Қарағандыдағы тең ойын
Жексенбі күні «Шахтер» Қарағандыда алматылық «Қайратты» қабылдады. Тартысты өткен матч тең нәтижемен тәмамдалды.
«Қайрат» Еуропа лигасындағы кезекті матчқа дайындалуда. 9 тамызда чехтың «Сигма» клубымен кездеседі. Сондықтан, осы ойында бапкер Карлос Алос кейбір мықтыларын алаңға шығармады. Бұл, әрине, «Шахтер» үшін тиімді еді.
Қарағаныдылықтар қорғанысқа баса көңіл бөлгенімен шабуылды да ұмытқан жоқ. Нәтижесі сол, екінші таймда «шахтерлік» Эгон Вух мергендігімен көзге түсті. 1:0.
Жағдайдың қиындай түскенін көрген Алос осыдан кейін алаңға Аршавин мен Эсеолуды шығаруға мәжбүр болды. Ал, Аршавин болса үстеме уақытта (90+3) пенальти теуіп, таразы басын теңестірді. 1:1.
Қазір 19 ұпайы бар «Шахтер» – «Ертіс» (Кереку), «Атыраумен» бірге турнир кестесінің соңғы сатысында. Ал, «Қайрат» 48 ұпаймен екінші орында. 54 ұпайды меншіктеген «Астана» көш басында. Үздік үштікті «Тобыл» (Қостанай, 35 ұпай) түйіндеуде.
«Шахтердің» келесі қарсыласы – «Ордабасы» (Шымкент). 12 тамызда оңтүстіктің жігіттері Қарағандыға келеді.
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»