Жаңалықтар

Ардақты сөз

Біздің орталық қаламгерлерінің ішінде журналистік шеберліктің ұтымды әдістерін терең меңгерген журналистің бірі де, бірегейі – Оралбек Жүнісұлы ағамыз дер едім. Уинстон Черчилль: «Журналистика – ешқашан ұйықтамайтын және халықтың бостандығын қорғайтын күзетші» деп айтып кеткен екен. Оралбекше тұжырымдасақ – дөп сөз осы. Қай жазбасын ашып қарасаңыз да6 бірден иіріміне тартып, аяғына дейін оқып шыққанша дегбіріңіз қалмайды. Оқиға желісін өлеңмен өрнектеп, оқырманын тіптен қызықтыра түседі. Оқиға ішінде кейіпкермен бірге жүргендей күй кешесіз, тынысыңыз кеңіп, жүйкеңіздің шаршағаны бірден басылып, жаныңызды ерекше бір рақат сезімге бөлейді.

Жазушысың босқа өтпеген бір күні,
Азаматсың бұл аймаққа белгілі.
Қадірлісің ағайынға-туысқа,
Сыйлы жарсың, үйде әкесің үлгілі.
М.Бөлекова.

Біздің орталық қаламгерлерінің ішінде журналистік шеберліктің ұтымды әдістерін терең меңгерген журналистің бірі де, бірегейі – Оралбек Жүнісұлы ағамыз дер едім. Уинстон Черчилль: «Журналистика – ешқашан ұйықтамайтын және халықтың бостандығын қорғайтын күзетші» деп айтып кеткен екен. Оралбекше тұжырымдасақ – дөп сөз осы. Қай жазбасын ашып қарасаңыз да, бірден иіріміне тартып, аяғына дейін оқып шыққанша дегбіріңіз қалмайды. Оқиға желісін өлеңмен өрнектеп, оқырманын тіптен қызықтыра түседі. Оқиға ішінде кейіпкермен бірге жүргендей күй кешесіз, тынысыңыз кеңіп, жүйкеңіздің шаршағаны бірден басылып, жаныңызды ерекше бір рақат сезімге бөлейді. Бейнебір бастаудан ағып жатқан мөлдір бұлақ сияқты, шөліркегендей мейіріңді қандырып, қайта-қайта дамылсыз ішкің келе береді. Жазбаның соңғы нүктесі қойылғанда, шөліңіз қанбағандай әсерде келесі жазбасын күтесіз.

Оқырманын магнитше тартатын журналист халықтың көкейіндегі түйткілдерді тап басып, дұрыс ақпаратын қара сөзге шыншылдығымен айналдыра білгенде ғана қадір-қасиетке ие болмақ. Сөзді суша сапыра бергеннің бәрі журналист емес. Журналистика қо­ғам үшін жұмыс істегендіктен, шы­найылыққа толы маңызды ақ­параттар легі ғана дұрыс бағасын алмақ. Журналистің шеберлігі кө­рінетіні де осы тұс.

Оралбек Жүнісұлының тағы бір ерекшелігі – қазақы қалпынан ай­нымай, әр жазбасына, тіпті, жаз­ған әр сөйлеміне үлкен жауап­кершілікпен қарайтындығында. Сондықтан да оқырманын жоғалтпаған, өз соқпағынан айнымаған, ел қадірлісіне айналған, жазу-сызудың қаймағын қалқыған қаламгерлер қатарында. Не жазса да сөздің шырайын кіргізе отырып мәнерімен жазады, жауапкершілік жүгін жүрегімен сезе отырып жазады. Кейіпкерлері – жасампаздықтың алдыңғы шебінде бейбіт күнде ерлік жасап жүрген еңбек адамдары.

Бүгінгі күні қалам тартып отыр­ған кейіпкерім Оралбек аға 70 деген жетелі жастың бұйдасына ие болып отыр. Осы жылдар ішінде артында қалған ұмытылмайтындай өрнекті, өнегелі істері, жұлдыздай жарқырап, оқырманына тартқан сүбелі шығармаларының айшықты іздері менмұндалап тұр. Қолына қалам алып, алғашқы мақаласын жазғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өткен екен. Газетке алғаш шыққан мақаласы әлі күнгідей есінде. Өзімен қатарлас мектеп оқушылары түгілі жоғарғы кластағылардың да қызығушылықпен, қызғанышпен қарағанын ұмытқан жоқ.

Жұмыс арасында жүріп шығар­машылықпен айналысты. «Сағынатын күн туар», «Бұғылы мен Тағылының текті ұлы», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», «Шаңқай түс», «Алма ағашы гүлдегенде», «Алтын аймақтың адамдары», «Жұлдыздар із тастап ағады», «Ел мен жер» және тағы да басқа кітаптарын оқырманы жылы қабылдады. Өйткені осы кітаптарының кейіпкерлері өмірден алынған, туып-өскен, еңбек еткен жерлеріндегі сан салалы мамандық иелері болатын. Олардың қажырлы еңбектері көркем тілмен суреттеліп, халықтың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан жандар еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шығармашылық жұмысын тоқтатпады, елдің рухани мәдениетін өркендету бағытында сүбелі еңбек етті.

Жалпы, еңбек еткен жылдардағы қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атанды. Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын алған журналистің бірі. Республика көлемінде сирек берілетін «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері болды. Жұмыс барысында жас ұрпақты тәрбиелеуде үздік көрсеткішке жеткен ұстаздар еңбегін үнемі басты назарда ұстады. Жаңашыл бағыттағы мұғалімдердің жақсы істерін үнемі насихаттап, баспасөз бетінде көпке үлгі етіп көрсете білді. Бұл жұмысы назардан тыс қалмады, кеудесіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тақты. 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Одан бері де талай жылдың жүзі өтті. Жақсылығыңды көруге сараң қоғам құны кеткен орденнің бірін беруге қимаған екен. Иә, сұрағандар алып жатты. Емініп сұрау дағдысында жоқ-тын, атам заманнан солай, мүмкін қанға сіңген тектілік.

Оралбек ағаның бүгінгі ұнататын сөзі – айналайын. Көбіне жасы кішілерге айтады, реті келсе жасы үлкендерге де арналып жатады. Көп ести қоймайтын әлеуеті күшті құдіретті сөз. Естіген адамның төбесі көкке екі елі жетпей қалады. Жүрегінен төгілген мейірімі осы бір ауыз сөзге сыйып тұр. Әлемдегі теңдесі жоқ ең жылы сөз. Өзінше айтсақ – дөп дегенде дөп сөз.

Аңғар СМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button