АймақҚарқаралы

Қарағандыдағы Қарағанды әулеті

Аймағымызда мейманасы тасып, берекесі ұйысқан дәл осындай әулет бар. Қарқаралы ауданы, сонау Темірші ауылында зейнет жасына дейін аттан түспей, қой баққан Қарағанды ақсақалдың үрім-бұтағы бүгінде тамырын тереңге жайған.

Сурет жеке отбасының мұрағатынан

Қарағанды қаласы 1934 жылы құрылған болса, Қарағанды ақсақал дүние дидарын 1938 жылы ашқан. Былайша айт­қанда, замандас. Қарағанды деп ат телудің әуелгі себебі, шаңыраққа бала тұрақтамағандықтан, жердің атауын ырымдаған. Екінші себебі, жаңадан құрылып жатқан қаланың сол кездегі қарқыны қалың қазаққа жаңалық еді. Сөйтіп, Қарағанды ақсақал абыройлы ғұмыр кешеді. Құдайға шүкір, атадан жалғыз қалған одан қазір бір қауым ел тараған.

Байырғы «Еңбек» совхозының мыңғыр­ған қойын қоңды етіп баққан, бағымындағы әр аналыққа егізден төл ерткен озат шопандардың бірі. Сондықтан болар, бертінге дейін атынан түспеді, еңбегімен елге үлгі бола білді.

Атадан жалғыз қалған ақсақалдан он бала өмірге келеді. Өзінің жалғыздығы жанына батқан болар, балаларының бір-біріне сүйеу, тіреу болғанын аңсады әке жүрегі. Ақсақалдың ойлағаны оңынан келді: қазір сол он баладан 31 немере, 48 шөбере бар. Мұндай әулет дәулет емей немене?!

«Өкінішке орай, әкеміздің атын кім қойғанын біле алмадық. Әкеміз сондай мейірбан еді. Еңбекқор еді. Анамыз екеуі балаларына бар өнегесін берді. Содан жаман болмадық. Өстік, өндік. Былтыр әкеміздің қайтқанына жиырма жыл толып, елге барып, құран оқытып келдік. Анамыз 2000 жылдары өтті өмірден. Екеуінің сыйластығы ерекше еді. Қазір он баладан екі қыз, үш ұл қалдық. Тағдыр ғой. Бес бауырымызды жер қойнына табыстау оңайға түспеді. Құдайға шүкір, соңында ұрпағы қалды. Қазір бірлігіміз жарасқан бір үйдің балаларындаймыз. Соның бәрі Қарағанды әкемнің бізге өсиет еткен ақылының арқасы», – дейді ақсақалдың ұлы Жанайдар.

Қарағанды ақсақал ауылына ғана емес, Қарқаралы өңіріне қадірлі ақсақал еді. «Шырқаған әні өзіне жарасымды, әзіл әңгімелері, қағытпа қалжыңдарымен ортасының думаны, сәні еді», дейді көзін көргендер. Балалары бас қосқанда «Әкеміздің әні» дегенді шырқайды екен.

Жиендерінің көңілін баққан көрінеді. Шаңырағына қонақ келсе, бір малын сойып тастап, жөні келсе, астына атын мінгізіп жіберетін даланың дархан қазағының өзі болыпты.

«Мен сол кісілердің бауырында өстім, баласындай болдым. Есімде қалғаны Мәрзия әжемді керемет қадірлеп, еркелетіп отыратын еді. Әжем екеуі қосылып ән шырқайтын. Тамашалаған ел тамсанатын, қол соғатын. Балалары, немерелері – шетінен өнерлі. Түрлі аспапта ойнайды. Өнерде жүргеніміз сол негізімізден ғой», – дейді Мәди немересі.

Қарағанды ақсақалдың тегін алған немерелері мынадай қызыққа жиі тап болады екен. Мәселен, дәрігер тегін сұрап, оған Қарағанды деп жауап қайырса, «Сіздің қай жақтан екеніңізді емес, тегіңізді сұрап жатырмын», дейді екен.

«Мұндай қызықпен жиі тап келеміз. Тегіміздің Қарағанды қаласымен аттас екеніне көздері жеткен соң, өздері таңданып қалады. Шынымен, кездейсоқ есім ғой. Осындай ерекше тегіміз бар, әкеміздің тектілігі және бар, бәріменен мақтанамыз», – дейді немересі.

Мұндайменен ұлы Жанайдар да жиі кезігеді. Әкесінің атына қызыққандарға, «Әкеміз шахтер болған. Қаланың атауын менің әкемнің құрметіне қойған», деп қағытады екен.

Міне, Қарағанды ақсақалдың ұрпағы Қарағандыны көркейтуге көпшілікпен бірге үлесін қосуда. Балалары, немере-шөберелі түрлі салада еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, ішкі істер органдарында, спорт саласында, мәдениет саласында, өндіріс орындарында. Тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалған Қарағанды әулеті де қаламен қатар өркендеп келе жатыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button