Қара қылды қақ жарған
Қаздауысты Қазыбек би елге белгілі болған кезде екі әйел бір балаға таласып, дауласып, алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің біреуі: – Мынау баламды есін білмейтін жас күнінде жоғалттым. Соны мына әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, – дейді.
Екінші әйел тұрып:
– Бала өзімдікі, өзім таптым, мынау босқа жармасып тұр.
Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін: – Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан, мынадай билік еткім келеді, – дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны жоғары көтеріп: «екеуіңе қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?», – дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
– Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал, баланы таныған әйел:
– Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:
– Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірлігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, – деп билік айтады.