Қарағанды қаласында 2112 көпқабатты тұрғын үйге жылу берілген. Одан бөлек, 38 балабақша, 72 мектеп, 25 денсаулық сақтау нысаны мен 36 әлеуметтік-мәдени нысан да жылумен қамтылған. Жылу жүйесіне қосудың қазіргі жағдайы туралы қала әкімі Мейрам Кожухов айтып берді.
– Тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарға әлі де жылу жүйесі берілуде. Жылу жүйесі бойынша ешқандай мәселе жоқ. Алайда, әлеуметтік желіде, тіпті, телефон арқылы жылудың жетпегендігі жөнінде шағымданып хабарласып жатқандар бар. Осы жерде айта кетсем, біздің тараптан тиісті барлық жұмыстар жүргізілді. Барлық жерге жылу берілді. Ендігі сұрақты КСК мамандарына қою қажет. Демек, ол тараптан ешқандай өтініш келіп түспеген. Егер, өтініш түссе, жылу берілуі керек-тін. Көп үйде жылыту маусымына дайындығы туралы анықтама жоқ. Енді біз қалған өтініштерді күтіп отырмыз, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, қала әкімі Ә.Ермеков көшесіндегі жылу желісіне қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. Магистральдық желі толтырылып, жақын арада пайдалануға беріледі. С.Мұқанов көшесі мен 14 шағынауданда ақаулардың барын атап айтты.
– Анжерская және Бобруйская көшесіне жылу беріле бастады. Ал, «Астана» шағынауданындағы №106/1 үйдің тұрғындары жылудың жоқтығын айтып шағымдануда. Бірақ, жылу желісі толып тұр. Бұл үйдің дайындық актісі болмағандықтан, жылу берілмеген. Тұрғындар «Құбырлар жабылмай, жөндеу жұмыстары аяқталмады» деп әлеуметтік желіге жариялаған. Бұл – шындыққа жанаспайды. Негізінде, жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Десе де, «абаттандыру жұмыстарын толығымен аяқтай алмады» деген сөзіне келісемін. Мен үшін, яғни, әкім ретіндегі басты мәселе – қала тұрғындарын толығымен жылумен қамту. Ал, абаттандыру жұмыстары одан кейінгі мәселе. Қазір Мұқанов көшесі, 14 шағынаудандағы мәселемен айналысудамыз. Бұл ауданның жылу желісіне қосу дайындығы туралы анықтама жоқ. Тіпті, өтінімдері де жоқ. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Мейрам Кожухов.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz