Жаңалықтар

Қарымды қаламгер

Гүлнар Маратқызы – Қарағанды облысына танымал журналист, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты, облыстық «Тіл жанашыры» конкурсының жеңімпазы.

Гүлнар Маратқызы шығармашылық отбасында дүниеге келген. Әкесі Ысқақов Марат Абдошұлы – республикаға танымал журналист, драмматург, бірнеше аудандық газеттердің редакторы, ҚазМУ-де ұстаздық етіп, көптеген қаламгерлер тәрбиелеген. Анасы Меруерт апай саналы ғұмырының бәрінде редакцияда корректор болып қызмет жасаған екен. Ысқақовтар отбасында үнемі ақын-жазушылар, өнер адамдары жиі бас қосып, жырларын оқып, ән салатын. Солардың ішінде Хамит Ерғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Зейнолла Қабдолов, Жұмекен Нажмиденов болатын.

– Әкей көпшіл адам еді, маңайына ылғи жақсы мен жайсаңдарды жинап жүретін, көптеген драмалар жазды. Соның ең танымалы – Хамит Ерғалиевпен бірігіп жазған «Құрманғазы» драмасы, – деп еске алады Гүлнар. Ол драма республиканың көптеген театрларында қойылып жүр. Алғашқы болып өзінің туған жері Атырауда қойылды. Атырау қаласында және Алматы облысының Есік қаласында Марат Ысқақов атында көше бар.

Міне, осындай ортада тәрбие алған Гүлнар орта мектепті бітірісімен арманын арқалап Алматыға келді. Сөйтіп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.

1985 жылы өмір жолы оны Қарағандыға әкелді. Алғашқыда «Иртышканалстрой» басқармасында «Голубая трасса» көптиражды басылымында редактор болып қызмет жасады. Қаланың қызына мұндай үлкен құрылысқа шығып, ондағы жағдайдың жай жапсарын білу үшін әртүрлі қиындықтарды жеңуге тура келді. Әрине, ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу, әңгімеге тарту арқылы оның ішкі жан сырына үңілу деп білген Гүлнар мінезінің қайсарлығының арқасында өз мақсатына жете алды, тікұшақпен тиісті жерлерге барып, қажетті деректерді жинап, басылымның дер кезінде толыққанды шығуын қамтамасыз етті.

Одан соң Гүлнар Қарағанды облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз орталығында еңбек етті. Бұл жылдар кеншілер арасындағы ереуілдермен тұспа-тұс келді. Кеншілер стачкомдары құрылып, олар үкіметке өз талаптарын қойды. Гүлнар күндіз-түні олардың қатарында болып көптеген кеншілер жетекшілерімен кездесіп, олардың талап арыздарын тыңдап, көпшілікке болып жатқан оқиғаларды шынайы жеткізіп отырды.

Ал, 1994 жылдан бері Гүлнар облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде, 2000 жылдан редактордың орынбасары қызметінде. Бұл қызметте Гүлнардың ұйымдастырушылық қабілеті ерекше танылды.

  • Гүлнар Маратқызы өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін басшы және ол кісі шын жанашыр, әрқашанда кәсіби маман ретінде көмегін аямайды, – дейді әріптестері. Ол облыс тарихы, бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелер туралы ордалы ой, кемел әңгіме қозғап, қазақ халқының тарихы, мәдениеті жайлы қордаланған мәселелер мен оларды шешу жолдары жайлы өткір пікірлер білдіріп, газетте «Қазақ тілін оқимыз» айдарын ашты.

Гүлнар Маратқызы үнемі шығармашылық ізденісте. Швецияда өткен «Демократия және журналистика» атты семинарда Қазақстан атынан қатысса, АҚШтың «Стар трибьюн» газетінде тағылымдамадан өтті. 2002 жылы экологиялық журналистика бойынша Орталық Азия фестивалінде І орын алса, «ОБСЕ» орталығы жариялаған гендерлік теңдік конкурсының жеңімпазы атанды. Ұлттық «Ажар» сыйлығының номинанты атанды, «Қазақстанның 100 үздік әйел образы» кітабына есімі енген.

– Менің жетістіктерімнің негізі – менің өмір жолымда кездескен ұстаздарым мен аға буын өкілдерінің ақыл кеңесі, – дейді Гүлнар Маратқызы. Оның ішінде, мектептегі алғашқы ұстазым Татьяна Петровна Ширяева. Студенттік кездегі педагогтар Дмитрий Дмитровский, Тамара Мадзигон, Марат Барманқұлов, Северин Матвиенко, Юрий Крикунов… Қарағандыдағы алғашқы тәлімгерім Жеңіс Рыспеков. Одан соң тағдыр мені Александра Мадиярова, Любовь Краскова, Рымбала Омарбекова сияқты танымал тұлғалармен табыстырды, журналистер Сұлтан Кемелбаев, журналистика мэтрі Екатерина Кузнецова маған ерекше қамқорлық жасады. Қазіргі басшымыз Владимир Иванович Рыжков – өз ісінің майталманы, онымен жұмыс істеу бір ғанибет.

Бүгінде жасынан армандаған сүйікті ісіне қол жеткізген, шеберлігі шыңдалған, қаламы қарымды журналист Гүлнар Маратқызы шығармашылық ізденіс үстінде, алдына қойған мақсат межелері жетерлік.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button