Жаңалықтар

Қаралы жиын өтті

Қаршадайынан Қазақстан туын әлемдік додада сан мәрте биікке көтерген Денис ТЕННЕН қапыда айырылып қалдық. Жасындай жарқырап, небәрі жиырма бес жаста өмірден озған спортшының қазасы кімге де болса оңай соқпағаны анық.

Денис Тен – әлемдік деңгейдегі спортшы. Мәнерлеп сырғанаудан халықаралық байқауларда топ жарып, өзінің шын дарын иесі екенін таныта білді. Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ұлты басқа болса да, Отаны – Қазақстан. Тілшілерге берген сұхбатында «Мен Қазақстанды сүйемін. Өзімді қазақ баласы санаймын. Қазақстанды ешбір елге айырбастамас едім» деген болатын. Арманы асқақ еді, жете алмады. Тал түсте, Алматының орталық көшесінде ұрылардың қолынан қаза тапты…

Чемпионның өліміне барша Қазақ елі, әлемдік деңгейдегі спортшылар аһ ұрды. Қолдан келер қайран бар ма, бірақ…

Қарағанды жұрты да спортшының қазасына орай қаралы жиын өткізді. Н.Әбдіров атындағы Спорт сарайы алаңында Денис Тенді еске алу акциясы ұйымдастырылды. Оған Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Дмитрий Карпов, белгілі спортшылар Максим Раков, Серік Елеуов және басқа да азаматтар қатысты.

Спорт сарайының алдына Денис Теннің портреті ілінді. Жұрт оған гүл шоқтарын қойып, чемпионның жарқын сәттерін еске алды. Артынша ақ және қара шар ұшырылды. Қара шар – қайғының, ақ шар – жарқын сәттер естелігінің белгісі.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button