жақсылықты бағалай білейік. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың арманы» деп ұрандадық.

Тәуелсіздік алу қаншалықты қиын болса, оны дамыту, ұстап тұру, көздің қарашығындай сақтау – әр қазақтың міндеті, арманы деп біліп, алдағы істер туралы жиналыс та, басқосу да жиі өтті.

Ауылдың жағдайы ауылдан шыққан барша қазаққа белгілі. Осынша қиындықтар көп болса да қуана күліп, ән айтып, барымызды бағалаушы едік. Бірін-бірі тыңдау, сыйлау, көмектесу, қамқорлық жасау сол кездегі адамдарға ортақ қасиет еді. Уақытпен де есептеспейтінбіз.

Ел Тәуелсіздігін қорғау үшін аянбай еңбектену кезеңі басталды. Халқымыз «төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» қағидасын ұстанып, Тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін еңбектенді.

Тәуелсіздік мерекесі шетелдерде, туысқан, бауырлас елдерде, әлемде ерекше орын алған оқиға болып, алты Алаш тойлап келеді.

Совет дәуірінде қаладағы жас балалар қазақ десең, мен «қазақ емеспін» деп жылайтын. Қалалықтардың көбі қазақша сөйлемей, «ойқастап жүретін». Отбасы, көрші-қолаңмен орыс тілінде сөйлесетін. Қазақ балалары көшеде домбыра алып жүре алмайтын, өйткені, мазақтап күлетін. Бұл жағдайлар жүрекке мұң, қорқыныш әкелді.

Тәуелсіздік арқылы қазіргі ұрпақ  дүниежүзін таңғалдыруда. «Мен қазақпын!» деп!

Тәуелсіздік – әр қазақты өзін-өзі танытатын дәрежеге жеткізді.

Манат ӘБЕНОВА,

ардагер ұстаз.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button